Ұлы Жеңіске 70 жыл: Батысқазақстандық жауынгер М.Ишанғалиевтің ордендері 59 жылға кешікті

Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешенінің бөлім меңгерушісі Гүлжиян Сапарғалиеваның айтуынша, Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында соғыс кезінде ерлік көрсетіп, бірақ марапаттары тапсырылмай қалған батысқазақстандық майдангерлердің кешіккен ордендері 59 жылдан кейін табыс етілген еді. Соның ішінде кіші лейтенант Мәди Ишанғалиев 1945 жылдың 20 қаңтарында екінші дәрежелі, ал 26 ақпанында Бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған екен. Осы ордендер арада 59 жыл өткенде, майдангердің жесірі Әсияға тапсырылды. Ал Мәди Ишанғалиев болса, мұндай марапаттары бар екенін білместен өмірден өткен еді.
1945 жылы М.Ишанғалиев жаралы боп елге оралғанда, гимнастеркасында «Қызыл Жұлдыз» ордені жарқырап тұрған. Онымен 1944 жылдың 28 қарашасында Чехословакияның Поздичевце селосы шайқасында ерекше батылдықпен бірнеше фрицтің көзін жойып, жауынгерлерді ұрысқа бастап, мықты қорғаныс орнатқан жау әскерін талқандауда ержүректік үлгісін көрсеткені үшін сол жылдың 12 желтоқсанында марапатталған.
Оның майдандағы жолын зерлегенде, 1941 жылдың қыркүйегінен әскерге алынған ефрейтор М.С.Ишанғалиев Сталинград, Шығыс және 4-Украина майдандары құрамында (Яшкуль, Элиста, Миус, Мелитополь, Сиваш) талай ұрыстарға қатысып, әлденеше жараланып, одан қайта қатарға қосылып отырған. Ол майданда пулеметші, барлаушы, минометші, автоматшы және рота комсомол, партия ұйымдарының жетекшісі болады. Шайқаста жаужүрек, жауынгерлер арасында сөзімен, ісімен батыл ұйымдастырушы Мәди Сәрсенбайұлы 216-атқыштар дивизиясы 665-атқыштар полкінің басшылығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ұсынылғанымен, берілмеген екен.
1944 жылдың 20 сәуірі мен 20 қыркүйегі аралығында саяси жетекшілер курсына жіберілген М.С.Ишанғалиев үлгілі оқуы мен тәртібі, моральдық ұстанымы мен отаншылдығы үшін 4-Украина майданы басқармасы саяси жетекшілер курсының бастығы, подполковник И.Васляев оны «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне қайта ұсынған. Соның негізінде майданның саяси басқармасының даярлық курсының курсанты, ефрейтор М.С.Ишанғалиев КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жыл 25 қыркүйектегі Жарлығы бойынша ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Бірақ М.Ишанғалиев өз қолымен жазған өмірдерегінде мұндай марапаты болғаны жөнінде айтпайды.
