Ұлттық ұлан офицері тұрғын үйдегі өртті сөндіруге көмектесті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімінің қызметшісі, 2-жедел рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары аға лейтенант Әсет Кәкімов қызметтен бос уақытында Ақтөбеде өртеніп жатқан тұрғын үйді сөндіруге көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық ұланға сілтеме жасап.

Ұлттық ұлан офицері тұрғын үйдегі өртті сөндіруге көмектесті

Оқиға ағымдағы жылдың 10 қыркүйегіне қараған түні болды. Аға лейтенант А.Кәкімов көрші үйдің кіреберіс терезелерінен көтерілген қара түтінді байқаған. Ол тез арада өрт сөндірушілерді шақырып, өртті өз күшімен сөндіре бастады. Тұрғындарды оятып, өрт туралы хабарлады.

Өрт сөндіру қызметі келгенге дейін тәртіп сақшысы өрттің жақын маңдағы үйлерге таралуына жол бермеген.

«Мен қызметтен кейін үйде болдым. Кенеттен үйдегі терезеден қарама-қарсы көрші үйде өрт шыққанын байқадым. Өрт үйдің баспалдағынан шыққан. Бір минутты босқа өткізбей, өрт тұтанған жерге жүгіріп барып, ең алдымен осы үйдің барлық тұрғындарын ояттып және қол астындағы құрал саймандармен өртті сөндіруге кірістім. Қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмекке келу – әрбір азаматтың борышы», – деді дейді Ұлттық ұлан офицері.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер өртті сөндірді. Өрттің себебі анықталуда.