Ұлттық ұлан бөлімдерінің аумағында құрбан шалуға тыйым салынған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық ұланның әскери бөлімінде діни жораларды жасауға, соның ішінде, әскери бөлімнің аумағында құрбан шалуға қатаң тыйым салынған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісіне қатыса отырып, ҚР Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық ұлан бөлімдерінің аумағында құрбан шалуға тыйым салынған

«2009 жылы бас қолбасшы арнайы үкім шығарып, ол үкім әскери бөлімдеріміздің барлығына жіберілген. Сол үкімге сай, Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде діни жораларға, соның ішінде, құрбан шалуға қатаң тыйым салынған. Бір кезде әскери бөлімнің алаңқайына мал әкеліп, құрбан шалған жағдай болған еді. Бірақ, қазір бұның бәріне тыйым салдық»,-деді М.Сатов журналистердің сұрағына жауап бере келе.

«Екіншіден, мешіттің немесе шіркеудің қызметкері болмаса, Ислам дінінің уағыздарын айтатын басқа адамдардың әскери бөлімдегі мәдени шараларға қатысуына да  қатаң тоқтау қойдық. Бөтен адамдар күзгі және көктемгі Ант беру рәсіміне ғана қатыса алады»,-деді ол.

М.Сатовтың айтуынша, соңғы жеті жылда әскер қатарында бұндай мазмұндағы қылмыстар жасалмаған екен. «Сонымен қатар, әскери институт болашақ офицерлерге лаңкестік пен діни экстремизмнің алдын алу шарасын оқытады. Яғни, дін терісін жамылып жүрген теріс ағымдардың қандай салдары болатынын алдын ала айтып отырамыз», - деді М.Сатов.