Ұлы Жібек жолы төрткүл дүниені тоғыстыратын Ұлы Жаһан жолына айналуға тиіс - Апталық шолу
«Қазіргі кезде түркітілдес мемлекеттердің экономикалық әлеуеті өте зор. Тәуелсіз алты мемлекеттің ортақ жалпы ішкі өнімі 1 триллион 200 миллиард долларға жетті. Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы түркітілдес 5 елдің үлесі 6 пайыз ғана болып отыр. Сондықтан ортақ экономикалық әлеуетімізді барынша жетілдіруіміз керек. Егер баршамыз күш біріктірсек, жаһандық дағдарысқа табанды тойтарыс бере аламыз»,-деді Елбасы саммитте сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысы бауырлас елдердің ортақ игілігіне бастайтын маңызды бағыт туризмге байланысты екенін қадап айтты. Осы орайда енді туристерді Түркі әлеміне көбірек тарту басымдықты бағыттардың бірі болмақ. Мысалы, былтыр Қытай туристерінің саны 100 миллионға жеткеннін ескерсек, олардың Қытайдан тысқары елдерде жұмсаған шығыстары 102 миллиард долларды құраған. Бұл көрсеткіш алдағы онжылдықта екі есеге артады деп болжанып отырған көрінеді. «Осыған орай бәріміз бірлесіп, туризм саласын жаңғыртуымыз керек. Өйткені, Түркі әлемінде де жаһан жұртын тамсандыратын табиғат жауһарлары мен тарихи орындар жеткілікті. Бұл - Ұлы Жібек жолының сан тарау жолдары жалғасқан айшықты өңір. Күш біріктірсек, әлемге әйгілі осы брендті Түркінің игілігіне жаратуға болады деп санаймын. Біздің бастамамызбен «Түркі кеңесі - заманауи Жібек жолы» атты бірлескен туристік өнім шығару қолға алынды. Ұлы Жібек жолы бойынша электрондық туристік жолнұсқа әзірлеу жұмыстары басталды. Ұлы Жібек жолы төрткүл дүниені тоғыстыратын Ұлы Жаһан жолына айналуға тиіс», - деді Н. Назарбаев. Президенттің пайымынша, келесі жылғы отырыстың тақырыбын Түркітілдес мемлекеттердің ақпараттық кеңістігін дамыту, біріккен, бәсекеге сай бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қатысты өткізу дұрыс болады. Саммитте бүкіл әлемге түркітілдес елдер туралы, еліміздің мәдениеті мен тарихын баяндайтын арнайы спутниктік телеарна ашу мәселесін қарастыру ұсынылды. «Сонымен қатар біз халықаралық жер серігі арқылы түрік, ағылшын және орыс тілдерінде хабар таратуды дамытуымыз қажет. Бәсекеге сай Әл-Жазира, ВВС сияқты телевизиялық арна ашсақ, түрік дүниесін әлемге паш етіп, пайдасы зор болады»,-деді Мемлекет басшысы.
