Ұлттық спорт фестивалі: Үздік көкпаршылар анықталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат- Ақтөбе қаласында 18 қыркүйекте басталған көкпар додасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық спорт фестивалі: Үздік көкпаршылар анықталды

Фестивальге қатысқан еліміздің 12 көкпар командасы арасынан үздік шыққан төрт команда таңертеңнен бастап жүлделі орындарды сарапқа салды. Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысы командалары арасындағы бәсеке 3:2 есебімен аяқталып, ақтөбелік көкпаршылар қола жүлдеге қол жеткізді.

Ал, финалдық ойында ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрдәулет Момыновтың шәкірттері фестивальдегі көкпар бәсекесінің бас жүлдесін қанжығаға байлады. «Әулие-ата» (Жамбыл облысы) мен «Құлагер» (Түркістан облысы) арасындағы ақтық ойын 3:1 есебімен аяқталды.

Еске сала өтелік, «Әулие-ата» командасы «Құлагер» командасынан биылдыққа екінші рет басым түсті.

1 орын – Жамбыл облысының «Әулие-ата» көкпар командасы

2 орын – Түркістан облысының «Құлагер» көкпар командасы

3 орын – Ақтөбе облысының көкпар командасы.