Ұлттық ұлан чемпионатында штаттық қарудан атудың үздіктері анықталды
Аталған чемпионатқа «Орталық», «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының, сондай-ақ Ұлттық ұлан академиясының және 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қатысты. Еліміздің барлық өңірінен 42 спортшы жиналды.
Жарыс барысында әскери қызметшілер жоғары дене даярлығы мен жеңіске деген ерік-жігерін көрсетті.
Штаттық қарудан ату жарысының қорытындысы бойынша Ұлттық ұлан академиясының құрама командасы 1-орынға ие болды.
Академияның әскери қызметшілері жеке біріншілікте де жоғары нәтижелер көрсетті. Бірінші орынға ие болғандар: әйелдер арасындағы АК-1 жаттығуында старшина Жанна Макина – Ұлттық ұлан академиясының оқу бөлімі ақпараттық қамтамасыз ету қызметінің аға маманы (жауапты орындаушысы); АК-2 және АК-3 жаттығуында аға сержант Арман Кәрібай – оқу процесін қамтамасыз ету батальоны РХБ қорғау бөлімшесі бөлімшесінің бастығы (машина командирі); әскерилендірілген кросста 3 шақырымға қатардағы жауынгер Ердәулет Жанғали – Ұлттық ұлан академиясының 4 курс курсанты.
Командалық есепте «әскери наряд құрамындағы атыс» жаттығуында академия командасы да 1-орынға ие болды.
19 тамызда 6505 әскери бөлімінің саптық алаңында марапаттау рәсімі өтті, оған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары. генерал-майор Бауыржан Әбжанов және ерлікпен қаза тапқан қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаровтың әкесі Оразалы Қайсарұлы қатысты.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Фото : gov.kz