Ұлы Отан соғысы кезінде пайдаланылған 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалған болса, бүгін еліміз оқ-дәрінің бәрін сырттан сатып алып отыр ? Қ. Сұлтанов

АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлы Отан соғысы кезінде пайдаланылған 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалған болса, бүгінде еліміз оқ-дәрінің бәрін сырттан сатып алып отыр. ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелеріне қатысты заң жобасына байланысты сөз сөйлеген сенатор Қуаныш Сұлтанов осылай мәлім етті,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сөз барысында Қ. Сұлтанов заң жобасын талқылауда бірқатар проблемалық мәселелер белгілі болғанын айтып, бұған Үкіметтің де назар аударуы тиістігін жеткізді. «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысқа бағытталған заң жеті жыл бойы жұмыс жасамай құр жатты. Елбасы экономиканы әртараптандыру жөнінде қаншама тапсырма жүктеді, соның өзінде мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласында ешқандай да жұмыс жасалмаған деп айтуға болады. Шындығында, бұрын Кеңес одағы кезінде Қазақстанда қорғаныс саласының 50-ден астам кәсіпорындары қызмет еткен. Ал одан бұрынғы тарихта - Ұлы Отан соғысы кезінде пайдаланған 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалған деректер баршылық. Ал бүгінгі жағдайда жаңа технологияның дәуіріне жетіп отырған еліміз оқ-дәрі, гильзаларды сырттан сатып алып отыр. Не себепті бұндай халдеміз? Өйткені бұнда басымдық мемлекеттік тұрғыдан емес, тек экономикалық тұрғыдан қарастырылып келді. Әрине, мемлекет болғаннан кейін экономиканы ойлаған дұрыс. Бірақ, бір кездері Үкіметте «өзіміз өндіргеннен гөрі, сырттан дайынын сатып алған пайдалы», деген көзқарастағы шенеуніктер де болды. «Қой өсірудің керегі жоқ, етті сатып алу тиімді», деген сөздер де айтылған. Сыңаржақтылық, мемлекетке ешқандай жаны ашымаушылық, салғырттық, енжарлық деген осы. Шынын айтқанда, Алла бетін ары қылсын, Қазақстанда жаман жағдай орнай қалса, оқ-дәрінің барлығын шетелден алатын еліміздің бірнеше күннің ішінде қорғаныстық жағдайы да белгілі болып қалар еді», - деді Қ. Сұлтанов. Сонымен бірге, жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы қорғаныс ісіне бөлінетіндігін айтқан депутат, сол қаржының әлі де тиімдірек болуына назар аудару қажеттігін атап өтті. «Біз шын мәніндегі мемлекеттің қорғаныстық қабілетін саяси тұрғыда қарауды әлі ескермей келе жатқан сыңайлымыз. Сондықтан да, Үкіметтен талап ететін мәселе жеткілікті болып отыр», - деді Қ. Сұлтанов.
Соңғы жаңалықтар