Ұлытау облысын қайта жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар таныстырылды

«Мемлекет басшысының Ұлытау облысына жұмыс сапарында берген тапсырмасына сәйкес, біздің министрлік облыс әкімдігімен бірлесіп, Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспары жобасын әзірледі. Жоба 9 бағыттан және түрлі салалар бойынша іске асыруды көздейтін 126 іс-шарадан тұрады», - деді Ұлттық экономика министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Кешенді жоспарға жалпы 1,4 трлн теңге инвестиция бөлінеді деп күтілуде, оның ішінде жеке инвестициялар – 1,2 трлн теңге немесе 87,4% болмақ. Облыс дамуының негізгі бағыты өнеркәсіп екенін ескере отырып, кешенді жоспарда осы бағыттағы бірқатар іс-шаралар қамтылды.
«Нақты айтқанда, минералдық-шикізат базасын кеңейту үшін талшықты кварц өндіруді жылына 17,4 мың текше метрге дейін арттыру, 9 кен орындарында және тау-кен жұмыстары шегінде геологиялық барлау жүргізу көзделген. Сондай-ақ, 9 өндірістік зауыт пен гидрометаллургиялық өңдеу кешендерін, өнеркәсіптік реагент шығару, кен орындарын жаңғырту жолымен өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жоспарлануда», - деді Ә. Қуантыров.
Шағын және орта бизнес саласында Жезқазғанда көтерме-тарату орталығы, 3 қонақ үй кешендері және демалыс үйі салынады деп күтілуде.
«Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға да назар аударылуда. Кешенді жоспар аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу бойынша 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды. Бұдан басқа, жем-шөп базасын жасауға мүмкіндік беретін жем-шөп және оған қоспалар өндірісін қосу күтілуде. Іске асырылатын жобалар мал басын орта есеппен 40%-ға ұлғайтып, өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдері тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді», - дейді министр.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен инфрақұрылымды дамыту саласында 300 шақырым су құбыры, 127 шақырым су бұру, 130 шақырым жылу желілері жөнделеді және салынады, сондай-ақ жылу станциясы жаңғыртылып, Жезқазған қаласында екінші жылу электр орталығы салынады.
Сондай ақ, тұрғын үй проблемаларын шешу үшін шамамен 137 үйге немесе 1 058 пәтерге дейін Жезқазған қаласының тұрғын үй қорын жаңарту жүргізіледі.
Көлік инфрақұрылымы аясында теміржол вокзалы мен әуежай ғимараты, оның ішінде ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылады. Бұдан басқа, еліміздің басқа қалаларымен әуе қатынасының жаңа бағыттары ашылады деп болжануда, 400 шақырымға жуық автожолды салу, реконструкциялау және жөндеу жоспарлануда.
Медициналық мекемелердің және денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымның жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін 235 орындық және 350 келушіге арналған 5 денсаулық сақтау нысанын салу мен күрделі жөндеуден өткізу көзделген.
Білім беру саласында 880 орындық 4 балабақша және 1100 орындық 4 оқушылар сарайының құрылысы жоспарлануда, сондай-ақ мемлекеттік техникалық университет ғимаратын салу мәселесі пысықталады.
Мәдениет және спорт саласында 6 мәдениет және 10 спорт нысандарын салу мен реконструкциялау жоспарлануда.
«Кешенді жоспардың бірқатар іс-шаралары өңірдегі экологиялық жағдайды да жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, Жезқазған және Сәтбаев қалаларын көгалдандыру, Кеңгір және Жезді су қоймаларын тазарту жұмыстары жүргізіледі. Осы шараларды іске асыру шеңберінде 2026 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 40,8%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 35%-ға өсу болжанып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,7 есеге, ал ШОБ субъектілерінің өнім шығаруы 2,5 есеге өседі», - деді Әлібек Қуантыров.
Ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету 100%-ға, ал оқушыларды қосымша біліммен қамту 80%-ға жетеді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол деңгейі 98%-ды құрайды, 9,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.
«Тұтастай алғанда, кешенді жоспарды іске асыру өңір экономикасының өсу қарқынын жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта кешенді жоспардың жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді», - деді Ұлттық экономика министрі.