Ұн зауытында зардап шеккендердің бірі қайтыс болды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында ұн өндіретін зауытта болған төтенше жағдай кезінде зардап шеккен 49 жастағы қызметкер алған жарақаттардың салдарынан қайтыс болды.

Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, Қаскелең қаласындағы Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасына 23 мамыр күні 4 адам жеткізілді.
Зардап шеккен қызметкерлердің бірін аман алып қалу мүмкін болмады. 49 жастағы ер адамның денесін терең күйік шалған.
— Қалған үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары өте ауыр. Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл науқастарды жеке бақылауына алып, дер кезінде диагноз қою және толық ем алу үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр, — деп хабарлады басқармадан.
Осыған дейін Алматы облысында ұн зауытында жарылыс болғаны туралы жазған едік. Департамент мамандары астық қалдықтарының шаң-тозаңы жаралысқа себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.