«Үнді сериалдарына шектеу бар, Бірақ қай арнада?» - баспасөзге шолу
***
Отандық арналардан енді үнді және корей телесериалдары көрсетілмейтін болды. Бұл жөнінде Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзімханов мәлімдеген еді, деп жазады "Айқын" газетi "Үнді сериалдарына шектеу бар, Бірақ қай арнада?" атты мақалада.
Вице-министр: «Қазір отандық телехикаялар мен бағдарламаларды көптеп түсіріп, елдегі арналардан мемлекеттің мәдениетін көрсету бағытында жұмыс жасау керек. Көрермен «неге үнді және корей хикаяларын көрсетеді?» деп шағымданып жатады. Сауал өте орынды. Бүгінде осы сауалдың жауабын анықтау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Енді жаңа жобаларды іске асыруды бастаймыз» деген екен.
Олардың сериалдарын сатып алуға көп қаржы шығындалады. Біз жақсы білеміз: оларды трансляциялауға да мол шығын шығарылады. Нәтижесінде, мемлекеттік орасан зор қаржы түрік, корей сериалдар өндірісіне инвестицияланады. Сондықтан енді, түрік, корей сериалдарын сатып алуды тоқтату туралы түпкілікті шешім қабылданды. Биылдан бастап, бірде-бір сериал сатып алмаймыз» деген еді. Министрдің талабы «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Хабар» арнасында жүзеге асқан секілді. Өйткені, түрік пен корей сериалдары әлі күнге шекті коммерциялық арналарда емін-еркін көрсетіліп келеді. Мемлекет сол жолы түрік пен корейге шектеу қойғанымен, үнді мен ресейлік сериалдардың көрсетілмеуіне талап қоя алған жоқ. Елімізде оннан астам телеарналар болса, сол арналардың дені үнді сериалдарымен прайм-таймды толтырып келді. Соңғы кездері үнді сериалдарының қатарын филиппиндік сериалдар толықтырып отыр.
"Өткен жолы да отандық өнімнің де саны артады деп қуанған едік. Вице-министр Марат Әзімханов та «отандық телехикаялар мен бағдарламаларды көптеп түсіруге» басымдық береміз» дейді. Отандық өнімге қалай басымдық бере аламыз? Біріншіден, Қазақ хандығы туралы түсірілетін сериалдың өзіне қаржы жетпей отыр. Жылдың үздік сериалы болуға тиіс өнімге қаржы жетпесе, отандық сериалдарды көптеп түсіруге мүмкіндік туа қояр ма екен", - деп сауал тастайды басылым.
Биылғы жылдың алғашқы 6 айында Астана қаласы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясы 145 нысанға 163 тексеру жүргізіп, қазынаның 23 миллиард теңгеден астам қаржысына қатысты заңсыз әрекеттерді әшкереледі, деп хабарлайды "Айқын" басылымы "23 миллиардтың дерегi қайда?" атты мақаласында.
"Бұған қоса, инспекция қызметкерлері құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізген шаралар шеңберінде 68 тексеруге қатысып, бюджеттің 62 миллиард теңгесінің тиісінше жұмсалуын бақылады. Нәтижесінде, 10 миллиард теңгені «қолды қылмай» сақтап қалды", - делiнген аталған материалда.
Мамандар процессуалды шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына 5 бақылау материалын жолдады және мемлекет қаржысының оңды-солды жұмсалуына жол берген жауапсыз жандардың үстінен 10 талап-арыз түсірді. Сонымен қатар 33 лауазымды тұлғаның әкімшілік, 137 лауазымды тұлғаның тәртіптік жауапкершілікке тартылуына түрткі болды.
***
Кеше Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Бүркітбай Аяған мен Әлима Ауанасованың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған «Нурсултан Назарбаев: человек у власти» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газетi жазып отыр.
«Нурсултан Назарбаев: человек у власти» тарихи-өмірбаяндық кітабы «Нурсултан Абишевич Назарбаев - оснаватель независимого государства», «Нурсултан Назарбаев и казахстанская модель строительства государства», «Мир о Назарбаеве», «Кемеңгер», «Независимый Казахстан и Лидер нации» сынды көптеген еңбектің жалғасы. Авторлары бұл еңбек арқылы ең алдымен, елдің саяси шыңына шығып, оны халықаралық сахнада танымал ете білген дарынды тұлғаның өмір жолын көрсетуді көздеген екен. Яғни, ұсынылған жаңа кітапта алғаш рет Қазақстанның болашақ лидерінің қалыптасу жолын, оның әлем қауымдастығы оң бағалаған өсу жолы баяндалады, қалыптасқан мемлекеттің стратегиялық бағдарын айқындаған ірі геосаяси өзгерістер аясында мемлекет құру кезіндегі Қазақстан Көшбасшысының тәжірибесіне талдау жасалады", - делiнген "Билiк басындағы адам" атты мақалада.
"Егемен Қазақстанның" "Кешендi тест" деген тақырыппен жарияланған келесi материалы жоғары оқу орындарына түсудi көздеп отырған үмiткерлердiң арасында өтетiн кешендi сынаққа арналып отыр.
"Жоғары оқу орындарына түсуге ниет еткен талапкерлерден сынақ алу мақсатында жыл сайын өткізіліп келе жатқан дәстүрлі кешенді тестілеуге дайындық аяқталды деуге болады. Биыл өтініш бергендердің ұзын саны 81 285 болса, оның 56 741-і қазақ тілінде, ал 24 544-і орыс тілінде емтихан тапсырады. Өткен жылмен салыстырып қарайтын болсақ, өтініш бергендер саны 6,63% қысқарыпты. Сынақ тапсыруға тілек білдіргендердің 17 259-ы мектеп бітіруші түлектер екен. Ал 19 765-і 11 сыныпты бітіргеннен кейін кәсіптік-техникалық білім беру орындарында оқығандар, 44 261-і 9 сыныптан кейін кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде оқығандар болып табылады. Биылғы кешенді тестілеу ағымдағы жылдың 18 және 23 шілдесі аралығында Отанымыздағы 40 жоғары оқу орнының базасында өткізіледі. Оның ішінде үшеуі Ұлттық өнер университеті мен Ішкі істер министлігінің ведомствосына қарайтын үш жоғары оқу орны", - дейдi газет.
***
Ресми тiлде шығатын республикалық "Экспресс К" газетiнде Ақмола облысында тұратын ерекше отбасы туралы мақала жарық көрдi.
"Спортпен әуестенетiн ата-ана екi баласын Қазақстан чемпионы етiп тәрбиелеп шығарды", - делiнген "Великолепная четверка" атты материалда.
Сәуле жан-жары Александр Мухинмен спорттық резервтер мектебiнде танысқан. 1993 жылы Александр оған үйленуге ұсыныс тастайды. Екі ұлдары бар. Екеуін де олар спортқа бейімдеді. Қазiргi уақытта үлкен ұлы - Ринат Қазақстанның шаңғыдан ерлер құрамасына енiп отыр. Ал кiшi ұлы Александр Австриядан жүлделi оралды. Биыл Мухиндер "Мерейлі отбасы" байқауында жеңiмпаз атанды.