Ұмытылмас жан

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адамның өмірі «қамшының сабындай» қысқа болғанымен, оның өмірде қалдырған ізі, жақсылығы кейінгі ұрпақ санасында сақталуы тиіс. Сонда ғана ол адам ешқашан өлмейді
None
None

Адамның көзі тірісінде айтыла бермейтін жақсылықтарын кейде сол адам өмірден өткеннен кейін айтып, мақтанып жатамыз. Міне, осындай айтуға, мақтануға тұратын азамат Дәнекеев Берімқұл болатын. Ол еліміздің сот саласында ұзақ жылдар тер төгіп, Жамбыл облысында бірнеше аудандық соттардың төрағы қызметін абыроймен атқарған жан.

Берімқұл Дәнекеұлы Қордай аудандық сотының төрағасы қызметінен 1986 жылы құрметті демалысқа шықты. Араға төрт жыл салып, 1990 жылдың 2 қазанында 63 жасында өмірден озды. Алайда Берімқұл Дәнекеұлының мәңгілік сапарға аттанғалы арада ондаған жыл өтсе де, оның жарқын бейнесі еш ұмытылмайды. Оны жақындары мен әділсот саласында бірге қызмет еткен әріптестері жиі сағынышпен еске алады.

Осыдан төрт жыл бұрын марқұмның соңында қалған ұрпақтары мен туыстары оны еске алып ас берген еді. Өмірден озғанына 20 жыл толуына байланысты берілген асқа жиналған халықтың қарасы қалың болды. Барлығы марқұмның жақсылығын, кісілігін айтып, жиналғандардың оған деген сағынышын еселей түскендей болды. Сол жиында Жамбыл облыстық сотының судьясы Елена Лозовецкая Берімқұл Дәнекеұлын жайлы: «Қымбатты достар! Өмірден жақсы адам кетсе, соңында оның жақындары мен ұрпақтары мақтанышпен басатын ізі қалады. Мен алғаш сот хатшылығы қызметіне келгенімде Берімқұл Дәнекеұлының қарамағында болдым. Ол кісіден көп тәлім алдым, тәжірбиеде сол кісінің бағыт-бағдарымен шыңдалдым. Ол уақытта бүгінгідей компьютер атымен жоқ. Соған қарамастан, бәріне үлгеретін едік. Мұның өзі Берімқұл Дәнекеұлының сала жұмысын жүйелі ұйымдастыра алатын шеберлігі болса керек. Ал, қазір ол кісінің мектебінен өткен қызметкерлер оған ұқсап бағуға тырысамыз», - деп ыстық ықласын білдірген еді.

Осынау сарыала күздің кешінде сағынышқа толы еске алулар бірінен-соң бірі айтылып жатты. Ешкім арнайы сөз беруді тоспады. Мұның өзі Берімқұл Дәнекеұлының бұл өмірдегі ізінің өшпейтіндігін білдіргендей. Үш ұл, төрт қыздың әкесі, отызға жуық немеренің атасы көзі тірі болса, биыл 88 жасқа келеді екен.

Дәнекеев Берімқұл 1926 жылы Жамбыл облысы Луговой ауданы Құмарық ауылында дүниеге келген. Аумалы-төкпелі заманда өмірге келген оның балалық шағы ашаршылыққа тап келеді. Үйір-үйір жылқысы мен табын-табын сиыры, қора-қора қойлары өріске сыймаған Құмарық ауылының берекесін тосыннан келген аштық қашырды. «Жылан жалмағандай» күйге түскен ауылдың халқы тіске басар тамақ іздеп жан-жаққа босып кеткен. Осы кезде Данекеевтер отбасын үлкен ұлы Нұрымқұл құтқарыпты. Бес жасар інісі Берімқұл мен анасы Маухымды ертіп, іргелес жатқан Қырғызстанға қоныс аударып жан сауғалайды. Кейін билік жағдайды қолға алып, халықты аштықтан аман алып қалудың амалдарын жасайды. Сол кезде Нұрымқұл өзінің кіші бауыры Берімқұлды «қайтсем де оқытамын» деп сөз берген екен. Бірақ қамқор аға дегеніне жете алмапты. Ол 1941 жылы соғысқа өз еркімен атанып, майдан даласында қаза болады.

Әйткенмен, аға арманын Берімқұлдың өзі орындады. 7 кластық мектепті үздік тәмамдаған ол, Луговой ауданы Қаракемер ауылдық кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалды. Осылайша, басталған еңбек жолы оны биіктерге жетелей жөнелді. Өйткені алғыр әрі елгезек жігіт кез келген істі іліп алып кететін қабілетті жан болған. Сөйтіп, Алматы заң институтынна оқуға түседі. Онда академик Салық Зимановтан дәріс алады.

Берімқұл Дәнекеев біраз өмірін прокуратура органдарына арнап, «КСРО-ның құрметті прокуратура қызметкері» атағына лайық деп табылды. Сондай-ақ әділет аға кеңесшісі, Жамбыл облыстық тергеу бөлімінің басшысы қызметтерін де абыроймен атқарады. Оған Берімқұл Дәнекеевтің еңбек жолында алған түрлі медальдары, көптеген құрмет грамотталары мен алғыс хаттары айғақ.

Бүгінде марқұмның ұрпақтары әкелерінің осындай құрметке лайық азамат болғандығына куә болып та жүр. Жамбыл облысында Дәнекеев тегіне аса құрметпен қарайды. Және ол кісіні білетін үлкендер балалары мен туыстарына «Берімқұл Дәнекеұлы жақсы адам еді, оның атына сай болыңдар!» деп жиі ескертеді екен. Мұны білген марқұмның балалары да әкелерінің атына кір келтірмеуге тырысуда. Мысалы, кіші ұлы Амангелдінің қызы Альбина (немересі) қазір Дәнекеевтер отбасының мақтанышы. Ол Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің магистранты, ҚХР-ның оқу грантының иегері. Сол секілді, Әділет Дәнекеев ғылымға ден қойып, магистратурада білім алуда. Бұл әулеттің жетістігін осылайша тізе беруге болады.

Жақындарының бірі аталарының сонау жылдардағы қайта құру кезінде СОКП бас хатшысы Михаил Горбачевке хат жолдап, Оңтүстік Қазақстан облысының Орталық партия комитеттінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровты заңсыз тағылған айыптан ақтап алу жөнінде хат жолдағанын айтып берді. Бұл оның батылдығын, азаматтығын аңғартқандай.

Берімқұл Дәнекеев еліне, туып өскен жеріне сіңген еңбегі ерен. Ол әрқашан ел есінде. Бүгінде оның жарқын бейнесі, өзінің қара шаңырағының төрінде ғана емес, Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының құрмет тақтасында да тұр.

Соңғы жаңалықтар