Ұлттың жаны мен болмыс өзгерісі

Дүниежүзі кеңістігіндегі рухани игілікті игеру барысында қазақ халқының әлеуеті қазір қалай сезілу үстінде деген ой ендігіні жиі мазалауға тиіс. Оған және ұлттың келбеті, өмір сүру дағдысы, менталитеті мен өткен тарихының әсері қандай болу керек? Осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбітуді жөн санап, ақын Шаяхмет ҚАЛИҰЛЫ мен психология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жалпы және этникалық психология кафедрасының доценті Жарас СЕЙІТНҰРҒА жолыққан едік.
- Әңгімемізді «Ұлттық тұрғыдан әлемге танылудың бағытын, бағдарын, нақты жолын қалай іздеп жатырмыз?» - деген сауалдан бастасақ. Шаяхмет ҚАЛИҰЛЫ: - Біз қазіргі таңда, ұлттық тұрғыдан әлемге танылудың емес, Қазақстанды танытудың бағыт-бағдарын ұстанып отырмыз. Мемлекетімізде өткізіліп жатқан түрлі-түрлі форумдар осының айғағы. Бұл да дұрыс, әрине. Дегенмен, бұған қоса ұлттық бағыт-бағдарымызды да ескергеніміз жөн болады. Қайткен күнде де әлемде қазақ халқының өз қолтаңбасы болуы керек. Жарас СЕЙІТНҰР: - Өзгелердің біз туралы қандай да бір пікірінің қалыптасуына әр түрлі факторлар әсер етеді. Әсіресе, жекелеген тұлғалардың ролі үлкен. Кез келген қазақ ұлтының өкілі тек өзінің жеке басын ғана көрсетіп қоймайды, ол тұтас бір ұлттың бейнесі, нақты үлгісі болып табылады. Біздің азаматтар осыны ұмытпаса екен. Әйтпесе, сыртқа шыққан кей қазақтардың өздерін қалай болса солай ұстап, ішкі мәдениеттерінің төмен екендігін көрсетіп жататындары кездеседі. Жалпы, ақшаның буы мен бақылаудың жоқтығы адамды есіртіп жібереді ғой. Қазақтарды әлемге танытуда саяси тұлғаларымыздан бөлек, спорт және өнер жұлдыздарының да орны ерекше. Жақында әлемдік чемпионатта бокста жеткен табысымыз шетелдік баспасөз беттерінде қазақтар туралы айтуға себеп болды. Сондай-ақ, қазақтар туралы түсірілген кинофильмдер де маңызды. Кезінде сайқымазақ Бораттың Қазақстан туралы өтірікке құрылған фильмі үлкен дау тудырғаны белгілі. Батыстың тоғышар тұрғындары үшін Қазақстанның бейнесі осындай көрсетілімдерден де құралуы мүмкін.
- Кез келген ұлттың өзіндік ерекшелігі, бітім-болмысы, өмір сүру дағдысы ұзақ уақыт қалыптасады. Оған бодандықтың әсерін қаншалықты өлшей алып жүрміз? Жалпы, қазақ мінезі туралы айтқанда біз нені басшылыққа алуға тиіспіз? Шаяхмет ҚАЛИҰЛЫ: - Иә, өзіңіз айтқандай, кез келген ұлттың бітім-болмысы, әдет-ғұрпы, өмір сүру дағдысы, керек десеңіз, сөйлеу мәнері де ұзақ ғасырлар бойы қалыптасатын заңды құбылыс. Ал бодандыққа келсек: өктемдік жүргізген ұлт өзінің дұрыс деп таныған көзқарасын қалыптастырып, боданда болған елді әдейілеп, күш-қуат алатын ежелгі ата тамырдан үзіп, басы болғанмен - миы жоқ, көзі болғанмен - көрсоқыр, айтқанына жүретін, айқайына көнетін қағидаттарды еріксіз түрде тықпалап, дүбәра ұлтқа айналдырып, соның нәтижесінде өздері бақытты тұрмыста баяшат өмір сүрді. Жасалған бұндай қастандықтың зардабын әлемде еш нәрсемен өлшеуге болмайды. Осындай зардап шеккен Қазақ мемлекетінде дәл қазір әйелден ұят, еркектен намыс кетіп, ұқсас жыныстылардың некелесуі деген мәселе туып отыр.
