Ұлыбританияның іргесі сөгілді: Солтүстік Ирландия, Шотландия тіпті Гибралтар Корольдіктен енші алғысы келеді

Еуроодақтан шығу туралы дауыс беру нәтижесі Ұлыбританияны екіге бөлді. Математикалық мағынада ғана емес, референдум қорытындысы бойынша, ағылшындар мен валлиліктер brexit жағында, ал Солтүстік Ирландияның басым бөлігі мен тұтас Шотландия - қарсы. Сынықтан басқаның бәрі жұғады. Британия Еуропаның мәжбүрлі билігінен шаршаса, Белфаст (Солтүстік Ирландия) пен Эдинбург (Шотландия) те жоғары жақтың пікірімен келісуге міндетті емес. Осылайша, «волынкалар елінде» үш жыл ішінде (кешегіні қосқанда) үшінші жалпыхалықтық референдум туралы айтылуда.
Бұл туралы Шотланд ұлттық партиясының жетекшісі Никола Старджон мәлім етті. «2014 жылмен салыстырғанда Шотландияның өз еркінен тыс Еуроодақтан шығуы секілді маңызды өзгерістер орын алса, шотландиялық парламентте тағы бір референдум өткізетін құқық болуы тиіс», - дейді ол.
Соңғы рет Шотландия Ұлыбританияны құрған Уния туралы Актіні (1707 ж) үш жыл бұрын өзгерткісі келді. Шотланд ұлттық партиясының жетекшісі Алекс Салмондқа референдумда жеңіске жету үшін 5 пайыз дауыс жетпей қалған еді.
Мұндай жікке бөліну Солтүстік Ирландияға да келіп жетті. Деклан Керни, Ирландиядағы көлемі жағынан екінші партия төрағасы, британ билігі Солтүстік Ирландия халқының атынан сөз сөйлеу құқығынан айырылғанын мәлімдеді.
Дегенмен, солтүстік ирландиялықтардың дербестікке ұмтылатын түрі жоқ. Ұлтшылдар «шекара туралы референдум» бастауды ұсынды. Яғни, «үлкен» Ирландиямен бірігіп, сол арқылы Еуроодақтың құрамында қалуды көздеп отыр.
«Келесі премьер-министр кім болса да, шекара туралы референдум өткізу туралы Шинн Фейн партиясының заңды талабымен санасатын болады. Қанша уақытты талап етсе де, бізге өркениетті диалог керек, солтүстік халқы үшін тиімсіз шешімнің салдарын бағамдау қажет», - дейді Солтүстік Ирландия бірінші министрінің орынбасары Мартин МакГиннесс.
Екі жағдайда да ұлтшылдардың позициясы кемшіліксіз емес. Мәселен, Ирландияның бірігуі үшін екі тараптың да ынта-ықыласы болуы шарт. Католиктер мен протестанттар ымыраға келуі тиіс. Ал өткізу нарығын қолжетімді ету - бұл тәуелсіз Шотландия бас қатыратын бірінші мәселе емес.
Өткен референдумда Эдинбургте айтылған салықтан түсетін кірістен енді үміттенбеу керек. Brent кен орны сарқылып жатыр, ондағы скважиналар алынған өнім қымбат деген желеумен жабылуда: мұнайдың қазіргі бағасымен - еш тиімсіз. Сондықтан, ол жер Лондонның немесе Брюссельдің дотациялық аймағы болса да, еш айырмашылығы жоқ.
Саясаттанушы Суздальцевтің айтуынша: «Шотландияның бөлінуіне де, қалуына да айтылған экономикалық аргументтер шамалас. Айналып келгенде Лондонға немесе Брюссельге тіреледі. Бұл экономика үшін жасалатын таза саяси шаруалар».
Экономика демекші, жақында АҚШ президенттігіне үміткер бизнесмен Дональд Трамп Шотландияға келді. Жеке гольф-клубына келді десе де, негізгі мақсаты - референдум қорытындысының жариялануы болған секілді.
«Халық өз мемлекетін өзіне қайтарғысы келеді, - дейді Трамп. - Олар тәуелсіз ел болғысы келеді. Бұл менің ғана жеке пікірім емес. Бүкіл Еуропада осы үрдіс жүріп жатыр: адамдар шекараның қалпына келгенін, валюталарының қайтарылғанын қалайды. Олар қайтадан өз мемлекетінде өмір сүргісі келеді».
Трамптың бұл сапарында не болғанын айту қиын. Ал бизнес-мүдделері айдан анық: Брюссельдің ығыр еткен «қамқорлығынсыз» жұмыс істеген әлдеқайда ыңғайлы. Бірақ мұнда Трамп-саясаткер Трамп-іскерден асып түсті: егер демократ Обаманың өзі Brexit-ке қарсы үгіт жүргізсе, республикашыл және антижүйеші Трамп керісінше, қолдауға мәжбүр болды. Және бұл мүмкіндігінше елеулі көрінді.