ҰЛТТЫҚ СПОРТ: Көкпардан Оңтүстік Қазақстан облысының командасы Қазақстан чемпионы атанды

Соңғы күні жүлделі орындарды көкпаршылар сарапқа салған болатын. «Ақтық сында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облысының командалары кездесті. Аса тартысты өткен додада бір ұпай айырмашылығымен оңтүстікқазақстандықтар жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионы атанды. Қорытынды есеп 4:3 Ал үшінші орын үшін Алматы облысы мен Жамбыл облысының жігіттері кездесті. Бір ұпай айырмашылығымен Алматы облысының командасы үшінші орынды жеңіп алды. Мұнда да қорытынды есеп 4:3. Жалпы, биылғы чемпионаттың деңгейі өте жоғары болды. Ойындар қызықты, әрі әділ өтті. Көкпарға келетін болсақ, жігіттердің дайындық деңгейі бірдей болды деуге болады. Бұл жерде ойын тағдыры көп жағдайда аттың бабына қарай шешіліп кетті. Яғни, әрі мықты әрі үйретілген аттары бар команда жоғары нәтижелерге қол жеткізді» - деді өз сөзінде Алматы қаласы бойынша ат спортының бапкері Сәрсенбай Құлбаев.
Көкпар сайысы бойынша бірінші орын алған командаға 600 000 теңге, екінші орын алған командаға 400 000 теңге, ал үшінші орынды иеленген командаға 300 000 теңге табыс етілді. Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының Қарасай ауданындағы «Қазанат» атшабар алаңында өткен чемпионатта 9 команда ұлттық спорттың үш түрінен: теңге ілу, аударыспақ және көкпардан жүлделі орындар үшін бақ сынаған болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай, теңге ілуден Ақтөбе облысының командасы чемпион атанды. Аударыспақтан да 4 салмақ категориясы бойынша чемпиондар анықталды. Теңге ілу және аударыспақ бойынша бірінші орын алғандарға 30 000 теңге, екінші орын алғандарға 25 000 теңге және 20 000 теңге үшінші орынды иеленген жігіттерге берілді.