Ұлу жылының айдаһар мен қасқырға еш қатысы жоқ — этнограф Ақеділ Тойшанұлымен сұхбат

наурыз
Коллаж: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Амал деген мереке ме, жұлдыз есебі ме? Сәуірді неге көкек деп қайта атау қажет? Наурызда құл мен ханның хақы қалай теңестірілген? Наурыздың нар қазаны мен татардың Қазан қаласының арасында қандай байланыс бар? Белгілі фольклортанушы ғалым, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Ақеділ Тойшанұлы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында осындай мәселелердің мәнін ашып түсіндірді.

— Ақеділ аға, сексенінші жылдардың аяғында Наурыз қазақ халқымен қайта қауышты ғой. Бірақ бұл қауышу толыққанды болды деп айта аламыз ба? Ұлыс күнінің бізге жетпей, ұмыт қалған ғұрыптары бар ма? Қандай ғұрыптарды заманға сай етіп, қайта тірілту керек деп ойлайсыз?

 — ҚасиеттіНаурыз мерекесі — кезінде қуғындалған, қиянат көрген салт-дәстүріміздің бірі. 1926 жылы діншіл мейрам ретінде сипатталып, Кеңес Одағы тарапынан тыйым салынған. Оның астарында халықты рухани мешеулікке салу саясаты жатты. Бірақ қазақ халқы Наурызды ұмытпаған. Мысалы, «Лениншіл жас» газеті 21 наурызда арнайы бет шығарып, халықты құттықтап отырған. Мыңбай Ысқақов, Хасен Әбішев сияқты ескі күнтізбені зерттеген ғалымдар Наурыз жырлары бар екенін, Наурыз қарсаңындағы ай-күн амалдарын, қазақ халқының жаңа жылы осы Наурыз екенін халықтың есіне салып отырған. Бұл тарапта ақын-жазушылардың үлесі де қомақты болған. Жалпы қазақ ауылдарында, оңтүстік өңірлерімізде, батыста, Алматының маңайында Наурыз тойланып келген. Дегенмен, тәуелсіздік алғаннан кейін төл мерекеміз күшіне еніп, БҰҰ-ның UNESCO көлеміндегі халықаралық мейрамына айналды.

Ұмыт қалған ғұрыптарына келсек, бұл Наурыз қыс пен жаздың алмасатын уақыты ғой. Бұрынғы аңыздарда қылышын сүйреткен қысты «Зымыстан келді» немесе «Ақбасқын басты» деп атаған. Зымыстан келіп, «ақбасқын» басып, содан боп дүние-тіршілік өліп жатыр деп иланған. Ал Наурызда күн жадырап, Қызырдың қамшысы көкке көтерілген мезгіл деп елестеткен. Қыдыр Ата қамшысын көтергенде, тебінгідей мұз, тоқымдай тоң қалмай еріп кететін, Күн Ананың мейрімімен Зымыстанды жаздың иесі Табыстан жеңіп жатыр деп ұққан. Оның бір көрініс Наурыз туралы өлең-жырларда, Махмұд Қашғари жазып қалдырған «Қыс пен Жаздың айтысында» сақталған.

Сондықтан Наурызда үлкен айтыстар, думан сауықтар өтіп тұратын. Жамбы ату, аударыспақ, күрес, көкпар, тоғызқұмалақ сайыстары өтіп тұруға тиіс. Оның бәрі қазір бізде жүрдім-бардым боп тұр, бір жүйеге түсіре алмай жүрміз. Биыл, мысалы, Ұлттық киім күнінде халық қандай құлпырып шықты?! «Наурыздың Нар балуаны» іріктелетін ұлттық спорт түрлерін бір жүйемен дәріптесек, Әз Наурыздың құрметіне өткізсек, халықтың есінде сақталар еді. Наурыз тазалық мерекесі болғандықтан тал егу, бұлақ тазалау, ауыл-үй, қора-қопсыны тазалау, егін-жайды реттеу үрдістерін жалғастыра беру қажет.