Жарас СЕЙІТНҰР: - Отар болған мен болмаған халықтың рухы, сана-сезімі әр түрлі болып келетіні белгілі. Империялық санасы бар ұлттар өктемдеу келеді. Қазақтардың бірнеше ғасыр бодандық күйде болуы психологиямызда өзіндік ізін қалдырды. Метрополиядағы аға ұлт өкілдері алдында қорғаншақтап тұру, олардың тілі мен мәдениетін артық көру, өзіміздікін менсінбеу, құлдық мінез, арамызда мәдени маргинал тұлғалардың кездесуі сияқты және т.б. теріс зардаптарды айтуға болады. Оларды психологиялық түрде өлшеуге де болар еді, бірақ онымен ешкім айналысып жүрген жоқ. Жалпы, ұлт психологиясы соңғы жиырма жылда үлкен өзгеріске ұшырады.
- Әр үйде күнде той болуын тілейтін халқымыздың дәстүрге айналған жиын-тойлары аудан, қала, облыс, республика көлемінде түрлі мерейтойлар, ескерткіш ашу, еске алу түрінде көрініс тауып жатады. Осының зияны мен пайдасын қалай өлшеуге болады? Шаяхмет ҚАЛИҰЛЫ: - Соңғы кездері ебін тауып, жиын тойларды көптеп өткізіп, мәре-сәре болып жатқанымыз жасырын емес. Иә, кешегі ел қамы, жер тағдыры үшін жан пидалықпен күрескен баһадүр бабалар мен ел тұлғаларын еске алып, той-томалақ жасап, халықтың ойына күш, бойына қуат беру қуанарлық жәйт. Өйткені, арысы 300 жылға таяу бодандық, берісі 70 жылдық тоталитарлық жүйенің тепкісінен әбден езілген, сол сана-сезіммен уланған халықты өз тарихымен сусындатып, ата-баба рухымен қаруландырып, еңкейген еңсесін тік көтеріп алуының, болашақ қазақ мемлекетіне нық қадаммен баруының кепілі. Бірақ өз атын шығармақ болып, қисынды-қисынсыз ұлан асыр той жасап, бос мақтанға бару - ақымақтың ісі.
Жарас СЕЙІТНҰР: - Бүгінде қазақ тойының формасы мен мазмұны өзгеруде. Сөз жарыстар азайып, ән-күй, өнер сайыстары алға шығуда. Ал ескерткіш ашу кеңестік заманнан қалған дағды. Баяғыда күн көсемнің (Ленин) ескерткіштері ең шалғай жатқан ауылдарға да қойылатын. Біздің ата-бабаларымыз кім-көрінгенге ескерткіш белгі қоя бермейтін. Ұлтқа еңбегі сіңген жандар ғана құрметтеліп, есімдері аңызға айналып кетіп жатады... - Психолог Н.Самбетқұлова адам жұмысының сапасын басқалармен қарым-қатынасынан көруге болатынын үш категорияға бөліп қарастырады: «Біреулер жалқау, ұяң, бірақ көпшілікті сыйлайды, ізеттілік көрсетеді. Ал біреулер іскер, қатал, бірақ жұмысты сапалы орындауды талап етеді. Үшіншілер аз нәрсені шала істеп, оны жұртқа түгел мәліметтеп шығады», - дейді. Жалпы, қазақ мінезі туралы айтқанда қай категория басымдық алады? Шала істеген жұмысын үлкен шаруа тындырғандай етіп көрсету біздің халықтың бойынан байқала ма? Шаяхмет ҚАЛИҰЛЫ: - Н.Самбетқұлованың адам жұмысының сапасын үш категорияға бөліп көрсетуі өмір шындығына сай келетін тұжырым. Жалқау адам өзінің қолынан белгілі бір жұмыстың келмейтінін жақсы түсінгенімен, өз ортасынан ажырап қалмау үшін басқалармен барынша сыпайы, биязы түрде мәміле жасайды. Ал қатал адам, әу баста өзіне де қатал. Кез келген жұмысына жауапкершілікпен, шынайылықпен қарайды. Соның нәтижесінде сапалы жұмыс істеп, игілікті шаруа тындырып, саналы ғұмыр кешеді. Ал енді істеген аз нәрсесін далитып, елге көрсетуге құмар немесе «менің мына жұмысымды істеуге ешкімнің күші жетпейді» - деп даурығатындар, не дарынды (білімді), не дарынсыз емес ортадағы шалалар.
