Үндістан Түркияға құтқарушылар мен дәрі-дәрмек жіберді
НЬЮ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат – Сейсенбі күні Үндістан жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға елдің Әскери-әуе күштерінің ұшағы бортында іздеу-құтқару тобы, іздестіру иттері мен медициналық заттардан тұратын гуманитарлық көмектің бірінші партиясын жөнелтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Indian Express басылымына сілтеме жасап.
Дүйсенбі таңындаТүркияның оңтүстік-шығысында және Сирияның солтүстігінде 7,8, 7,6 және 6 балдық жер сілкінісі болып, аймақта 4300-ден астам адам қаза тапты.
Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди дүйсенбі күні ел билігіне жер сілкінісінің салдарын еңсеру үшін қолдан келген көмекті көрсетуді тапсырды.
«Гуманитарлық көмектің бірінші партиясы – іздеу-құтқару топтары, арнайы үйретілген иттер, дәрі-дәрмек, бұрғылау машиналары және басқа да қажетті құрал-жабдықтар Түркияға аттануда», - деп жазды Үндістан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ариндам Багчи Twitter-дегі ресми парақшасында.
Indian Express басылымы Үндістанның Түркияға арнайы дайындалған қызметкерлерден тұратын екі іздеу-құтқару тобын жібергенін нақтылады.
Түркияның Үндістандағы Елшісі Фират Сунел Үндістан үкіметіне көмек ұсынғаны үшін алғыс білдірді.
TheHindu.com ақпарат агенттігі Сирияға көмек жөнелту сәл кешіктірілгенін хабарлады. Бұған себеп – тек медициналық заттары бар және іздеу тобы жоқ C-130 ұшағының түске дейін кешіктірілуі.
Көптеген ел үкіметтері жер сілкінісінен зардап шеккен аудандардағы құтқару жұмыстарына көмектесу үшін қызметкерлер, медициналық құралдар мен жабдықтарды жіберуде.
Фото:Twitter/@MEAIndia