Ұлттық валюта ел Тәуелсіздігінің нышаны - Б.Сағын

ТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Ұлттық валюта ел Тәуелсіздігінің нышаны. Бұл пікірін бүгін Астанада 15 қараша - қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткен ғылыми конференцияда елордалық Қаржы басқармасының бастығы Бекбол Сағын білдірді.
None
None

«Кез келген мемлекеттің тарихында өмірде бір-ақ рет енгізілетін төл валютасының орны ерекше. Ұлттық валюта ел Тәуелсіздігінің нышаны. Әрбір елдің мемлекеттік нышандары - әнұраны, мемлекеттік туы, елтаңбасы бар. Олардың қатарында ұлттық валютаны да атап өтуге болады», - деді ол.

Б.Сағынның пікірінше, ұлттық валюта мемлекетке экономикалық дербестік береді. Яғни төл теңгеміз Қазақстан тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға септігін тигізді.

«Айналымға теңге енгізілгеннен кейін экономикалық реформалар жүргізілді. Олар жағымды нәтижелерін де берді. Бүгін 20 жылда Қазақстан Орталық Азия, ТМД елдерінің арасында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін нық айта аламыз. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша аталмыш елдердің алдыңғы қатарларында келеміз. Әрине, бұл жүйелі жұмыстардың арқасы. Біз 18 жылдың ішінде тұрақты қаржы-банкі жүйесін қалыптастырдық», - деп түйіндеді Б.Сағын.

Ғылыми конференция шеңберінде тәуелсіздік жылдары әртүрлі мерейтойлық даталарға, оқиғаларға орайластырылып шығарылған ақшалар мен коллекциялық монеталардың, бүгінгі күнгі қолданыстағы банкноттардың көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстан 1991 жылдың желтоқсанында тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өзінің нағыз дербес мемлекет екендігін паш еткен оқиғалардың бірі - төл валюта - теңгені айналымға енгізуі болды. Осы кезден бастап мемлекеттің экономикалық құрылымы түбегейлі өзгеріп, жаңадан жасақтала бастады.

1992 жылы елде төрт адамнан құралған дизайнерлер тобы жасақталды. А.Меңдібай, Т.Сүлейменов, А.Дүзелханов және Х.Ғабжәлінов сынды шеберлердің басты мақсаты Тәуелсіз қазақ елінің мәдени тарихын зерттей отырып, заманауи ұлттық валютаны жасап шығару болды. Нәтижесінде, көк бөрікті түркілердің заманындағы «теңге» ұғымы қайта жаңғырды.

Ал 1993 жылдың 12 қарашасында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. 1993 жылдың 15 қарашасында теңге айналымға енді. Осы тарихи күннен бастап 15 қараша Қазақстанда ұлттық валюта күні деп аталады.

Соңғы жаңалықтар