Үндістан мен Пәкістанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіру келіссөздері өте күрделі өтті - И.Каримов

«ШЫҰ дамуының жаңа кезеңі Ташкентте Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мәртебесін алу мақсатындағы міндеттемелері туралы меморандумдарға қол қоюы болары сөзсіз. Жасырмай-ақ қояйын, бұл құжаттар бойынша келіссөздер процесі барынша күрделі, қиын болды. Мұны білу қажет. Дегенмен, соңғы нәтижеде біз барлық қиындықтарды еңсере алдық, келісімге келдік және ШЫҰ-ның жалпы стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін сақтай отырып, жекелеген қарама-қайшылықтар бойынша ортақ пікірге тоқайластық», - деді И.Каримов.
Сонымен қатар, ол ұйымға Өзбекстанның төрағалығы кезеңіне орай бекітілген жоспарға сәйкес, 50-ден астам шараның өткендігін еске салды. Ұлттық үйлестірушілер кеңесі, Үкімет басшылары кеңесі, Сыртқы істер министрлері кеңесі, ШЫҰ қауіпсіздік хатшылары кездесуі кезіндегі жұмыстардың жемісті болғандығын баса айтты.
«Біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Мемлекет басшыларының қол қоюына ең алдымен ШЫҰ 15 жылдығының Ташкент декаларциясы, 2025 жылға дейінгі ШЫҰ-ны дамыту стратегиясын жүзеге асыру бойынша іс-қимыл жоспары енгізіледі. Ол Ұйымның негізгі мақсаттары мен басымдықтарын өмірде жүзеге асыру, оның халықаралық аренадағы мүддесін ілгерілету үшін маңызды бағдар, сенімді саяси база болуға икемделген», - деді Өзбекстан Президенті.