Ұлттық тарихымыз қоғамды біріктіреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның ұлттық тарихы қашанда біздің қоғамды біріктіру, көрші елдермен достық және өзара түсіністік қағидаттарына негізделетін болуы тиіс. Біздің тарихшыларымыз осы бағытта жұмыс істесе, ғылыми-зерттеулер, сондай-ақ, мектептеріміз бен ЖОО-лардағы білім беру үдерістері де осы бағытта жүргізілуі тиіс»,- деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
None
None

Елбасы біздің Ресеймен ұзақ тарихи жолымыз барын, ендігі біздің ортақ тарихымыз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграция үшін берік негіз қалыптастырып жатқанына тоқталды. - Мен осыдан 20 жыл бұрын ілгерілеткен осы идеяны заңдық ресімдеу аяқталды. Ол 2015 жылдың 1 қаңтарынан, ЕАЭО қызметі басталуымен шындыққа айналады. Қазір онда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения бас біріктіріп отыр. Жаңа экономикалық одақ басқа елдер үшін де ашық,- деді Н. Назарбаев.

Ал Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарттың күшіне енуі екі елдің арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенімді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтаған беларусь көшбасшысы осылай мәлімдеді. «Егемендік жылдарында Қазақстан өзінің мемлекеттілігін бекемдеуде, әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Халықаралық қауымдастық мұны мойындады. Беларусь пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар екі елдің достығы, сыйластығы, сенімі және өзара тиімді ынтымақтастығы негізінде одан әрі нығая түсетініне сенімдімін»,- делінген мәтіні ел президентінің сайтында жарияланған А. Лукашенконың құттықтауында.

Сонымен қатар, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев та Елбасын, барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу жолында табыс тіледі. Құттықтау жеделхатында қырғыз елінің басшысы көршілес мемлекет Қазақстанның жетістіктері мен табыстарына әрқашан тілеуқор екенін айтыпты. - Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достық, одақтастық және стратегиялық әріптестік қатынастар біздің бауырлас халықтардың игілігі үшін ұдайы дамып, тереңдеп отыратынына сенімдімін,- делінген КирТАГ-та жарияланған хабарламада.

Ресей Федерациясының Статс-хатшысы - Сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, еліміздің дамуына жоғары баға берді. Оның айтуынша, 2014 жылы қазақстандық-ресейлік екіжақты байланыстар аса жемісті болды. «Өткен жылдар ішінде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды табыстарға қол жеткізді. Аймақтағы және әлемдегі беделін арттырды. Оның сыртқы саяси бағыты халықаралық қауымдастық алдында үлкен құрметке ие болуда. Ресейлік-қазақстандық қатынастар стратегиялық серіктестік және одақтастық бағытымен дамып келеді. Екіжақты қатынастарымыз - өзара түсінушілік, тараптар мүддесін өзара құрметтеу, ықпалдастықтың барлық бағыттары бойынша тығыз ынтымақтастық, саяси сұхбаттың жоғары қарқындылығы және нәтижелі болуымен ерекшеленуде»,- деді Г. Карасин Мәскеудегі «Лотте» қонақ үйінде өткен салтанатты қабылдауда сөйлеген сөзінде.

Ресейдегі Қазақстан елшілігі ұйымдастырған ресми қабылдауға қатысқан Мемлекеттік Дума және Федерация кеңесі депутаттары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, жергілікті БАҚ басшылары, әйгілі ресейлік өнер жұлдыздары барша қазақстандықтарды мемлекеттік мерекемен құтықтап, жылы лебіздерін білдірді. Кеңес Одағының халық әртісі Армен Джигарханян Қазақстанды шын сүйетінін, біздің Елбасымыздың әрбір ісіне, бастамасына аса құрметпен қарайтынын жеткізді. «Мен Қазақстанда жұмыс бабымен және кино түсірумен бірнеше рет болдым. Сіздердің елдеріңізді шын сүйемін! Құдай қолдап, екі елдің арасындағы ұлы достық ешқашан бұзылмасын, біз үшін бұл ең маңыздысы» деді ол. Ресейлік сықақшы, әнші және тележүргізуші Владимир Винокур да Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанына қуанышты екендігін атап айтты. «Мен үшін Қазақстан ерекше жақын ел. 1970-ші жылдардан бастап сіздердің республикаларыңызға гастрольмен жиі барып тұрамын. Азғантай уақытта қазіргі заманға сай жаңа елордасы - Астана қаласының бой көтергеніне және елдеріңіздің қарқынды дамып келе жатқанына шынайы қуаныштымын. Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тілеймін!»,- деді ол салтанатты қабылдауда.

Әмірлан Әлімжан.

Соңғы жаңалықтар