Наурыз жырында «Ұлы кісіден бата алсаң, сонда әрқашан жол болар» деген өсиет бар. Яғни, ұлы қариялардан бата алу, оларға сый-құрмет көрсету дейтін керемет салты бар. Осы салт та Наурызда орындалуға тиіс. Айталық қазір елімізде тоқсаннан асып жүзге жеткен қанша қариямыз бар? Соның есебін білеміз бе? Сол ұлылардан бата ала алдық па?

Наурызда атқарылатын игі істер неғұрлым көп болғаны дұрыс. Мысалы, мемлекет басшысы, Парламент төрағалары тарапынан халықты арнайы құттықтау, ел аралау, сонымен бірге шын мәнінде еңбегі сіңген адамдарға сый-құрмет көрсетіліп, мемлекеттік марапаттар да осы күні табысталуы керек. Жаңа жыл кезінде жер-жерде Президент шыршасын өткізгендей Наурызнаманы облыс, аудан, ауыл әкімдері өз деңгейінде өткізіп тұрса, Наурызды тойлау жалпыхалықтық сипат ала түсер еді. Сондықтан осы бағытта арнайы тұжырымдама жасалу керек деп ойлаймын.

 — Наурыз мерекесі неге әлі күнге дейін түркі халықтарын біріктіретін ықпалға ие бола алмай отыр деп ойлайсыз? Түркі бірлігінің жарқырап көрінетін сәті осы Наурыз емес пе?

— Наурыз Тұран халықтары мен Иран халықтарының, диқаншылық-малшылық мәдениеттің тұтастығын, үндестігін көрсететін, тек түркі халықтарына ғана тән емес, Байқалдан Балқанға дейінгі көптеген халықтарға ортақ мейрам. Ал түркі жұрттарының басын тоғыстыру үшін Наурызда түркі халықтарының Наурызнама фольклорлық-музыкалық фестивалін өткізсе артық болмас еді деп ойлаймын. Айталық, тыва, хакас бауырларымыз да 22 наурызды қарсы алып жүр. Шор халқы «Чыл башы» десе, хақастар «Шыл бажи» деп 21-22 наурызды атап өтіп жатыр. Тывалар да солай. Сол ағайындарымызды наурызнамаға шақырып, Орта Азия мен Кавказдағы, Сібірдегі туыстас халықтардың тұтастығын көрсететін ізгі шаралар ұйымдастырса, бауырмалдықты нығайтуға, ескі салтты жаңғыртуға үлкен серпін болар еді.

— Наурыз қарсаңында оңтүстікте жер қарайып, ағаш бүр ашып үлгерсе, Шығыс пен солтүстікте әлі тоң жібіп бітпей жатады. Ал Батыста Наурыздан гөрі Амал мерекесінің ықпалы басым екенін байқап жүрміз. Соған қарасаң, Наурыз қазақ даласының әр қиырында әртүрлі кезеңде, әртүрлі мазмұнда тойланған шығар деген ой келеді. Наурызды жаңаша тойлау арқылы осындай алуандықты қалай біріздендіруге болады деп ойлайсыз?

— Батыстағы Амал мерекесі деп журналистер тарапынан жаңсақ, жасанды атау қалыптасты. Амал деген мереке жоқ, бұл Әз Наурыздың жаршысы секілді Көрісу күні, яғни көрісу рәсімі. «Амал келді, жыл келді» деу осы айдың зодиак шоқжұлдызындағы Хамал деген арапша атына байланысты туған. Ал көрісу дәстүрі — Орал, Ақтөбенің жарым-жартысында, Атырау, Маңғыстауда сақталып қалған, сол кезде болатын әдет-ғұрып. Бұл өңір Наурызды неге ерте қарсы алып жүр деп айтуға болмайды. Қазақтың ежелгі күнтізбесі бойынша Шығыс Қазақстан да жыл басын дәл осылай ерте қарсы алып отырған. Шәкәрім атамыздың баласы Ахаттың жазып кеткен мәліметтеріне сүйенсек, «Бүгін — 14 март, ескіше 1 март, қазақтың жаңа жылы. Бұрынғы аты — Наурыз. Әкем екеуміз Саятқорада құшақтасып көрістік, көже жасадық» деп естелік етіп қалдырған. Сондықтан бұл батыста ғана емес, шығыста да болған салт.

