Ұлттың айнасы - ана мен баланың саулығы

АСТАНА. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақ қоғамында әлеуметтік саланы дамыту, оның ішінде ана мен баланы қолдау қай кезде де мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болған. Қазір де солай. Мемлекеттің әлеуметтік саланы қолдауға қатысты жүргізген реформалары мен қазіргі істеп жатқан жұмыстары бұл сөзімізге дәлел.
None
None
Жалпы, мемлекеттің болашағы, ұлттық қауіпсіздігі мен бақуаттылығы ондағы халықтың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына байланысты. Ал дені сау ұрпақты өмірге денсаулығы мықты аналар ғана әкеле алады. Бұған қоса, сәбиді отбасынан бастап бала бақшада, одан кейін мектеп қабырғасында тәрбиелеп, оқытып-тоқыту ісінде де әйел азаматтар айрықша маңызға ие. Мұны терең түсінген Қазақстан басшылығы ана мен баланы қолдауды жыл сайын жақсартып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі Жолдауларында да әлеуметтік саланы дамытуды, ана мен баланы қолдауды ұмыт қалдырған емес. Жолдаудан туындаған тапсырмалар аясында аталмыш салада қордаланып қалған көптеген түйткілді мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр. Бұған ең алдымен, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерінің жыл сайын ұлғайып жатқаны септігін тигізуде. Алысқа бармай-ақ, Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауын алайық. Онда Президент 2009-2011 жылдарға арналған жаңа үш жылдық бюджет мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін 2009 жылдан бастап жыл сайын орта есеппен 9 пайызға арттыруды; сәби бір жасқа толғанға дейін күтіп-бағуға берілетін ай сайынғы жәрдемақыны 2010-2011 жылдары кезең-кезеңмен өсіруді, орта есеппен алғанда 2007 жылғы жәрдемақының мөлшерінен 2,5 есеге арттыруды; 2010 жылдан бастап 4 және одан да көп балаға берілетін біржолғы жәрдемақылардың мөлшерін 2007 жылға қарағанда 4 еседен асыра өсіруді тапсырған еді. Үкімет Елбасының бұл тапсырмасын тиянақты орындады. Әлемді жайлаған қаржы дағдарысының салдары Қазақстанға да ықпал етіп жатқандығына қарамастан, Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша қазынадан әлеуметтік салаға арналған шығыстардың бір тиынын да қысқартқан жоқ. Бұл әрине барша қазақстандықтардың, оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қорғалған, халықтың әлжуаз жігінің көңілін жайландырған жаңалық болды. Денсаулық сақтау саласындағы бір басымдық - ана мен баланың денсаулығын сақтау десек, осы тұрғыдан да маңызды шаралардың жасалып жатқанын айтып өту қажет. Мәселен, Президенттің тапсырмасымен Астанада медициналық кластер құрылуда. Ол осы заманғы алты медицина институтынан құралған. 2007 жылдан бері Ана мен бала орталығы, Балалардың сауықтыру орталығы жұмыс істейді. былтыр Диагностикалық орталық, Нейрохирургия орталығы, Жедел медициналық жәрдемнің ғылыми-зерттеу институты іске қосылды. Осы заманғы ең озық медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген мұндай кешендер жалпы қазақстандықтарды, оның ішінде ана мен баланы емдеу үшін, ауырғандардың жандарына дауа, дерттеріне шипа беру үшін жасалып жатқан дүниелер. Ана мен бала орталығы мысалы «2005-2010 жылдары халық денсаулығын қорғауды реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» аясында, ана мен бала денсаулығын қорғауды басымдықпен жүзеге асыру мақсатымен ашылған. Онда Қазақстанның барлық аймағынан келген азаматтарға