19:12, 13 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Ұлы Отан соғысы ардагерінің қолды болған орден-медальдері мұрагерлеріне қайтарылды
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Ақмола облысына қарасты Еңбекшілдер аудандық ішкі істер бөлімінің жедел іздестіру топ мүшелері Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қолды болған төрт ордені мен медальдерін мұрагерлеріне қайтарды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департаменттен алынған хабарға сәйкес, Степняк қаласының тұрғыны Николай Костин қарт жауынгер әкесінің соғыс жылдарының белгісі болған наградаларының қолды болғанын қоныс аудару кезінде бір-ақ байқаған. Дереу аудандық ішкі істер бөліміне арызданып, тиісті ақпараттарымен бөліскен. Тәртіп сақшылары өздерімен аралас жүрген 26 жасар әйелден күдік алып, сол бағытта тексеріс жүргізген. Артынан белгілі болғандай, Е.есімді азаматша майдангердің наградаларын 2010 жылдың Жаңа жыл кешін отбасымен бірге тойлап жүргенде жымқырып кеткен болып шықты. Араға сегіз ай салып, Отан соғысындағы ерлік пен ержүректіктің белгісі мұрагерлерге қайта табысталды.