М.Ишанғалиев 1944 жылдың 25 қыркүйегінен 4-Украина майданының 1-гвардиялық армиясы 276-атқыштар дивизиясының 876-атқыштар полкінде батальон комсоргі болады. Оның жеке басының қажыр-қайраты, жастар жетекшісі ретіндегі жұмысы, қарамағындағы жауынгер-комсомолдардың ерлік істері туралы ғаламтор желісіндегі ақпаратта: «Кіші лейтенант М.С.Ишанғалиев 1944 жылдың желтоқсанындағы Першовск (Чехословакия) жотасындағы биіктікті алу операциясында комсомолдардың күштерін жауапты позицияларға қоя біліп, ұрыста жеңіске жетуге мүмкіндік жасады. Батальон командованиесінің келісімімен 6 комсомол мүшесінен құралған шабуылшы топты ұйымдастырып, биіктікке топпен бірге бірінші болып көтеріліп, әскерге жол ашты. Тағы бір биіктікті алуда жау әскерінің күніне бірнеше қайтара шабуылдаған операциясын тойтаруда М.Ишанғалиев жеке басының өжеттігі, ұрыстағы батылдығымен атқыштар полкі жауынгерлеріне үлгі болды. Ол оқ пен оттың арасында жүріп, саяси жетекші ретінде шайқастарда батылдық көрсеткендер туралы үндеу-парақшалар таратып, жауынгерлердің ерлігін дәріптеп, дивизиялық газетке жазады. Ұрыстар арасындағы үзілістерде әскер құрамасының азық-түлік, оқ-дәрі, қару-жарақпен қамтамасыз етілуін түгендеп отырады» - деп көрсетіп, М.С.Ишанғалиевті 4-Украина майданы 11 атқыштар корпусы командирінің 1945 жылдың 20 қаңтарындағы №013/К жарлығы бойынша ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапаттаған. Бұл жарлықтан бейхабар Мәди Ишанғалиев Еуропа жерін фашизмнен азат ету шайқастарында жүріп жатады.
М.Ишанғалиев туралы Орталық мемлекеттік мұрағат қорынан алынған келесі бір ерлік анықтамасында: «Кіші лейтенант М.Ишанғалиев рота комсомол ұйымдарын құруда, жас жауынгерлер мен комсомол мүшелерінің әскери дайындығын тәрбиелеуде дамылсыз жұмыстанады.1945 жылдың 17-30 қаңтар аралығындағы шабуылдаушы шайқастарда М.Ишанғалиевтің ержүрек жауынгерлері жастар жетекшісінің дайындығын көрсетті. Осы жылдың 26 қаңтарында Янувка (Польша) селосы маңындағы 611.0 биіктік пен 28 қаңтардағы Макув қаласы үшін болған шайқаста кіші лейтенант М.Ишанғалиев жаяу әскердің соғыс тәртібін орнындай отырып, жеке басының ерлігі мен табандылығы нәтижесінде жауынгерлерді қаһармандыққа бастады. Макув қаласы ішіндегі көше шайқастарында М.Ишанғалиев екі аяғынан жараланса да, батальон командирінің эвакуациялауға берген бұйрығынан бас тартып, ұрыс позициясында қалды» деп баяндалады. М.Ишанғалиев 11-атқыштар корпусы командирінің 1945 жылдың 26 ақпанындағы №013/К бұйрығымен І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады.Бірақ марапат иесіне табыс етілмей, Мәди Ишанғалиев Каменкадольск қаласындағы №3879 эвакогоспитальда 25 сәуірге дейін емделіп, елге демалысқа жіберіледі. Елге келіп, әл жиған М.Ишанғалиевке қайта сапқа тұру қажеттігі болмай қалады. Себебі оның қаруластары ол кезде Еуропа елдерін фашизмнен толықтай азат етіп қана қоймай, жауды Берлинде тізе бүктірген еді.
«Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған ол ел шаруашылығынын түзеу, өркендету ісіне кіріседі. Соғысқа дейін еңбек еткен Орда ауданының әйгілі №88 түйе зауытында есепші қызметін жалғастырды. Соғыстан қалған бетіндегі тыртық, аяғындағы мина жарқыншақтарының ара-тұра мазалағаны қан майданнан оралмаған талай боздақты ойлағанда, ұмытылатын. Бейбіт күнде өңіріндегі «Қызыл Жұлдыз» ордені жанына Жеңістің 40 жылдығында барлық майдангерлер марапатталған ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені қосылды. Олардың қатарында жоғарыда аталған марапаттары мен 59 жылдан кейін келген ордендері сол кезде тұрғанда ғой... М.С.Ишанғалиев отты күндердегі ерлігі мен еңбегін бағалаған тағы да ордендерінің бар екенін, олардың кеш те болса өзін іздеп табатынын білмеді. Майдангер 1996 жылы 74 жасында дүниеден өтті.