медицинаның акушерлік-гинекология, неонаталогия, педиатрия саласынан жоғары біліктілікпен көмек көрсетіледі. Қысқа мерзімнің өзінде-ақ талай қазақстандыққа аталған орталықтардың шапағаты тигеніне куә болдық. Алдағы кезеңдерде мұндай кешендерді республикамыздың барлық аймағында дерлік дамыту жоспарланып отыр. Бүгінгі сәби ертең елдің қамын ойлатын өр рухты, білімді азамат болып қалыптасуы үшін бала бақша мен мектепте алатын тәрбие-тәлімнің орны бөлек. Сондықтан да бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды көздеп отырған қазақ елі үшін келешек ұрпағының білімді болып өсуі аса маңызды. Осы орайда Қазақстанда мектепке дейінгі және жалпы орта білімді заман талабына сай жетілдіруге де ерекше мән беріліп отырғанын айту керек. Елбасы былтырғы Жолдауында әзірге халықты мектепке дейінгі балалар мекемелерімен қамтамасыз етуде «бетбұрыс» жасала қоймағандығын айтып, Үкімет пен әкімдерге барлық жерде проблеманы терең зерделеп, осы негізде бұл мәселенің шешімін әзірлеуді тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі кезде бала бақшалардың санын көбейтуге, сапалы мектептердің үлесін арттыруға күш салынуда. Мәселен, қазіргі уақытта елімізде 269,3 мың баланы қамтыған 1773 балабақша жұмыс істейді екен. 2007 жылмен салыстырғанда, 2008 жылы балабақша саны 156 бірлікке артып, ал балалардың қамтылу саны 22,4 мың балаға өскен. Сонымен қатар, мектепке дейінгі шағын орталықтардың саны 563 бірлікке көбейіп, 1990-ға жетсе, жеке бала бақшалардың саны 38-ге көбейіп, 180-ге тақаған. Мектепке дейінгі дайындықпен 5-6 жастағы балалардың 79 пайызы қамтылып отыр. 2008 жылы сондай-ақ 17 балабақша салынған. Мектептер желісі де дамып келеді. 2008-2009 оқу жылында 7735 мектеп жұмыс істеуде, оның 115-і мемлекеттік емес мектептер, 32 мектеп ? үш тілде білім беретін білім ошағы. 2008 жылы республикалық бюджет есебінен 8,2 мың орындық 13 мектеп іске қосылған, ал өткен жылдың соңына дейін 32,3 мың орындық тағы 42 мектептің пайдалануға берілуі жоспарланған. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттің есебінен 6394 орындық 30 мектеп іске қосылыпты. Талай жылдардан бері шешімін таппаған оқушы орындарының жетіспеушілігі 42 681 бірлікке қысқарса, екі ауысымда жұмыс істейтін мектептердің саны 65 бірлікке, үш ауысымда жұмыс істеген мектептердің саны 33 бірлікке азайған. Бұл көрсеткіштерге сөз жоқ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтырдан бастап жүзеге асырыла бастаған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы зор үлес қосып отыр. Ал 2009-2011 жылдардың ішінде 250 мектеп, 200 балабақша, кәсіби-техникалық білім беру ғимараттарының, 50 оқу орнының құрылысына 200 млрд. теңгеден астам қаржы бөлу жоспарлануда. Осының барлығын әрине бүгінгі сәбидің, ертеңгі баланың, болашақ азаматтың жарқын өмірі үшін атқарылып жатқан шаралар деп қабылдаған жөн. Бірақ осымен елдегі ана мен бала проблемасы толық шешімін табады деуге әлі ерте. Ана мен бала денсаулығының жалпы көрсеткішінің төмендігі, өлім-жітімнің жоғарылығы алаңдатпай қоймайды. Денсаулық сақтау саласындағы бір басымдық - ана мен баланың денсаулығын сақтау екендігін жоғарыда айттық. Қазіргі жағдайға қарап, бұл бағытта әлі де талай шаруалардың атқарылуы тиістігін байқаймыз. Рас, мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда 2008 жылдың 10 айында ана өлімі 33 пайызға азайған. Бұған аталған мерзімде