Ал енді Наурыз қашан тойланған дегенге келсек, Шыңғыстау қазақтары 14 наурызда, Батыста да 14 наурызда, Шығыс Қазақстан, Монғолия, Қытайдағы қазақтар 20 ақпанда қарсы алып келген. Ал Қарқаралыдағы қазақтар 11 наурызда тойлаған, Баянауылда, 14-21 наурыз аралығында қарсы алып отырған. Қырғыз бауырларымыз да 11 наурызда қарсы алған. Яғни, есепшілер ұстанған күнқайыру, ай айыру жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі күнде тойланып келгені шындық.

21-22 наурызға кім түсірді? Оны зерттеушілер айтып келе жатыр. Мұны бір ізге түсірген өзіміздің селжұқ түркілерінің Мәлік деген шахы жарлық беріп, әйгілі Омар Һәям күн мен түн теңескен кезеңді есептеп шығарады. Сондықтан оған дейін тойланған Наурызды ел «қарт наурыз» деп атады. Ал БҰҰ-да Мәлік шах енгізген Жас Наурыз тіркеліп отыр. Ертістен Атырауға дейінгі дархан даланың әр қиырында климат құбылыстары әртүрлі. Сондықтан жыл қайыру жүлгесі, күнтізбе санағының түрліше болатын жөні де бар. Ай күнтізбесі, Күн күнтізбесі, ескі санат, жаңа санат дейміз, халықтың маусымдық шаруашылық есебін жүргізетін фенологиялық күнтізбе бар. Онда да әр түрлі есептер тіркелген. Ай мен үркердің тоғысы есептеліп отырған. Ай мен Қамбар жұлдызының тоғысы да есепке алынған. Сондықтан айырмашылықтар болған. Бірақ бұл төл күнтізбеміздің шатасуы, адасуы емес, мәдени мұрамыздың бай екенінің көрсеткіші. Сондықтан Наурызнаманы 14 наурыздан бастау — осы күнге сақталып жеткен, кезінде қазақтың көбі тұтынған ескі жоралғының жұрнағы. Тек батыс өңірлерде ұмытылмай келгені болмаса, шығыста да солай тойланғанын айттым.

Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып, көріскен

Жаңа ағытқан қозыдай жамырасып, өріскен, — дейді. Шәкәрім атамыздың жазып алған наурыздың ескі өлеңі ғой.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, — деп жырлайды Абай. Демек Наурызда Көрісу, яғни амандасу, құшақтасу салты бүкіл қазаққа тән ғұрып болған.

— Бұған дейінгі бір мақалаңызда ежелгі аңыз бойынша Наурыз күнгі табиғаттың сипаты жер-әлем жаралған ең алғашқы шаққа ұқсайтынын айтасыз. Демек, Наурыз жай ғана жыл басы емес, Жер-ана жаралған күн ретінде тойланған ба?

— Наурызды дүние жаралған күн, жалпы адам баласы жаралған күн, жер бетіндегі тіршілік иелерінің жаралған күні, аспанда алғаш күн шығып, жерде алғаш көк көктеген, алғашқы төл туып маңыраған күн деп қабылдаған. Сондықтан бүкіл тіршілік иесі бір жасқа толды деп ойлап, «Бір жасыңыз құтты болсын», «Жаңа жасыңыз құтты болсын» деп амандасатын болған. Қазір ондай амандасу ұмытылып, әркім өзінің туған күнін тойлайтын болған. Ескілікте өзінің туған күнін нақты тоқтатпай мезгіл бойынша межелеп айтқан. Ал барша адамның жаңа жасы Әз Наурызбен бірге тойланған.

