Ұлыбританияның Норвич қаласы мектебінің оқушылары Ұлыстың Ұлы күнін атап өтті
Мейрам шарасын осы қаладағы Шығыс Англия университетінде оқып жатқан «Болашақ» стипендиаттары ерлі-зайыпты Қанат Әуесбай мен Баян Тұрсынбаева ұйымдастырды. Қанат пен Баянның алты жасар ұлдары Ералы былтыр Норвичтегі мектептің бірінші сыныбына барған еді. «Бір жыл өте шықты, оқуымыз аяқталған соң, Ералының мектебіндегі сабағын үзуге тура келіп отыр. Кетер алдында ағылшын балаларына Қазақстан туралы мүмкіндігімізше мәлімет беріп, жағымды әсер қалдырғымыз келді. Бұл ойымыз жүзеге асты деп ойлаймын», - дейді «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында Қанат Әуесбай. Мерекелік шара барысында Қанат Әуесбайдың отбасы түгел ұлттық киім киіп, құрт, тары, талқан, бауырсақ сияқты ұлттық тағамдардан құралған дастархан жайды. Ал ағылшынша «Happy Nauryz» деген жазуымен мерекеге арнап пісірілген торт дастарханды тіптен жайната түсті. Бұл ата-аналар ағылшын балаларына Қазақстан туралы интернет арқылы жан-жақты танымдық мәліметтер айтты. Бүлдіршіндер де қазақ елі туралы өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алып жатты. Балдырғандарды Қазақстанның күн райы, жері, халқы туралы мәліметтер қызықтырды. Шара соңы әкелі-балалы Қанат пен Ералының домбырамен орындауындағы «Елім менің» әніне ұласты.