Ұлы даланың Ұлы тұлғасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем тарихында қабырғасы қайысқан ұлтының рухын көтеріп, елінің еңсесін тү­зе­ген танымал тұлғалар жетерлік, деп жазады «Айқын».
None
None

Өзге жұртты былай қойып, көшпенділердің арғы тарихына көз жүгіртсек, «күннен туған, гун­нен туған пайғамбар» (Мағжан) ғұндарды өз заманында өркениетті деп саналған қытай­лармен тең еткен, санастырған, қаһарымен ықтырған, елінің етек-жеңін қымтап ба­қуат­ты етіп, «жабайылардан» (Батыс тарих­шыларының айтысы) ғұн мемлекетін құр­ған патша Мөде, мұқым Еуропаны Рим ез­гісінен азат еткен һәм Еуропа тарихында «құтқарушы» деген ілтипатқа ие болған аты-шулы ғұн қолбасшысы Еділ батыр (Аттила), Түрік қағанатын құрып, «тізеліні бүктіріп, бастыны идірген, күлде жатқан елін күн еткен» Тоныкөк, Күлтегін, Естеміс баһадүрлер, сар далада сағым қуып, жат жұрттықтарға жем болып жүрген ұлыс­та­рын жұдырықша жұмылдырып, әлем та­рихында ерекше орны бар Ұлы қағанат құрған Ұлы Шыңғыс хан, бұл арғысы десек, бергісі болып саналатын иісі қазақтың өт­кен өміріне көз салсақ, сұрапыл кезең­дер­-де қазақтың қазақ болып қалыптасуына үлкен септігін тигізген, елдің есінде аттары қал­ған Қасымхан, Хақназар, әз Тәуке, Абы­лай хандардың орны ерекше. Бұлардың барлығы да ұлтымыздың бағына туды, сол жолда бар ғұмырын сарп етті. Мұның да бәрі өткен күндердің өзекті шежіресі дер болсақ, кеше ғана адамзат үшін ұлы өзге­рістер әкелген жиырмасыншы ғасырда есімдеріне төрткіл дүние мәшһүр, аш құр­сақ халқын тойындырған, бақуатты еткен, ұлыстығын жоғалтудың аз алдында тұрған ұлтын ұйытып, әлем санасатын қабырғалы мемлекет еткен, дара тұлғалар жеткілікті. Олар - Қытайдың ұлы реформаторы Дэн Сяопин, сингапурлық Ли Куан Ю, үнділік Махатма Ганди, түрік Мұстафа Кемал Ата­түрік, француз Шарль де Голль және басқа­лар. Бұлардың қай-қайсы да өз ұлтының көшбасшысы, мемлекетінің негізін қалау­шы, өркениетке жетелеуші болған арда ұл­дар һәм жеке ұлттың емес, әлем тарихында аты қалған қайталанбас дара тұлғалар. 

Бүгінгі күні Сингапур да, Қытай да, Үн­ді­стан да, Түркия да және Франция да - әлемдік саясатта адуынды, өзіндік орны, сал­мағы бар, өркениет көшіне ілесе білген алпауыт мемлекеттер. Бұл елдердің биік деңгейге көтерілуіне басында аттарын атап өткен тұлғалардың сіңірген еңбегі зор. Осы алыптардың ортасынан ойып тұрып орын алатын, бір қатарда тұруға еңбегі бар бір адам - бүгінгі жасампаз Қазақстан бас­шысы - Нұрсұлтан Назарбаев. 

