Ұлттық стиль және жайлы демалыс - Almaty Resort шипажайы өз қонақтарын қалай қарсы алады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Президент Іс Басқармасының Медициналық орталығына қарасты «Almaty Resort» шипажайының ашылғанына 55 жылдан астам уақыт өтті. Осы кезеңнен бері ол қазақстандықтар арасында танымал демалыс орындарының біріне айналды. Заманауи көпфункционалды санаторий-курорттық кешен экологиялық таза, тыныш әрі жаздың аптап ыстығында сая болатын ағаштармен қоршалған аумақта қолайлы орналасқан. Мұнда әр келушіні жылы қарсы алып, жоғары деңгейде қызмет көрсетіледі. Қонақтарға еуропалық стандарттар бойынша дайындалған жайлы бөлмелер, тамаша емдеу базасы, түрлі мәзірлер, спорт залдары және тағы да басқа қызметтер ұсынылады. Бұл жерде адамдардың көпшілігі табиғатты тамашалауға, таза ауамен тыныстауға және бастысы - бұл аумақта жаяу серуендеу үшін келеді. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі шипажайға барып, ондағы ерекшеліктерді біліп көрді.

«Almaty Resort» шипажайы – «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» акционерлік қоғамының филиалы. Ол әлемдік стандартқа сай, ең озық заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Курорт Алматыдан үш шақырым жерде, Іле Алатауының етегінде, теңіз деңгейінен 1 052 метр биіктікте орналасқан. Оның жалпы ауданы 21 гектар. Санаторийдің басты ерекшеліктерінің бірі - оның минералды суы. Ол 3 000 метр тереңдіктен алынады. Одан шыққан судың температурасы - 42 градус. Кейін ол арнайы қоймада сақталады және ванна бөлмелеріне 36 градус жылы температурамен беріледі.

Жеке ұңғымадан алынатын минералды су

Минералды судың құрамында йод, фтор, бром, марганец, кремний қышқылы сияқты маңызды микроэлементтер бар. Су ас қорыту жүйесінің, асқазан-ішек жолдарының және басқа да органдардың дерттерін емдеуде таптырмас шипа. Сонымен қатар, ол түрлі процедураларға, яғни минералды ванна, гинекологиялық, ішек және ауыз қуысының аурулары мен ингаляция үшін қолданылады. Минералды суды пайдаланудан басқа, мұнда балшықпен емдеу процедуралары бар.

«Біздің қонақтар дәрігердің нұсқауына сай, дерттің деңгейіне байланысты балшықпен емделеді. Ол Алматы облысындағы Тұзкөл көлінен жеткізіледі», - деді директордың емдеу-оңалту жұмысы жөніндегі орынбасары Салтанат Бейсембаева.

Медициналық блок

Санаторийдің медициналық блогы үш қабатты ғимаратта орналасқан. Мұнда жоғары білікті дәрігерлер қонақтарға түрлі қызметтерді ұсынады. Әр пациенттің жеке талаптары мен медициналық көрсеткіштерін толық ескере отырып, тиімді оңалту және емдеу-сауықтыру бағдарламалары тағайындалады. Демалушылар косметология және эстетикалық медицина орталығының қызметтерін пайдалана алады. Бұған қоса, галокамерада (тұзды үңгір) болып, SPA орталығында күйзелістен арылу терапияларын ала алады.

Ғимараттың бірінші қабатында ресепшн орналасқан. Мұнда сағат 10:30-дан 12:30-ға дейін барлық демалушыларға фитошай және оттегі коктейлі ұсынылады. Фитошай мен шөп шай әртүрлі шөптерден жинақталып әзірленеді. Оның құрамында гүл және құрғақ жапырақтар, жеміс, өсімдік тұқымдары болады.

«Бізде фитошай дәрігердің нұсқауы бойынша жүрек-қантамырлары, тыныс алу органдары дертімен ауыратындарға қолданылады. Ол оңалту, медициналық-қалпына келтіру сияқты емдеу кешеніне кіреді», - деді ол.

Санаторийдің медициналық блогы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мәселен, мұнда ағзадағы әртүрлі патологиялардың даму қаупін анықтау үшін «Медсканер БИОРС» аппараты қолданылады. Бұл құрылғыдағы Velness (денсаулық) бағдарламалық кешенінің көмегімен 10 түрлі диагностикадан өтуге болады. Санаторий дәрігерлері пациенттің диагнозына сәйкес, емдеу жоспарын әзірлейді. Бұл жерде кардиологтар, терапевттер, невропатологтар, эндокринолог, диетолог, физиотерапевт, уролог, офтальмолог, стоматолог сияқты медицина мамандары жұмыс істейді.

«Функционалдық диагностикаға келетін болсақ, бізде барлық органдардың, буындардың, жұмсақ тіндердің ультрадыбыстық зерттеуі, Холтер бойынша ЭКГ-нің тәуліктік мониторингі, кардиограмма, спирография жүргізіледі. Сондай-ақ, біздің зертхана барлық заманауи стандарттарға сай келеді. Біз серологиялық, биохимиялық, иммуноферменттік талдаулар (ИФА), check-up (чек ап) жасаймыз. Яғни, біздің кешеннен бүкіл зерттеулер мен кеңестерді алуға толық мүмкіндік бар», - деді Салтанат Бейсембаева.

