Ұлыбританияның премьер-министрі сегіз кандидаттың ішінен сайланады

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның билеуші Консервативтік партиясы елдің жаңа премьер-министрі лауазымына сегіз кандидат, оның ішінде сыртқы істер министрі Лиз Трасс, қаржы министрі Надим Захави және бұрынғы қаржы министрі Риши Сунак та бәсекеге түсетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News-ке сілтеме жасап.

«1922 комитеттің» (Консервативтік партияның басқару органы) басшысы Грэм Брэдидің айтуынша, парламенттік фракциясының мүшелері арасындағы дауыс берудің бірінші кезеңі 13 шілдеде өтіп, сегіз кандидаттың сайлауға қатысу мүмкіндігі болады. Олардың әрқайсысы 12 минуттан сөйлейді. 30-дан аз дауыс алған үміткерлер бірінші турдан шығарылады.

Одан кейін тағы бірнеше тур өтеді, нәтижесінде премьер-министр лауазымына тек екі үміткер қалуы керек. Олардың кандидатуралары Консервативтік партия мүшелерінің (тек депутаттар ғана емес) жалпы дауыс беруіне беріледі. Елдің жаңа премьер-министрінің есімін сайлаудың соңғы нәтижелері 5 қыркүйекте белгілі болады.

7 шілдеде Борис Джонсон сексуалдық зорлық-зомбылық жасады деп айыпталған саясаткердің парламенттегі маңызды лауазымға тағайындалуына қатысты жанжал аясында Консервативтік партияның көшбасшысы қызметінен кететінін мәлімдеген болатын.

Парламентарийлер Джонсонның бұған дейін де осыған ұқсас істер бойынша айыпталғанына қарамастан бұл депутатты жоғары лауазымға тағайындағанына наразылық білдіріп, ішкі тергеуде тағылған айыптар негізді деген қорытындыға келді.

Джонсон бұл туралы ештеңе білмегенін айтты, бірақ кейін оқиға туралы оған жеке хабарланғаны туралы көптеген дәлелдер келтірілді. Премьер-министр кешірім сұрауға мәжбүр болып, артынша оның кабинетіндегі 50-ден астам министр отставкаға кетті.


Фото: english.news.cn


Соңғы жаңалықтар
telegram