Ақиқаты сол, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігін күні кеше алып, қысқа уақыт ішінде жер-жаһанда қазақ деген жұрт ба­рын, сол қарға тамырлы қазақтың Қазақ­стан деген мемлекет құрып отырғанын әлем­ге танытқан қайталанбас тұлға, сараб­дал саясаткер. Сондықтан болар, халық оны «Ұлт көшбасшысы» деуге лайықты тұлға ретінде таныды. Бірақ Назарбаев - өз халқы­ның алдында ғана емес, әлемдік қауымдас­тықтың алдында да мойындалып қойылған тұлға. Қазақстан әлемнің өркениетті ел­де­рі­нің қатарына қосылды. Елбасы «алдымен экономика, сосын саясат» ұстанымын жүр­гізді. Сәтті жүргізілген реформалар тосын келген түрлі дағдарыстарға тойтарыс бере алды. Көрші республикалармен салыс­ты­рып айтар болсақ, рас, тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдары аймақта жатқан елдердің бәрінің жағдайы бірдей еді. Бірақ Қазақстан басшысы түркімен Сапармұрат Ниязов се­кілді елді бейтараптандырып, шекараны тұмшалап, елдің мәдениетіне балта шапқан жоқ. Қайта шекараны ашты. Сырттан ин­вестор тарта отырып, халықтың әл-ауқатын, тұрмысын түзетуге бейіл танытты. Тәжік­стан­дағыдай азаматтық соғысқа жол бер­меді. Өзбекстандағыдай халық күйзелген жоқ. Бұл Елбасы жүргізіп отырған саясат­тың дұрыс екенін тағы бір дәлелдеді. Қыр­ғыз елі алатайдай бүлініп, өздері сайлаған екі президентті де тым-тырақай сыртқа қуып, алпауыт елдердің қуыршағына айнал­ды. Дәл осындай күйді Украинада кешу үстінде. Ал салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Қазақ­стан мамыражай тірлік кешті. Мұның бәрі халық сенім артқан адамның ел алдын­да­ғы жауапкершілігін дұрыс атқарып, мем­лекеттік істі дұрыс жүргізе білгендігінде болса керек-ті. 

Рас, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дең­гейдегі тұлға. Кезінде Сингапур басшысы Ли Куан Ю-ді үлгі тұтқан Маргарет Тетчэр «Назарбаев - әлемдегі ең ірі және ықпалды бес саясаткердің бірі» деп бекер айтпаса керек. Сонау тоқсаныншы жылдардың ба­сында мыңдаған адамға қасірет әкелген Се­мей ядролық полигонын жауып, ядро­лық қарусыздануға жол ашқаны - осының бір көрінісі. Сондай-ақ ядролық оқ тұмсық­тардан өз еркімен бас тартқан ел де біз. Сол тұста Қазақстан ядролық қуаты жөні­нен әлем бойынша төртінші орында тұрды. Бірақ адамзатқа заһар төгетін қа­рудан бас тартып, Азияда бейбітшілік, тыныштық, тұ­рақтылық орнауына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жол ашты. Өзгеге өнеге болды. Қа­зақстан БҰҰ-ға әлемдік қоғамдастық­-тың қатардағы жаңа мүшесі ретінде ғана емес, сонымен бірге қазіргі заманның ең бір өзекті халықаралық проблемалары бойын­ша белсенді позиция ұстанатын, ядролық қарусыздану жолындағы қозғалыстың алғы шебінде тұрған мемлекет ретінде енді. 1991 жылы Семей ядролық сынақ алаңының жа­былуы және 1992 жылы Лиссабонда ядро­лық қаруы жоқ мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу жө­нінде міңдеттеме алуы - Қазақстанға үл­кен бедел сыйлады және БҰҰ Бас Ассам­блея­сының жоғары мінберінен халықара­лық қауіпсіздік саласындағы жеке баста­ма­­ларын көтеруге моралдік құқық берді. 1992 жылдан бері Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде 10-нан аса рет болып, БҰҰ Бас Ассамблеясы жұмыстарына қатысты. Жаһандық мәселе­лерді көтерді. 

Бір ақиқат дүние, ХХІ ғасырдағы әлем­дік және аймақтық қауіпсіздікті қамтама­сыз етуде ядролық қауіпсіздіктің алар орны ерекше. Өйткені бүгінгі күні әлемнің әр бұ­рышында түрлі қақтығыстар орын алуда. Лаңкестік ұйымдар халықты үрейге бөлеп, әр жерде жарылыстар жасауда. Сол лаңкес­тердің қолына, не болмаса ел басқарған ти­рандардың қолына әлгі қару түсетін бол­са не болады? Онда жалпы адамзатқа қауіп төнді дей бер! Осы мәселеге келетін болсақ, бұл жолда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі үлкен. Ғаламдық қауіпсіздік сауал­да­рын аймақтық қауіпсіздік мәселелерімен ұштастыра алған Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларының мұндай елеулі орында бағалануы да заңдылық. Қазақстан әлемдегі атом өнеркәсібі бар елдердің бел ортасынан орын алады. Әйтсе де еліміз оны қауіпсіз әрі бейбіт мақсатқа пайдаланып келе жатқаны белгілі. Бұл ретте Елбасының МАГАТЭ се­кілді халықаралық ұйымдар­мен ынты­мақ­таса отырып ядролық қауіп­сіздікке бай­ла­нысты қабылданған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Осы саясаттың нәтижесінде елімізге сенім артып, Қазақ­стан ядролық тұрғыдан қорғалған 20 елдің қатарына кір­гендігі мәлім. Саммитте На­зар­баев: «Біз бей­біт мақсат үшін ядролық отын өндірудің жаһандық технологиялық тізбегінен лайық­ты орын алу ниетіндеміз. Болашақта ядро­лық энергияны бейбіт мақ­сат үшін пайда­лануымыз қажет» де­генді бекер айтқан жоқ. Атом адамзаттың да­муына, бейбіт өміріне қызмет етуі тиіс. Жалпы, Елбасының ядро­лық қауіпсіздік саласындағы бастамалары Қазақстанның абыройын асқақтататын маңызды бастама­ларының бірі болып отыр. Бұл мағынада еліміз әлемнің кез келген мем­лекетіне мы­сал бола алатын елге айнал­ды. 