перинаталдық көмек көрсетудің жаңа принциптерін пайдаланудың арқасында қол жеткізіліпті. Десек те, ана өлімінің көрсеткіштері Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Астанада жоғары күйінде қалып отыр. Ал Жамбыл, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында өлім көрсеткіштерінің 30 пайызы аудандық ауруханалардың үлесіне тиеді екен. Бұл әйелдерді облыстық деңгейде кәсіби көмек көрсетуге дер кезінде жібермеуге байланысты сияқты. Жақында Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде министр Жақсылық Досқалиев Қазақстанда ана өліміне қатысты 64,2 пайыз оқиғаның алдын алуға болатынын айтып қалды. «Басты денсаулық көрсеткіштері - ана мен бала өлімінің көрсеткіштері тұрақты жоғары болып отырғанын көрсетті. Ана өліміне жасалған талдаулар қорытындысы 64,2 пайыз оқиғада өлімнің алдын алуға мүмкіндік болғандығын, 32,8 пайызында - өлімнің алдын алуға шартты мүмкіндік болғандығын, ал 2,8 пайызында еш мүмкіндік болмағандығын көрсетіп берді», дейді Ж. Досқалиев. Осы тұста елімізде жасанды түсіктің салдарынан қайтыс болған аналар санының көбейіп отырғанын да айтқымыз келеді. 2007 жылы бұл көрсеткіш 5,1 пайызды құраса, 2008 жылы 5,7 пайызға жетіпті. Бұл тұста тек әйел азаматтарға ғана кінә арту әбестік болар. Мұны жалпы қазақ қоғамындағы қасірет деп бағалаған жөн шығар. Келесі бір мәселе - еліміздегі аналардың 60 пайызы қан аздықтан зардап шегетіні. Әсіресе, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында әйелдер денсаулығы мамандардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, республикада жаңа туған нәресте мен сәбилердің өлімге душар болуына дамудағы туабітті ақаулар басты себеп болуда, олар 18,4 пайызды құрайды. Балалардың туабітті ақаулардан қаза болуының жоғары көрсеткіштері Павлодар, Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында байқалуда. Бұдан бөлек, бала өлімімен байланысты жағдайға жасалған талдау жұмыстары да нәресте өлімі медициналық қызмет көрсету жұмыстарының тиісті деңгейде көрсетілмеуіне және мамандардың біліктілігінің төмендігіне байланысты болатындығын анықтаған. Көңілді құлазытатын осындай деректерді азайту үшін қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін азайтуға айрықша ден қойып отыр. Жақында министр Ж. Досқалиев Мемлекет басшысына еліміздегі ана мен баланың өліміне қатысты жағдай жөнінде ай сайын ақпарат беріліп отыратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ана мен баланың өліміне қатысты әрбір оқиғаны төтенше оқиға ретінде қарастырып, нақты шаралар қолдану, босануға жәрдемдесу мәселелерін реттейтін заңнама мен нормативтік-құқықтық актілердің тиісінше орындалуын бақылау қазіргі кезде аса қажет. Жалпы, жоғарыда біз тілге тиек еткен жайттар Қазақстанға ғана емес, әлемдегі кез-келген мемлекетке тән дүниелер. Бірақ солай екен деп, жақсымызды асырып, жаманымызды жасыра бермей, кем-кетігімізді түзеу бүгінгі күннің басты міндеті екендігін де ұмытпаған жөн. Бұл ретте, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіруді көздеп отырған Қазақстан әлеуметтік саланы дамытуда, оның ішінде ана мен баланы қолдауда жүйелі жұмыстарды жүргізе бермек. Ел басшылығының әр кездері айтып жүрген сөздеріне, қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарға, қазынадан босатылып жатқан шығындардың көлеміне қарап осылай деп айтуға толық негіз бар. ҚазАқпарат, Астана.
Соңғы жаңалықтар