«Ұлыстың ұлы күні мәртебелі таққа отырды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Ақпанның 25-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 2-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Алқалы жиын барысында кеңес мүшелері аталған бағдарламаның 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды. Осыған орай «Айқын» газетінің бейсенбілік санында «Маңызы бар «Мәдени мұра». Қоғамдық кеңес атқарған жұмыстардың қорытындысын шығарды» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, бұл жоспар қазақ елінің тарихи, мәдени, археологиялық және сәулет ескерткіштерінің маңыздыларын қайта жаңғыртуды, ата-бабаларымыздан қалған бай мұраны зерттеудің біртұтас жүйесін құруды, ұлттық және әлемдік ғылыми ой-сана, мәдениет және әдебиет баспа серияларын дайындауды көздейді екен. Осы шараларға былтыр ел бюджетінен 2 миллиард 079 миллион 415 мың теңге бөлініп, бұл қаржы толық игерілген.

Кеше ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ және «Ел» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты домбыра күйлері антологиясының тұсаукесері өтті. Аталған шараға қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «бүгінгі күн шын мәнінде қазақ тарихындағы ең айтулы күн. Өйткені «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының алғысөзімен халқымыздың мыңжылдық мәдени мұрасы басылған, тек домбыраға ғана емес, сондай-ақ қобызға, сырнайға да арналған мың үздік таңдаулы күйіміздің антологиясы шығып отыр», деп атап өткен. «Айқын» газетіндегі мақала «Бабалардан жеткен сый ұлтымыздың рухани қазынасын толықтырды» деген тақырыппен берілген.

Ал осы басылымда жарық көрген «Қазақтың тілі - күй!» атты көлемді мақалада антология жан-жақты талданып жазылған. Аталған антологияға қай күйші, оның қандай туындылары кіргендігін білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санындағы мақалаға назар салыңыз.

Осы тақырыпқа баса назар аударған «Нұр Астана» басылымының да бүгінгі санында «Әркімнің көңілінде тіл қатқан күй!» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда «1000 күйге «дәстүрлі» деген атауды қосуымыз, мұнда таза автордың өз орындауында, шәкірттері арқылы бүгінгі күнге жеткен, жалғыз домбыра, қобыз немесе сырнаймен сүйемелденетін күйлерді кіргіздік. Сондықтан оны дәстүрлі деп атадық», деген ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің сөзі келтірілген.

«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы, Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан-Шарлем Бертонэмен кездесті», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның жазуынша, тараптар екі елдің басқарушы партиялары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, екі ел мүддесіне қатысты ынтымақтастықтың алдағы уақыттағы бағыттарын талқылаған.

***

«Сүйінші! Жыл басы - Наурыз мейрамы биылдан бастап, түркі, парсы және кавказ халықтарында ғана емес, 200-ге тарта ел ұйысқан Біріккен Ұлттар Ұйымының көлемінде дүбірлетіп аталып өтпек. БҰҰ Бас Ассамблеясы «Халықаралық наурыз мерекесі» қарарын бірауыздан қабылдап, 21-ші наурыз күнін әлемдік мереке ретінде белгіледі. Әз Наурыз алғаш рет бір ұлттың немесе мәдениеттің мерекесі ретінде ғана емес, бүкіл адамзат мұрасының құрамдас бір бөлігі ретінде аталып өтілетін болады», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақала «Ұлыстың ұлы күні мәртебелі таққа отырды» деген тақырыппен басылған.

Соңғы уақытта еліміздің қаржы нарығындағы доллар арзандап, теңгенің ақырындап нығайып келе жатқандығы айқын. Бұл жайтты назарынан тыс қалдырмаған «Алаш айнасы» газеті өзінің тұрақты «Ой-көкпар» айдарында білікті екі маманға «Мамандар болжап отырған теңге бағамының нығаюы экономикамызға тиімді ме?» деген сауалдарын қойған. Аталған сауалға Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов «Иә, арзан доллар мемлекет үшін, бюджет үшін тиімді. Өйткені экспортерлердің валютасын арзанырақ сатып алуға, яғни еліміздің валюта қорын, Ұлттық қордың валютадағы бөлігін толықтыруға мейлінше аз қаржы жұмсайтын болады», десе, экономика ғылымының кандидаты Мұхтар Тайжан «Өмірдегідей экономикада да біржақты пайдалы не зиянды өзгерістер болмайды. Теңгенің нығаюының тиімді де, тиімсіз тұстары бар. Бірақ оң-солын бағамдай келсек, мұның зиянды жақтары басым», дейді. Екі маманның жауаптарының толық нұсқасын басылымның бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.

«Кеден одағының көпшілік үшін әлі де болса көлеңке тұстары кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тағы бір мәрте қаузалып өтті. Аталмыш одаққа қатысты бірнеше заң жобасын қолтықтай келген Қаржы министрі Болат Жәмішевті депутаттар жеп қоя жаздады», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Жазылған жайттың жаңғырығын басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Тұсауы кесілген кеденнің жібіне шырмалып жатырмыз» атты мақаладан егжей-тегжейлі таныса аласыздар.

***

«Экономика» газетінің бүгінгі санында «Инфляция: деректер мен дәйектер» деген тақырыппен мақала басылды. Экономикалық ведомстволар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының деректеріне сүйеніп жазған басылымның хабарлауынша, 2010 жылғы қаңтарда инфляция 1,4 пайыз болған, бұл 2008 жылғы қаңтардан бастап ең жоғары деңгей болып табылады. «Азық-түлік тауарларының бағасы 1,1, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,3 жəне ақылы қызмет көрсету 2,8 пайызға өсті. Азық-түлік тауарлары нарығында өткен айда, көп дəрежеде темекі бұйымдары -4,7, жемістер жəне көкөністер - 2,9, қант -1,9, сүт өнімдері жəне жұмыртқа - 1,7, май жəне тоң майлар - 1,2, ет жəне ет өнімдері 1,1 пайызға қымбаттады. Бидай ұны 2,5, күріш 1,4 пайызға арзандады», деп жазады басылым.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бірқатар аймағының әкімдерін қабылдады», деп жазады «Литер» газеті. Сәрсенбі күні Астанада ҚР Президенті Алматы әкімі Ахметжан Есімовпен, Ақмола облысының әкімі Альберт Раумен және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен жұмыс кездесуін өткізді. Аймақ басшылары Елбасы алдында өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп, 2010 жылғы жоспарларымен бөлісті.

Бұл жайында «Казахстанская правда» газетінен де оқи аласыздар.

«ҚР Мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың ҚХР-ға ресми сапары аяқталды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. ҚР СІМ-нің Қытайдағы сапарының ресми бағдарламасының екінші күнінің ресмилігі бәсең болғанымен, жоспар тығыз күйінде болды. Қ.Саудабаев Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында болып, оның вице-президенті Ли Янмен кездесті, сондай-ақ аспанасты елінің ғалымдары алдында ауқымды баяндама жасады.

Соңғы жаңалықтар