Нұрсұлтан Назарбаев бастама­шылды­ғымен ТМД-ның кеңістік аясында құрыл­ған Еуразиялық экономикалық қауым­дас­тық, Кедендік одақ, Ұжымдық Қауіпсіздік шарты келісімі, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және се­нім шаралары жөніндегі кеңес және Еур­азиялық экономикалық одақ секілді ірі құ­рылымдардың маңызы күн сайын артып келеді. Бұл аталмыш ұйымдардың бәрі де тек елдің игілігіне қызмет етіп жатқаны бел­гілі. Қазақстанның Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ислам кон­ференциясы ұйымына төрағалық етуі де Елбасының әлемдік қауымдастық алдын­дағы беделінің арқасы екені шындық. Басы бірікпей, дүрдараз болып жүрген әлемдегі түрлі дін өкілдерін бір үстелдің басына отырғызып, диалог жүргізді. Ынтымаққа ша­қырды. Астана әлсін-әлсін өзге дін өкіл­дерінің басын қосып, ақылдасатын, кеңе­сетін Меккеге айналды. Осылардың өзі-ақ Нұр­сұл­тан Назарбаевтың кім екенін ай­шық­­тап тұр. Мәселен, БҰҰ-ның 70 жылдық ме­рейтойына арнайы шақырылған Елбасы биік мінберде тұрып ғаламдық бастама­ларын ортаға тастады. «Мен Жер бетіндегі өркениет таяудағы отыз жылда соғыстар мен қақтығыстардың шиеленген түйінін даналықпен тарқату үшін күш-жігер таба алатынына сенімдімін. ХXI ғасырда адам­заттың ең басты міндеті әлемді соғыс қа­терінен мүлде арылтатын және оның себеп­терін жоятын стратегияны жүзеге асыру бо­луға тиіс. Сол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның жүз жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама - 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Оның мәні - барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ре­сурстарға және нарықтарға қол жеткізуінің әділ шарттары негізінде әлемдік дамудың жаңа трендін қалыптастыру, сондай-ақ адам­заттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті орнықтыру» деді. Сондай-ақ Жаһандық Стратегиялық бастаманы бес салаға бөліп, түсіндіріп берді. БІРІНШІ­ДЕН, Ядролық қарудан азат әлем құруға қа­дам басу. Президент, бұл бағыттағы қол жеткен жетістіктерге тоқталып өткен. Бір белгілі мәселе, 2015 жылдың 7 желтоқса­нын­да БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша, ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабыл­даған. Бұл - осы бағыттағы алғашқы жетіс­тік. Қазақстан әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Бұл шешім жетекші ядролық держава­лар­-ды ядролық сынаққа мораторий жария­лауға қозғау салды. Қазақстан аумағында МАГАТЭ келісімімен атом энергетикасын дамытуға арналған, төмен байытылған ядро­­лық отын банкі құрылды. Бұл да ядро­лық қарудан азат әлем құруға бастаманың бірі бола алады. Президент ядролық қаруды су түбінде, Арктикада сынауға тыйым са­латын жаһандық шешім қабылдауды, жап­пай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасауға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оның орындалуын міндеттеуді ұсын­ды. ЕКІНШІДЕН, Ядролық және бас­қа да жаппай қырып-жою қаруларынан азат әлем құру. Әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар. Олар - Антарктида, Латын Америкасы, Африка, Австралия мен Океа­ния, орталықазиялық ядролық қарусыз аймақтар. Ендігі басты мақсат - осы аймақтардың көлемін ұлғайту. ҮШІНШІ: Әскери блоктардан бас тарту.ТӨРТІНШІ: бағытта Елбасы ядролық қарусыздану бағ­дарламаларының ескіргенін, сондықтан ха­лықаралық қарусыздануды жаңа тарихи жағдайларға бейімдеуді ұсынды. БЕСІН­ШІ: Соғыссыз әлем құру. Барлық ұлттардың тең дәрежеде әділетті еркін өмір сүруін қалып­тастыру. Міне, Елбасының әлем халқына ұсынған мәлімдемесі. Егер де осы тарихи құ­жатта айтылған мәселелер мүлтіксіз орын­­далатын болса, онда ХХІ ғасыр адам­зат үшін бейбіт, мамыржай ғасыр болмақ.

