Ұлы Жеңіске 70 жыл: Батысқазақстандық сарбаз С.Мұхамбетқалиевтің қайда жерленгені 70 жылдан кейін анықталды

Оның айтуынша, атасы Сабыр Мұхамбетқалиев Ұлы Отан соғысында қаза болғанда, әжесі Қайырлы 20-дан асқан жап-жас келіншек күйінде жесір қалып, жалғыз ұлын сүйрелеп, соғыс кезінің бар тауқыметін тартып, аштан өлмей, көштен қалмай, аман-есен бейбіт күннің көшіне ілесіпті. С.Мұхамбетқалиев - қазіргі Теректі ауданында 1932 жылы ұйымдастырылған «Аңқаты» кеңшарын құрушылардың бірі. «Аңқаты» кеңшарын қалыптастыруда көп еңбек сіңірген, басшылық қызметтерде жасаған екен. Жұмысшылар комитетінің төрағасы, шатауат (бухгалтер) болып, директор Писарев деген кісімен қоян-қолтық жұмыс жасаған. Аңқатыдағы С.Мұхамбетқалиевтің көзін көрген әжелер «Сабыр десе, Сабыр еді-ау» деп оның азаматтығын, кісілігін аңыз қылып, әңгіме етіп отыратын. Әрине, соғыс жылдары Сабыр Мұхамбетқалиев ерлікпен қаза болды деген «қара қағаз» келіпті. Бірақ колхоз басқармасының төрағасы көпке дейін естірте алмай жүріпті. Содан сол «қара қағаз» жоғалып кетіп, жауынгердің қай майданда, қай жерде қаза болғандығы дүдәмәл күйінде қалды.
«Атамыздың ізін табу мақсатында 2013 жылдан бастап белоруссиялық әріптес ғалымдарға хабарластық. П.Машеров атындағы Витебск мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, мың болғыр Николай Васильевич Пивовар шын ниетімен архивтерді ақтарып, мынадай мәлімет жіберді. «Мухамбетқалиев Сабир. Дата рожд. - 1909; Место рождения - Западно-Казахстанская обл., Чапаевский р-н., с/з Анкатинский; Дата и место призыва - 01.01.1942, Чапаевский РВК, Казахская ССР, Западно-Казахстанская обл., Чапаевский р-н.; Последнее место службы - 158 сд. Войнское звание - красноармеец.; Причина выбытия - убит. Дата выбытия - 08.10.1943.; Название источника информации - ЦАМО; Убит в бою 8.10.1943 г. При наступлении на город Лиозно. Похоронен в братской могиле в г.п. Лиозно». Осы хабарды алған соң атамыз тіріліп келгендей қуандық. Ендігі мақсат атамыздың қай бауырластар қорымында жатқанын анықтау болды. Сөйтсек, тек Лиозно қаласының айналасында 3 мың қорым бар екен. Тағы да із шиырлауға тура келді. Сондай бір күнде Лиозно қаласының идеология, мәдениет және жастар ісі бөлімінен хат келді. Бұл хатта атамыздың №3588 бауырластар қорымында жерленгені және Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай аты-жөні жазылып, ескерткіш тақта орнатылатыны айтылыпты. Атамыз Сабыр Мұхамбетқалиев құрамында болған 158-атқыштар дивизиясының тарихын зерлесек, қанды жорықтардың ізі сайрап жатыр. 1942 жылы 20 қаңтардан бастап Қызыл Армияның 158-атқыштар дивизиясы екі рет қайта жасақталады. 1942 жылдың басында шақырылған біздің ауылдың жігіттері де осы дивизияның құрамына енген болуы керек. Соғыс тарихында 158-атқыштар дивизиясының өзіндік орны бар, бұл дивизия Берлинді алу операциясын қатысып, ерлік жолын даңқпен аяқтады. Ендігі мақсатымыз - алдағы жазда ұрпақтары болып атамыздың басына барып, тағзым етіп қайту», - деді Мұрат Бөкенбайұлы.