«Almaty Resort» шипажайындағы физиотерапияны ерекше атап өтуге тұрарлық. Физиотерапия процедурасы көптеген ауруларды емдеу үшін қолданылатынын көпшілік жақсы біледі. Санаторийдегі физиотерапия кешенді емдеу, ағзаны қалпына келтіруді жеделдету, көптеген дерттің алдын алу, көңіл-күйді жақсарту мақсатында кеңінен қолданылады. Мысалы, СМТ терапиясы (синусоидалы модуляцияланған ток), массаждың әр түрі: құрғақ гидромассаж, Каракалла ванналары, спа-капсуласы, механотерапия (осы терапияның арқасында бұлшықет, буын ауруларын емделеді, сонымен қатар науқастың физикалық жай-күйі жақсарады) және жалпы массаж.

Физиотерапиямен қатар, келушілер арасында терренкур - емдік серуендер де үлкен сұранысқа ие. Терренкур - бұл жаттығу терапиясының бір тәсілі. Ол адамды төзімділікке үйретеді, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының жұмысын жақсартады, метаболизм процесін, жүйке жүйелерінің жұмысын қалыпқа келтіреді, сондай-ақ аяқ-қол бұлшықеттерін жаттықтырады. Санаторий аумағында емдік серуеннің үш түрі бар. Олардың ұзындығы 500-ден 3 000 метрге дейін. Мәселен, серуен бағыттары тартымды табиғат ландшафттар арқылы өтеді. Сондықтан табиғатпен байланыс адамның жүйкесі мен оның психикалық халіне пайдалы әсер етеді.

Санаторийдің медициналық блогы күн сайын демалыссыз сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда 96 адам еңбек етеді, оның 29-ы дәрігер, 49-ы орта медициналық персонал болса, 18-і кіші медициналық персонал.

Фото: Almaty Resort баспасөз қызметі

Мейрамхана

Заманауи кешенді емдеу дәрі-дәрмектермен қатар, тиісінше дұрыс тамақтануды да қамтуы тиіс. Арнайы әзірленген диеталық тағамдар ағзаны тезірек қалпына келтіруге көмектеседі. Қант диабеті және семіздік сияқты кейбір ауруларда диета ұстану емнің негізгі әдісі саналады. Сондықтан санаторийдің диетологы әр демалушыға денсаулық жағдайына байланысты арнайы мәзір тағайындайды.

«Almaty Resort» шипажайында жалпы саны 340 орынға арналған үш мейрамхана бар. Мұнда a la carte кең мәзірі ұсынылады (бұл - кешенді мәзірден бөлек, мейрамханадағы мәзірден жеке тағамдарға тапсырыс беру). Қонақтар ұлттық тағамдармен қатар, шетелдік тамақтардың да дәмін тата алады. Ас мәзіріне тек аспаз ғана емес, шипажай директоры Гүлжанат Бұғыбаева да жауапты. Бұл басшылық қызметке ол өткен жылдың соңында тағайындалды. Бұған дейін Гүлжанат Бұғыбаева парламенттік және президенттік асханаларды басқарды.

«Біздің мәзір толық өзгерді. Біз ұлттық тағамдар күнін енгіздік. Жұма күндері таңғы астан бастап, бізде ұлттық тағамдар дайындалады: ет, кеспе, қуырдақ, бауырсақ, сондай-ақ дәмді десерттер, мысалы, майсөк және басқалары. Сонымен қатар, сәрсенбіде біз өзбек және итальян асханасының тағамдарын әзірлейміз. Жалпы, бізде күн сайын мәзір өзгереді және олар бір-біріне ұқсамайды, қайталанбайды. Мұның бәрі біздің келушілеріміз үшін», - деді Гүлжанат Бұғыбаева.

Мейрамханалардың жұмыс кестесі мынадай: күн сайын сағат 09:00-ден 10:00-ге дейін - таңғы ас, 11:00-де - қымыз терапиясы, 13:00-ден 14:00-ге дейін - түскі ас, 16:00-де жеңіл тағамдар, 18:30-дан 19:30-ға дейін - кешкі ас. Бірнеше сағаттан кейін қонақтарға айран ұсынылады. Мейрамханаларда жалпы саны 70 адам жұмыс істесе, соның 25-і аспаз. Олар ауысыммен қызмет етеді.

