Ұлттық жобаларға орнықты даму мақсаттары көрсеткіштерінің 60 пайыздан астамы енгізілген - министр

«Орнықты даму мақсаттарының (ОДМ) тарихы 2015 жылдың 25 қыркүйегінен бастау алғанын білесіздер. Дәл сол кезде Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде әлем көшбасшылары 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы күн тәртібін қабылдады. Бұл тұрғыда әлем мемлекеттерінің басшылары адамзатты кедейліктен арылтуға, болашақ ұрпақ үшін көркейген планетаны сақтауға, сондай-ақ ашық және инклюзивті қоғам құра отырып, барлығына жақсы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге әзір екендігін жариялады. Осы орайда кедейлікті жоюға, теңсіздікпен күресуге және климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерді шешуге бағытталған 17 орнықты даму мақсаты қамтылды», - деді Ә. Қуантыров.
Оның айтуынша, Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарын іске асыру бойынша институционалдық негіз құрылған. Аталған жұмысты жоғары деңгейде жүргізу үшін Премьер-Министрдің төрағалығымен Орнықты даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесі жұмыс істп жатыр. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіруші орган ретінде Ұлттық экономика министрлігі бекітілген.
«Бізде 5 ведомствоаралық жұмыс тобы тиісті бағыттар бойынша жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл ретте «Адамдар» тобы – кедейлікті, гендерлік теңдікті жою, салауатты өмірді, білім беруді қамтамасыз етуге, «Өркендеу» – инклюзивті өсу және экономикалық өзгерістерге, «Планета» – құрлық пен су ресурстарының экожүйелерін ұтымды пайдалануға, «Бейбітшілік» – қауіпсіз және бейбіт қоғам, мықты институттар, сот төрелігіне, сондай-ақ «Серіктестік» тобу орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мәселесіне жауапты. Жергілікті жерде аталған шараларды жүзеге асыру мақсатында әкімдіктер жанынан өңірлік деңгейде Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша жұмыс топтары құрылып жатыр», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстандағы ОДМ мониторинг жүйесі 262 индикаторды қамтып тұр, соның арасында 87 индикатор Қазақстан үшін өзекті деп танылды. ОДМ индикаторларының дерекқорын жүргізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды Ұлттық статистика бюросы атқарады. Ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларға, даму жоспарларына ОДМ маңызды көрсеткіштерінің 60 пайыздан астамы енгізілген.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.