Ұлттық тағамымыз ет асуды, табақ тартуды білеміз бе?

АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақ сыйлы қонағына ет асады. Алайда, қой етін мүшелеп, жіліктеп, қай табаққа нені салу керек екенен кейде жаңылып жататыны жасырын емес. «ҚазАқпарат» таңғы ақпараттар легінде ұлттық тағамымыз туралы танымдық мәліметті оқырман назарына ұсынады.
None
None

Қазақша ет асқанда ең алдымен жіліктеп бұзылған етті адам санына қарай мөлшерлейді. Тойға немесе қонақ асыға көбінесе қой сойылады.

Қой еті жіліктенгенде 13 мүшеге бөлінеді. Олар жамбас - 2, ортан жілік - 2, асықты жілік - 2, беломыртқа - 1, сүбе - 2 (сүбемен бірге бүйректен жоғарғы 5 қабырға кетеді), қабырға -2, төс - 1, омыртқа -1, жауырын -2, тоқпан жілік - 2, кәрі жілік - 2, бұғана - 1, мойын. Осылай асуға дайындалған етті жуып-шайып тазалап, қазанға салады да, ет батып тұратындай етіп суық су құяды.

Содан кейін, қазанды қатты жанған отқа қойып, сарқылдатып қайнатады, бетіне шыққан қанды көбігін алып тастап, шамалап тұз, 1 бас пияз салып отты басады да, 1-1,5 сағат ет әбден піскенше шымырлатып қайнатады.

Ет әбден піскен соң табаққа сорпасынан бөлек қотарып алып, тартылған табақтың санына қарай мөлшерлеп тұздық әзірлейді.

Ол үшін сорпаға қара бұрыш, дөңгелектеп тұралған пияз салып, ыдыстың бетін жауып бұқтырып қояды. Ет туралып болған соң тұздықты еттің үстіне құяды. Әдетте кәделі жіліктермен бірге сыйлы қонақтарға малдың басын, (қой), ірі қараның шекесін, қазы, қарта, жал-жаяны табаққа бірге салып береді.Сонымен бірге қамыр, бітеу пісірілген картоп қосуға да болады.

Бас

Басты үйітіп, жылы суға жуып, мұқият тазартады. Сонымен бірге, жағын айырып, тазалап жуады. Жылқының басын бөліп асады, ал сиырдың басын көз қуысына таяу кеңсірігінен бір шауып, маңдайынан қақ жарып, үшке бөліп асады. Сондықтан, әр шекесі бір бастың орнына жүреді. Сыйлы қонаққа жылқының шекесін тартпайды, ол тек етпен бірге беріледі.

Қазақ халқында мейманға тартылатын табақтың түрі көп. Дегенмен, негізгі түрлерін біле жүрген дұрыс. Олар: бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табағы, келін табағы, жастар табағы, жай табақ.

Бас табақ

Жасы үлкен қарттарға, аса сыйлы қонақтарға тартылады. Оған салынатын кәделі мүшелер: бас, жамбас, ортан жілік, белдеме, сүбе қабырға, қойдың ұлтабары, жылқы етінен қазы-қарта, жал-жая.

Қос табақ

Құда-құдағиларға тартылатын арнайы табақ. Оның кәделі мүшелері бас табақпен пара-пар. Оның қос табақ деп аталатын себебі, құда-құдағиға көпшілікпен бірге ұсынылған қонақасының үстіне қосымша тартылатындығы. Қос табақтың кәделі мүшесі - тоқпан жілік.

Сый табақ

Құда-жегжаттық қатынасы болмаса да, ерекше сый құрметке ие адамдарға арнайы тартылатын табақ.

Жастар табағы

Оның ең кәделі мүшелері - асықты жілік пен төс. Асықты жілік әдетте күйеудің жолдасына немесе қыздың жеңгесіне ұсынылады. Күйеуге әлбетте төс тартылады.

Жай табақ

Ортан жілік, жауырын, тоқпан жілік пен қабырға омыртқа салынады.

Ескерте кетейік, аталған табақ тарту түрлері қазақ елінің кең байтақ даласының әр түкпірінде әр жолмен, әр қосымшасымен тартылуы мүмкін. Тіпті, ет турау әдісі де әр өңірде әр түрлі болып келеді. Ақпарат Интернеттен алынды.

Соңғы жаңалықтар