Ұлттық ұланның көпбалалы 100 отбасы биыл баспаналы болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшылығында мерекелік салтанатты шара өтті. Онда ұлттықұландықтар өздерімен қатар сап түзеген қарулас қыз-келіншектерді көктем мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шара аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов ұлттықұландық қыз-келіншектерге қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтып берді.
«Ұлттық ұланда 2 мыңнан аса қыз-келіншек қызмет етеді. Оның 1500-і келісімшарт офицерлері болса, 500-і азаматтық қызметші болып жұмыс істейді. Олар қоғамдық, ұлттық қауіпсіздікті сақтау жолында бізбен бірге бір сапта тұрады. Ұлттық ұланда көпбалалы аналар да көп. Жалпы 526 көпбалалы отбасы бар. Көпбалалы отбасылардың үш жүзін пәтермен қамтамасыз еттік», - деді ол.
Оның айтуынша, Ұлттық ұлан қызметкерлеріне пәтер жалдау үшін арнайы бюджеттен қаражат бөлінеді. Бүгінде бұл қаражат «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінде» әр қызметкердің атына ашылған есепшотқа аударылады.
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі арқылы қалған 226 көпбалалы отбасын пәтермен қамтамасыз етпек ойымызда бар. Биыл 100-ден астам отбасын баспаналы болады», - деді генерал-майор.
Мерекелік шара барысында 3 әскери қызметші әйел ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұрығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» медалімен марапатталды. ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының атынан қызметтік марапат пен құрмет те көрсетіліп бағалы сыйлықтар табыс етілді. «Ұлан аруы-2019» фотобайқауының қорытындысы жарияланып, арнайы жүлделер табысталды.
Ресми марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін Ұлттық ұланның ән мен би ансамблі дайындаған мерекелік концерт болып, ұландық сардарлар әріптес қыз-келіншектерге ән айтып, өздері жазған өлеңдерін оқыды.