— Бұл да наурыздың ұмыт қалып бара жатқан ғұрпы дейсіз ғой?

— Ұмыт қалған дегеннен шығады, жұпшырақ жағу салты ұмытылып бара жатыр. Біздің қазақта Заратуштраға дейін де отқа, күнге табыну болған. Айталық, жерошақ қазып, соған арша-шырша тастап, үстінен секіретін болған. Ескі-құсқы кетік ыдыс-аяқты лақтырған. Аршаның түтінін шығарып өздерін аластаған. Әзербайжанда, түріктерде әлі бар. Бізде, қырғыздарда да ол болған. Ол оттан ұл балалар ғана секірген. 13-ке толған бала алғашқы мүшелі болғандықтан өзінің ас ішіп жүрген шыныаяғын сындырып, отқа тастаған. Осылайша перзентінің балалықтан кетіп, азаматтыққа аяқ басқанын ескертіп отырған. Қазақтың осы салты қазіргі Наурызда көрініс таппайды.

Сонымен бірге «Наурыздың нар қазаны» деген ұғым бар. Біздің сақтардың заманында тайпалар арасындағы қақтығыстарды тоқтату үшін патша әр тайпаның бір-бір жебесін ортаға тастатсын деген пәрмен таратады. Сонда халқымыздың көптігі сондай, жебе бастарының өзі тау-төбе болып үйіліп қалады. Сақ патшасы сол жебе ұштарынан қазан балқытып соқтырған екен. Бұл алып қазан береке-бірліктің, әскери қуат-күштің айбынды көрінісі болған. Сол қазанға бүкіл ел өзінің жеті түрлі тағамын тастап, татулықтың антын ішіседі. Осы Наурыздың нар қазаны алыстан менмұндалап көрінетіндей алып болған деседі. Бұдан біз Наурызда қазанға табыну атрибуттары болғанын көреміз. Түркістандағы тайқазан, түркі әлеміндегі ірі қаланың бірі Қазан атын алуы сол аңыздың бекер еместігіне дәлел.

— Наурыз балаларға Жаңа жылдан да асығып күтетін мереке болу үшін, Қыдыр Ата Аяз атадан да жомарт тұлға болып сезілуі үшін не істеуіміз керек?

— Наурыз жастардың жадында ең берекелі мейрам болып қалыптасу үшін балаларға Наурыз туралы фольклорды үйрету маңызды. Қыс пен Жаздың айтысын жаттатып, наурыз жырларын жаңғырту қажет. «Самалық, самалық» деген өлең, «Самарқанның көк тасы еріді ме, көрдің бе?» дейтін, бұны Мағжан ақын айтып кеткен. «Балалар қойнына көжегін, қолына наурызек гүлін алып, әр үйдің алдына келіп жыр айтқан» деп жазады. Бұл — Наурыз жыры, түркі халықтарына кең таралған жарапазан сарындас ескі өлең. Әлбетте, Наурыздың жарапазан жырын айтып, сыйлық алу балаларға. Жастарға қызықты. Сол салт арқылы Наурыздың әдемі салтын жаңғыртуға болады. Оның бәрін қандай да бір дінге қайшы деп шеттетуге, бір мәдениетті екінші мәдениетке қарсы қоюға болмайды. Сондықтан жастардың санасына осының бәрін сіңіре берсек, Наурыз жалпы халықтық мереке болып қалыптасады. Студент жастардың қыстағы каникулын осы мезгілге жылжытса, олар ауылға барып, Наурыздама өткізсе керемет болмай ма?!

— Ұлу жылы құтты болсын деп жатырмыз ғой. Григориан жаңа жылын тойлаған кезде осы Ұлу жылын «ұлыма» жылы деп, қасқырға телігендер болды. Соған не айтасыз?