Жарас СЕЙІТНҰР: - Ғылым адамы болғандықтан арнайы зерттеулер нәтижесінде алынған сенімді әрі тексеруге, дәлелдеуге болатын типологияны дұрыс көремін. Ал тұрмыстық бақылау барысында алынған топтастыруларды субъективті сипаттау деп есептеймін. Бүгінде психология ғылымы сипаттаудан (дескрипция) әдіснама деңгейіне (эксперименттік әрі теориялық ғылыми зерттеу) көшіп кеткен. Сондықтан бұл категориялар қазақ мінезін зерттеуге келіңкіремейтін сияқты. - Қала мектептерінің біріне 9-шы сыныпқа ауысқан бойжеткен көршіммен әңгімелесе отырып: «Сыныптастарың қалай қабылдады?» - дегенімде: «Бірінші күні-ақ руымды сұрағанда таңқалған едім. Сыныпта руластар бір-бірімен жақын араласатынын білгеннен кейін мен де достарымды тез-ақ тауып алдым», - деді. Бұл ненің белгісі? Шаяхмет ҚАЛИҰЛЫ: - Ата-бабаларымыз бір замандарда ру-ру бойынша өмір сүргендіктен екінші біреуді көргенде, алдымен оның руын сұрайтын. Сосын әйтеуір бір жақындығын тауып: «Е-е-е, қарға тамырлы қазақпыз ғой»,- деп өзіне жақын тартып, жылылық көрсетіп, кісілік мейір-шапағатқа бөлейтін. Ал қазір үлкен жақтан алғанда бәріміздің қойымыз қоралас, руымыз аралас, жаңа дәуірде жаңаша өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бүгінгі «Қайтсек қазақ мемлекетін баянды етеміз?» - деп жанталасып жүрген кезеңде руға бөліну, өз руын жөнсіз дәріптеу - әлі балаң ойда жүрген, сауатсыз, надан, нақұрыстың ісі. Жалпы, «Менен басқа неме жоқ, қара суда кеме жоқ» - дейтін ұшқарылықтан аулақ болған жөн. - Соңғы кездері жиі айтылатын бәсекеге қабілетті болудың маңызын қалай түсініп жүрміз? Бәсекеге қабілетті ұлт болудың жолын таба алып жүрміз бе? Жалпы, қазақты қандай сұрақ толғандырады және оған нендей жауап алып жатыр? Шаяхмет ҚАЛИҰЛЫ: - Бізде қазір бір нәрсе жасасақ, «бәсекеге қабілетті» болады деген сана бар. Себебі, бұрын еш нәрсе жасаумен айналыспаған (завод, фабрика салмаған) ұлт. Яғни тәжірибе жоқ. Бәсекеге қабілетті болу үшін әуелі сол ұлт іс-тәжірибеден өтуі керек. Сол арқылы өзін-өзі шыңдауы, ширықтыруы, ширатуы, пісіп жетілуі тиіс. Дәл қазіргі таңда қазақ халқын дереу «бәсекеге қабілетті» ұлт етемін деу, тұяғы жер тарпыған тұлпар мен арбаға жегіліп өлермен халде тұрған өгізді бәйгеге салумен тең шаруа. Сондықтан алдымен халыққа көп еркіндік, барынша мүмкіндік беріп, олардың кез келген іске деген шеберлігін арттырып, сенімін күшейтіп, руханиятын байыту қажет. Менің байқауымша, қазақты: болашақта табан тіреп тұра аламыз ба, жоқ басқадай жағдай туындап кете ме? - деген ой мазалайды. Бұл ойға жетіскен жауап ала алмай дегдар. Жарас СЕЙІТНҰР: - Біз әлі капитализмнің алғашқы сатысындағы түсініктермен жүрміз. Біржақты бәсекені емес, керісінше өзара ынтымақтастықты қолдауымыз керек. Біреудің ұтысы - екінші тараптың жеңілісі болмауы тиіс. Өзара тиімді болған жағдайда ғана жауласу, өштесу, өкпе-реніш болмайды. Синергияның заңы бойынша бірлескен іс-әрекет жеке мүддені көздеуге қарағанда нәтижелі болмақ. Ал әлеуметтік дарвинизм тұрғысындағы бәсекелестік агрессивтілікті тудырады. Онда біз агрессивті ұлт болуға тиіс боламыз. Жеңілген жақ саған дос емес, кегін қайтаруды армандайтын жау болып қалады. Жасампаздыққа итермелейтін бәсекелестіктен кез келген тәсілмен мақсатқа жетуді көздейтін, зорлық-зомбылыққа негізделген джунглилік бәсекелестікті ажырату маңызды. Әділ бәсеке ғана қарсы тарапты өз еркімен мойындатады. Ал қазақты толғандыратын сұрақтар сан алуан. Ол үшін қазақтілді баспасөз құралдарын бір шолып шықсаңыз жеткілікті. Мәселе сол сауалдарыңа жауап алуда болып тұр ғой. Төмендегілерден түсіп жатқан сигналдарға назар аудармаудың салдары қандай болатынын ұлт өмірінде орын алған белгілі оқиғалар көрсетті ғой. Бүгінгі таңда қазақ ұлтшылдарының үні қатты естілуде. Неге? Билік осыған бір сәт ой жүгіртсе игі іс болар еді...
Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