Ұлы құндылықтарымызды әлемге танытуға тиіспіз - ақын
«Бұл бұған дейінгі жүзеге асырылып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын мазмұндық жағынан байытып, ауқымын кеңейтуге зор ықпал етпек. Мақаладағы бағдарлы жеті тақырып атауларының өзінен-ақ әр оқырманның сана биігінде ұлы даланың жеті кереметі деген айшықты ой да жеті жұлдыздай жана кетеді десем артық айтқан болмаспын. Біз бұрын кім едік, болашақта қандай болуымыз керек деген сұраққа толық жауап боларлық негіз бар бұл мақалада. Елбасымыз өзінің ел басқарудағы даналығын тағы бір жарқын биікке көтерді. Батыстың мифтік жадында кентавр бейнесінде жатталған бабаларымыздың жылқының жалында танылған батырлық тұрпаты тәуелсіздігіміздің арқасында әлемдік деңгейде дәріптелетін мүмкіншілікке қол жеткізбек», - дейді Құдайберлі Мырзабек.
Оның айтуына қарағанда, ежелгі өркениеттің жетістігі саналатын темірдің сырын тапқан да, алтынмен апталған салтанатты мәдениеттімен адамзатты таңқалдырған да, түркі әлемінің бесігі болған, Ұлы жібек жолы арқылы батыс пен шығысты жалғастырған, алма мен қызғалдақтың отаны Қазақстан екенін ұрпаққа ұлығат еткен Елбасымыз көк тудың құдіреті мен қасиетін ұқтырды.
«Бұл мақаланы әркім оқып шығуы керек. Біз осындай тарихы бар, осындай аманаты бар халықпыз. Өзімізді өзіміз танып біліп, дүниежүзіне ұлы құндылықтарымызды танытуға тиіспіз. Ұлы даланың Елбасы атаған жеті қырын зерттеп, зерделеу арқылы қазақ тілінің шексіз байлығының қайдан шыққанына да көз жеткіземіз. Өз басым мақаланы оқып шығып қанаттанып, қуанып отырмын», - дейді ол.