«Мен мұнда 2017 жылдың наурыз айынан бері жұмыс істеп келемін. Жалпы қонақүйлер мен мейрамханалардағы еңбек жолым осыдан 10 жыл бұрын басталған. Мамандығым - бухгалтер. Дегенмен мен тамақ әзірлегенді ұнататынмын. Мен өз хоббиімді кәсіби түрде жүзеге асыру керек деп шештім. Көп тәжірибе жасадым, жаңа дағдыларды үйрендім, соңында аспаз болдым. Иә, жұмыс оңай емес, бірақ егер адам өзінің сүйікті ісімен айналысса, онда ешқандай қиындық болмайды. Маған ұлттық және шығыс тағамдары көбірек ұнайды. Бірақ біз санаторийде түрлі тағамдар әзірлейміз, тапсырыстар қабылдаймыз. Барлық тамақ әзірлеу технологиясы қатаң сақталады», - деп мәлім етті мейрамхананың бас аспазшысы Алмас Осипов.

Сондай-ақ, мейрамханалардың бірінің залы киіз үй түрінде жасалып, ұлттық нақыштағы элементтермен безендірілгенін атап өткен маңызды. Бұған қоса, мұнда музыкалық аспаптар да қойылған. Яғни, ниет білдірген кез-келген мейрамхана қонағы домбыра шерте алады.

Қонақтар

Санаторийге егде жастағы адамдармен қатар, жастар да көп келеді. Мұнда демалу және емделу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен қазақстандықтар, сондай-ақ, шетелдік азаматтар да келеді. Кешенді емдеу 10 күн жүргізіледі, бір адамға шаққандағы құны күніне 34 мың теңгеден басталады. Бұл сомаға стандарт санатындағы екі орынға арналған бөлме, күніне бес рет тамақтану, кешенді емдеу, бассейн кіреді.

«Қазір біз медициналық туризмді дамыту бойынша қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде бізге Ресей, Қытай азаматтары келіп жатыр», - деді Гүлжанат Бұғыбаева.

Ол демалушылардың көбі көктем мен жаз мезгілдерінде келетінін атап өтті. Санаторийде балалар мен үлкендердің бос уақытын тиімді өткізуі үшін жағдай жасалған. Ем-шаралардан бос уақытта қонақтар спорт залына, косметологиялық кабинетке, кітапханаға бара алады. Мұнымен қатар, бильярд, караоке, кинотеатр бар. Ал, кешке талантты әншілер қонақтарға классикалық музыка концертін ұсынады.

«Маған бұл жер ерекше ұнайды. Біз жыл сайын жұбайымызбен бірге емделуге және демалуға келеміз. Шипажай аумағы тыныш, қызметкерлер өте сыпайы, өз саласының мамандары. Бұл өте маңызды. Ас үйге келетін болсақ, тағамдар өте дәмді дайындалады. Сондай-ақ, қымыз терапиясы бар. Ол өте пайдалы», - дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер, режиссер Балтабай Сейтмамытұлы.

Сенсорлық бөлме

Шипажай басшылығы қазір Kazakh Nomad Resort тұжырымдамасын қарқынды енгізіп жатыр. Оның басты мақсаты - қазақ халқының бай мәдениетінің элементтерін, оның дәстүрлерін сервиске, тамақ мәзіріне, залдар мен бөлмелерді безендіруге енгізу. Мысалы, санаторийде жаңа жылдан бастап ұлттық стильде безендірілген сенсорлық бөлме (релаксация бөлмесі) ашылды. Бұл адамның қабылдау, сезіну жүйелерін дамытуға арналған құрылғылармен жабдықталған арнайы бөлме. Мұнда жасалған жағдай психикалық және моральдық тыныштықта отырып, адамның өз-өзімен және басқалармен үйлесімдікте болуына, жүйке жүйесін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

«Сенсорлық бөлме релаксация үшін арнайы жасалған. Бұл біздің емдеу бағдарламамызға кіреді. Демалушылар мұнда келгенде балалық шағына саяхат жасағандай болады. Бөлме демалуға, тыныштықта жатуға және өз мәселелерін ұмытуға арналған. Адамдар мұнда көп уақыт өткізгісі келеді, бірақ сеанс уақыты 15-30 минут», - деп түсіндіреді санаторий басшысы.

Айта кету керек, сенсорлық бөлмеде сәкілер орнатылған, сәндік өсімдіктер қойылған. Ал фонда әйгілі күйлер мен адамның жүйке жүйесіне пайдалы әсер ететін музыкалар ойнап тұрады. Бұл демалушылар үшін ұмытылмас табиғи атмосфераға енуге мүмкіндік береді.

«Жалпы біздің санаторий өте бірегей. Оның жұмыс істеп келе жатқанына 55 жыл болды. Оны Дінмұхамед Қонаев құрған. Қазір мұнда барлығы 325 адам қызмет етеді. Біз әрбір пациенттің жеке талаптары мен медициналық көрсеткіштерін толық ескеріп, тиімді оңалту және емдеу-сауықтыру бағдарламаларын ұсынамыз. Өйткені, емдеу процесіндегі қамқорлық пен жеке көзқарас - біздің медициналық және санаторий-курорттық қызметтеріміздің басты артықшылығы», - деп атап өтті Гүлжанат Бұғыбаева.

Шипажайда мәдени іс-шараларға, яғни Наурыз мерекесі, көрме, акциялар өткізуге ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, мұнда фильмдер мен телехикаялар жиі түсіріледі.


Соңғы жаңалықтар