Ұлттық ұлан әскерлері аттестаттаудан өтуде (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған тапсырмасы аясында 2016 жылғы 1 наурыз бен 1 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында келісім шарт негізінде қызмет ететін әскери қызметшілер аттестациядан өту үстінде. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.
Негізгі мақсат - құқықтық тәртіп әскері әскери қызметшілерінің қызметін, олардың кәсіби және қызметтік қабілеттерін жан-жақты әрі әділ бағалау, сондай-ақ кадрларды іріктеп, дұрыс тағайындау.
Наурыздың 29 мен 31 аралығында Ұлттық ұланның жоғары басшылық құрамы аттестация тапсырды. Бас қолбасшы орынбасарлары, өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары мен олардың орынбасарлары, Әскери институт бастығы Қазақстан Республикасы заңнамасынан білімдерін көрсетіп, кәсіби жарамдылыққа қатысты психофизиологиялық тестілеуден өтті, дене шынықтыру және ату дайындығы бойынша нормативтер тапсырды.
Бүгін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың төрағалығымен орталық аттестациялық комиссияның отырысы өтті. Құқық қорғау ведомствосының басшысы әскердің басшылық құрамының кәсіби дайындығы деңгейін атап өтті және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықовқа әскери қызметшілердің өзге де санатын аттестациядан өткізуді тапсырды.