5 айда «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты Өтіп бара жатқан бұл аптада ҚР Үкіметі «Жұмыспен қамту» бағдарламасының бес айлық қорытындысын қарады. Министрлер кабинетінің отырысынан кейін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бұл бағытта атқарылған мәселер жайында айтып берді. «Бүгін біз Үкіметте «Жұмыспен қамту» бағдарламасының бес айлық қорытындысын қарадық. Биылғы жылы «Жұмыспен қамту» бағдарламасында біз негізгі үш мәселеге көңіл бөліп отырмыз. Біріншіден, бағдарламаның тиімділігін арттыру. Екіншіден, бағдарламаның көлемінде мемлекеттен берілетін қолдаудың атаулығын ары қарай жалғастыру. Үшіншіден, осы бағдарламаны басқару тетіктерін дамыту», - деді ол. Биыл министрлік әкімдіктермен бірлесіп, аз қамтамасыз етілген және жұмыссыз, сонымен бірге өзін-өзі қамтылғандарды жұмысқа тарту мәселелері жөнінде жаңа индикаторлар айқындаған көрінеді. Оның атап өтуінше, ағымдағы жылы министрлік жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, жыл соңына дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыздар мен аз қамтамасыз етілген 154 мың адамды «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр. «Ағымдағы жылдың 5 айында біз 40 мыңнан астам азаматты «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында жұмысқа орналастырдық», - деді Т.Дүйсенова. Министрлік деректеріне қарағанда, бес айда бағдарлама аясында жұмысқа тартылғандардың 64,9 пайызы жұмыссыздар болса, ал 33,6 пайызы - өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Сонымен қатар бағдарламаға балалар мен жастардың белсенді қатысуы байқалады. Олардың үлесі сәйкесінше 48 және 46 пайызды құрайды. Шетелдiктерге жалға берiлген жердiң жалпы көлемi 300 мың гектардан асады Осы аптадағы Үкімет отырысында сонымен қатар ҚР «Кейбiр заң актiлерiне жер қатынастарын реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы талқыланды. Бұл мәселе бойынша Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Өңiрлiк даму министрi Болат Жәмiшев баяндады. Оның сөзіне қарағанда, шетелдiк компанияларға немесе тұлғаларға жалға берiлетiн жер телiмдерi жобаның өзiн-өзi ақтау мерзiмiне дейiн берiледi. «Қазiргi уақытта ол 10 жыл мерзiмге дейiн шектелген. Шетелдiктерге және шетел иелiгiне тиесiлi компанияларға 313 мың гектар жер ауыл шаруашылық мақсаттар үшiн жалға берiлген. Ендiгi кезекте олар 10 жылдан астам уақытқа ұзартылады, егер жобаға инвестиция салу талабы орындалғанда ғана 10 жылдан аса мерзiмге ұзартылады. Басқа жағдайда 10 жылдан көп мерзiмге берiледi. Бұл айтып отырғанымыз ауыл шаруашылық мақсаттарына арналған жерлер», - дедi Б. Жәмiшев. Айырбастау пункттері болашақта банк филиалдары сияқты қызмет етуі тиіс Дүйсенбіде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов ақша айырбастау пунктері мәселесі жайында сөз қозғады. «Қазақстанда валюта айырбастау пункттері банк филиалдары сияқты қызмет етулері керек, бірақ біз қазір олардың қызметін шектеу мақсатында белгілі бір іс-әрекеттер жасап жатқан жоқпыз», - деп түсіндірді ол. ҰБ төрағасының айтуынша, банк құрамындағы айырбастау пункттері қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бағдарламалар және құрылғылармен толық қамтылған. «Ал жеке тұрған көптеген пункттерде мұндай артықшылықтар жоқ, сондықтан біздің ойымызша, орта мерзімді перспективада біз солардың қорғанысын күшейтуде бірқатар шараларды қолға алатын боламыз», - деді Қ.Келімбетов. Бұдан бөлек, ол теңгенің тағы құнсыздануы мүмкін деген сөз кезекті жалған ақпарат екенін қадап айтты. Жалпы мұндай өсек-аяң 2009-2014 жылдар аралығында жылына шамамен 13 рет айтылып келеді екен. Сондықтан осындаймен айналысатын арнайы алаяқтар тобы бар екенін, олардың мақсаты халық арасында түсініспеушілік туғызу екенін білу керек. Атап айтқанда, қазір мұнайдың бағасы жоғары болып тұр. Рубль де күшейіп келеді. «Дегенмен рубль ең төмен шегіне дейін құнсызданып кетсе де, бізге ешқандай қауіп төнбейді. Менің ойымша, біздің теңгеміздің құны жеткілікті дәрежеде қорғалған», - деді ол. Белгілі болғандай, банктің ішкі резерві 28 млрд. долларды құрап отыр. Сондықтан ешқандай девальвацияға негіз жоқ. Егер 2012 жылы Ұлттық банктің ішкі резерві 28 млрд. доллар болған болса, 2013 жылы ол 24 млрд. долларға түсіп қалды. Ал 2014 жылдың 21 мамырында ол қайтадан 2012 жылғы деңгейіне көтеріліп, 28 млрд. доллар болды. Яғни осы тұрғыда ешқандай девальвацияға негіз жоқ.