— Ұлу жылын ары-бері сүйрелеп жатырмыз. Қазір ауыздығы сөз, аяқтығы жол бермейтіндер шыққан. Әркім өзінше жорамал жасайды, әркім данышпан. Ұлу жылы деген қасқыр жылы дейтін жалған таным таңылып жатыр. Ұят емес пе! Күнтізбеде Ит жылы тұр. Ит пен қасқырдың арғы тегі бір, ортақ рәміз. Демек Ұлу жылы қасқыр жылы емес. Екіншіден, кейбір ғалымдарымыз «Ұлу — Айдаһар жылы» деген үгітке кірісіп кетіп жатыр. Бұл кәдімгідей қытайлардың мәдени ықпалы. Буддизмге кірген, өз күнтізбесінен айырылған, тибет-қытайдың күн қайыру жүйесіне құрсауланған моңғолдар ұлуды айдаһар деп есептейді. Моңғолдар тіпті Жаңа жылын қытайлармен ортақ қарсы алады. Қазақтың ұлуы ешқандай да Айдаһар емес. Ал, тибет-үнді, қытай мәдениетінің әсері күшті елдер Ұлуды қанаты бар, айдаһар есебінде елестетеді. Мұндай түсінік қазақта ешқашан болмаған.

Қазақта ондай ұғым болса, «Бабалар сөзінің» 100 томдығында соған бір дәлел табылатын еді ғой. Мәшһүр Жүсіп Көпейде де ешқандай дерек жоқ. Шоқан Уәлихановтың Дорж Банзаров дейтін бурят ғалымына пікірталас ретінде жазған мақаласы бар. Сонда моңғолдардың ұлуды айдаһар деп елестететінін, аузын ашса, от шашатын, аспанда тұрып жаңбыр жаудыратынын оқып, ондай мақұлық біздің қазақта жоқ екенін айтады. Шоқаннан артықпыз ба? Ұлу жылын біздің Оңтүстік Қазақстанда «Балық жылы» деп атайды. Майлықожаның өлеңдерінде де солай. Қырғыз, түрікмен халықтары солай ұғады. Мысалы, қырғыздар: «қоян жыл, одан кейін жаян жыл» дейді. Жаян дегені — жайын. Соғды, парсы халықтары тимсақ жылы, яғни қолтырауын жылы деген. Қазақ танымындағы ұлу таза мифологиялық елес болғанымен, қытайдың айдаһары емес. Қазақ ұлуды суға, көлге, өзенге, ылғалға қатысты тіршілік иесі деп қана түсінген. Айталық, балық, қолтырауынның да суға қатысы бар. Қазақ көлдің жағасындағы кішкентай қабыршығы бар ұлуды ғана ұлу деген. Осы кішкентай ұлудың өзін сыртқы құрсауы, басында екі мүйізшесі бар айдаһардың шағын үлгісі деуге болады. Әйткенмен қазақтағы ұлу — суға қатысты мифологиялық тылсым тіршілік иесі.

— Қазіргі қала қазағы мен ауыл қазағының Наурыз тойлауынан қандай ағаттықтар, қазақи дәстүрге жат әдет-ғұрыптар байқап жүрсіз?

— Осы орайда ерекше айтатын мәселе бар. Күнтізбе деген ұлыстың еркіндігімен, мемлекеттің тәуелсіздігімен байланысты дүние. Жеңімпаз империялар өзінің күнтізбесін бодан қылған халыққа күштеп таңып, мойнына кигізетін болған. Соның бір белгісі — бізде Наурыз қуғындалды, халықтың күнқайыру салты мансұқ етіліп, Совет дәуірінен папа Григорий күн санаты үстемдік етуі. Оның бір үлкен өкінішті көріністері, шүкір, бізде аз болғанымен, қырғыз, өзбек, түрікмен сияқты бауырлас елдерде әлі күнге дейін бар. Біз Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов сияқты зиялыларымыздың арқасында Кеңес Одағы заманында айларымыздың көне түркілік ескі атауын жаңғыртып, күнқайыру жүйесінен жаңылмай, айларымызды дұрыс атап, қолданып келдік. Оның үстіне халқымыздың мұрасы бай, жады берік болып шықты. Наурыз, көкек, мамыр, маусым деп 12 айды қазақша айтып отырмыз. Ал, қырғыз, өзбек, түрікмен халықтары ресми күнтізбесінде әлі күнге дейін «март, апрель, май» деп еуропалық ай санатын қолданып келеді. Қаймағы бұзылмаған қазақша ай атаулары — біздің ұлтымыздың үлкен мәдени қазынасы, төл ерекшелігі, бодан еместігіміздің айқын белгісі, рәмізі.

