Ұлттық ұлан Астанада ардагерлерге құрмет көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда маңында орналасқан 5573 әскери бөлімінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен еңбек ардагерлерін құрметтеу кеші өтті. Салтанатты шараны Ұлттық ұланның астаналық бригадасы мен «Нұр Отан» партиясы Есіл аудандық филиалы алда келе жатқан Жеңіс күніне орай ұйымдастырып отыр.

Ұлттық ұлан Астанада ардагерлерге құрмет көрсетті

ҚР Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің хабарлауынша,«Батырлар мәңгі есімізде!» атты ақпараттық-насихаттық акциясы және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының аясында өткізілген бұл шараға ұландық жауынгерлер, әскери-патриоттық клубтар, сондай-ақ елорда мектептерінің жоғары сынып оқушылары қатысты. Ал соғыс және тыл ардагерлері, Астана қалалық мәслихатының депутаттары арнайы қонақ ретінде шақырылды.

«Батырлар мәңгі есімізде» акциясы тәжік-ауған шекарасында қаза болған Ішкі әскердің 17 жауынгерінің рухына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған. Аталмыш акция шеңберінде Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде сәуір-мамыр айларында түрлі іс-шаралар өткізіледі. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы «Нұр Отан» партиясы көшбасшысының тапсырмасымен дүниеге келген. Бұл жобаның негізінде еліміздің барлық өңірлерінде ардагерлер мен қарттарға қолдау көрсету, жастарды атриоттық рухта тәрбиелеу бағытында бірнеше жыл қатарынан кешенді жұмыстар атқарылып келеді.

«Екінші дүниежүзілік соғыста біздің ержүрек отандастарымыз жауынгер бабаларымыздың даңқты жолын лайықты жалғастыра білді. Арын - байрақ, намысын - найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Соғысқа елімізден 1 млн 200 мыңдай адам аттанып, олардың 620 мыңға жуығы майданнан оралмады. 500-ден астам жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Жер бетінде бейбітшілік орнату үшін жасалған ерлікті ешқандай шекара, кедендік кедергілер мен қиындықтар, әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірдің қарама-қайшылықтары көлеңкеде қалдыра алмайды» - деді бөлім командирінің орынбасары полковник Болат Смағұлов.

Салтанатты кеш Ұлттық ұлан жауынгерлері мен Ән-би ансамблінің шығармашылық ұжымы әзірлеген концерттік-театрландырылған бағдарламаға ұласты. Қонақтарға әскери жылдардан сыр шертетін бейнероликтер көрсетіліп, қару-жарақ, инженерлік қызмет құралдары, әскери және арнайы киім үлгілерінен көрме ұйымдастырылды. Шара соңында ұйымдастырушылар ардагерлерге арнайы әзірлеген сый-сияпаттарын табыс етті.