17:38, 06 Қараша 2013 | GMT +5
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгердің сүйегі қайта жерленді - БҚО
ОРАЛ. 6 қараша. ҚазАқпарат - 5 қараша күні Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылындағы Жеңіс алаңы алдында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан Құси Жұмағалиевті қайта жерлеу рәсіміне арналған қаралы жиын болды.

Қ.Жұмағалиев 1909 жылы Жәнібек ауданында өмір есігін ашқан. 1937 жылы Жымпиты орта мектебіне мұғалімдік қызметке келген ол білім саласындағы ерен еңбегі үшін 1939 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталады. 1942 жылдың аяқ шенінде майданға аттанған Құси хабар-ошарсыз кеткен. Тек 2012 жылдың тамызында ресейлік «Феникс» атты оқушылардың іздеу тобы тапқан мүрденің кеудесіндегі «Құрмет Белгісі» орденінің нөмірі Мәскеу арқылы анықталып, ол Қ.Жұмағалиевтікі болып шықты. Қазақстандық жауынгер Курск иінінде қаза тапқан. Оның көз жұмған жері Курск облысы Понырев ауданы Игишев селосының маңы екені белгілі болды. Сырым ауданы басшылығы жіберген арнайы делегация Курскіден жауынгердің сүйегін алып келді. Жалпы, сол Игишев селосы маңында соңғы екі жылда 56 жауынгер қайта жерленген. Қазақ жауынгерінің мүрдесімен бірге оның «Құрмет Белгісі» ордені, гвардия белгісі, каскасы мен тамақ ішкен ыдысы қоса әкелінді. Қаралы жиында аудан әкімі Абат Шыныбеков елі үшін жан қиған ерлердің есімі мәңгі ұмытылмайтынын, соның бірі Құси Жұмағалиев екендігін атап өтті. Ардагер-ұстаз, аталмыш делегация мүшесі Асан Жүсіповтің айтуынша, Игишев селосы маңында шайқасқан 34 жауынгердің төртеуі қазақстандық екен. Олар - А.Дәулетбеков, Г.Игишев, М.Шефран, Х.Мухамбедиев. Делегация мүшесі, Қ.Жұмағалиевтің ұрпағы Талғат Жұмағалиевтің баян еткеніндей, атасы ұрыс салып, қаза тапқан жерден көптеген гильза қалдықтары, мылтықтар шыққан. Жанынан майдандастарының денесі де қоса табылған. Осы батальон командирі Г.Игишевтің есімі кейін аталмыш ауылға берілуі де кездейсоқтық емес. Бұл - кеңес жауынгерлері жастығын ала кетіп, ерлікпен қаза тапты деген сөз. Соғыс және еңбек ардагері, бүгінде Орал қаласында тұратын Қадыр Ғайсиннің сөзіне қарағанда, Жымпиты орта мектебінде оқыған кезде оған сол мектептің директоры Құси Жұмағалиев ұстаздық еткен. «Орта бойлы, сары адам еді, интернаттың бір бөлмесінде отбасымен тұрды. Ол кісі орден алды дегенде қатты қуандық, бұл оның азаматтығына деген құрметіміз еді, талай баланы интернатқа орналастырып, қамқорлық жасады», - дейді ардагер. Қаралы жиыннан кейін жауынгердің сүйегі ауыл шетіндегі бейітте жер қойнына беріліп, ескерткіш тақтасы да ашылды.