Өзбекстан ғалымдары зерттеулерінде қаңтар, ақпан деген тәрізді атауларды «қадым түркі күнтізбесі» деп атайды. Қадым түркіден келе жатқаны рас, қазақ халқы сол мұраға ие болып, өмір-тіршілікте қолданып отыр. Біздің қазіргі күнтізбеде жалғыз әттеген-ай бар. Қазіргі сәуір айын қазақ ежелден көкек айы деген. Абайда, Әуезовте тегіс солай. 1986 жылы Михаил Горбачевтің Апрель пленумында қайта құру саясаты туралы оқыған баяндамасының тезистері жарияланады. Сол кезде кеңестік идеологтар қазақ газеттерінде «Көкек пленумының шешімдері» десек, әдепсіздік болады екен деп пайымдапты. Осылайша халықтың күнтізбесін күшпен, жалғыз күнде өзгертіп жіберген. Өзі көп сөйлейтін М.Горбачевтің «Көкек пленумындағы сөздері» деген тіркес «көкек айы мен „көкіп сөйлеу“ дегенге ұйқасатынын алға тартып, „сақтық“ танытқан екен. Бодандықтың, жасқаншақтықтың әсерінен төл мазмұндағы күнтізбемізге жарақат, таңба салып алғанбыз. Міне, бодандық ойлаудың қара дағы, зияны.

Оны кезінде ақын, этнограф Қажытай Ілияс ағамыз айтудай-ақ айтып кеткен, бізге аманат еткен. «Жаңа Қазақстан» дейміз, «Әділетті Қазақстан» деп жүрміз. Жаңарғыш болсақ, әділетшіл болсақ, сәуірдің орнына көкек атауын қайтарайық. М.Әуезов, Ә.Марғұлан қалыптастырған, ата-бабадан аманатқа қалған ай атауларын бағалай білейік, бұрын қалай болды, сол дәстүрге сай атайық, ардақтайық.

— Наурызды теңдіктің мерекесі деп атау күн мен түннің теңелуіне ғана байланысты ма, әлде басқа да мәні бар ма?

— Наурыздың ежелгі атауы Ұлыс күні екенін Абай атамыз айтып кеткен. Ұлыс күні деген мемлекет күні деген сөз. Ол күні хан тағынан түседі делінген. Күн мен түн теңескен күні адам мен адам да тең болу керек деген түсінік болған. Шәкәрім атамыз «Күң құтылар сырықтан, құл құтылар құрықтан» деп жазған. «Ұлыс күнінде құлға да еркіндік беріліп, бір күн патша тағына отыруға хақылы болады екен» дейтін аңыздар қалған. Соған қарағанда Ұлыс күнінің бір философиясы адам баласының бәрі Жаратқанның алдында тең, бәрінің туған күні ортақ, бір-бірімен теңескен күні деп түсінген. Наурыздың осындай да мәні болған.

— Сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге рахмет! Ұлыс оң болсын!

— Ұлу (балық) жылы құт-береке жылы болсын! Бағана Ұлудың су әлемімен байланысты мифтік рәміз екенін айттым. Ұлу жылында жауын-шашын мол болып, жерден ырыс төгілген кезең келсін!

Соңғы жаңалықтар