Жұрттың назарын аударған бір мәселе, Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның штаб пәтерін Азияға көшіру туралы ойы. «70 жыл бұрын Женевада, жұмыс істеуден қалған Ұлттар Лигасының орнына Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған кезде оның штаб-пәтерін Нью-Йоркте орналастыруға шешім қабыл­данды. Бұл сол кезеңде халықаралық қаты­настар бойынша Батыс Жарты шарының рөлі артқандығына байланысты болған еді. Әлемді дамыту орталығы Кәрі құрлықтан Жаңа құрлыққа, Еуропадан жаһандық өрлеудің жаңа орны - АҚШ-қа, Нью-Йорк­ке ауысты. Содан бері көп нәрсе өз­герді, әлем өзгеше қалыптасты. ХХІ ғасыр­да даму орталығы әлемнің ең үлкен кон­тиненті - ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғыр­лан­ған Азияға қарай ойысады. Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қа­рым-қатынасына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдаланудың маңызы зор. Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пә­терін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынамын» деп өз ойын білдірген. Тарих бе­тінен көріп отырғандай, Назарбаевтың БҰҰ мінберінен көтерген бастамаларының көбісі нақты жүзеге асты. 

2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев «29 тамызды - ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн» деп атауды бас­тама ретінде көтергені белгілі. Сол 2009 жылы желтоқсанның 2-сiнде БҰҰ Бас Ас­сам­блеясы Қазақстан Президентінің баста­ма­сымен ұсынылған «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн» атты Қарарды мақұлдады. Содан бері әлем «Ядролық сы­нақтарға қарсы халықаралық күнді» атап өтіп келеді. Тағы бір еске сала кететін жайт, 7 миллиардтан астам халық көз тіккен әлемдік мінберден Елбасы Ұлы дала ті­лін­-де сөйледі. Осылайша, қазақ баласы БҰҰ-ның ресми бекітiлген алты тілін ысырып қойып, жалпақ жаһанға қазақ тілінде тіл қатты. Ол бірден халықаралық алты тілге аударылып, төрткүл дүниеге тарады. Бұл - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт тілін жаһанға танытудағы үлкен еңбегі. Ал әлемді дағдарыс қысқан бүгінгі күні Елбасы одан шығудың өзіндік жолын көрсетті. Ол - «Нұр­лы жол» бағдарламасы. Бір тілмен айтқанда «Нұрлы жол» - еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет өрісіне шы­ғаратын Қазақстанның Жаңа экономика­лық саясаты. Сондай-ақ Ұлт жоспары -Бес институттық реформа. Оны жүзеге асыру­дың тетігі - «100 нақты қадам» бағ­дар­ламасы. Сондай-ақ тағы бір үлкен мә­селе, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Қа­зақстан Республикасы Президентінің ма­нифесі туралы шешім қабылдады. Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтондағы IV ядролық қауіпсіздік сам­митінде жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесі екі негізгі дүниежүзілік ұйым - Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты деген жоғары мәр­тебеге ие болды. Өткен аптада Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жыл­дардағы тұрақты емес мүшесі болып бекі­тілді. Бұл - әлем алдында үлкен жауапкер­шілігі бар миссия. Әлем қауіпсіздігіне жауап беріп отырған мұндай ірі ұйым кез келген елді бауырына тартпасы белгілі. Мұның өзі Елбасының беделінің арқасы деп таныған жөн. 

Демек, Нұрсұлтан Назарбаев - шетел­-дік ірі саясаткерлер, аузы дуалы сарапшы­лар мойындаған әлемдік деңгейдегі бірегей тұлға, сұңғыла реформатор екендігінде дау жоқ.

 

Соңғы жаңалықтар