Үндістанның Қазақстандағы Елшісі Ақтөбеде жүр

Бүгін облыс әкімдігінде елшінің қатысуымен «дөңгелек үстел» отырысы өтеді. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұйымдастырып отырған бұл шара өзара тиімді ынтымақтастық орнату мәселелерін арқау етеді. Үнді елшісінің аймаққа сапарының негізгі мақсаты - өзара тиімді экономикалық байланыстарды дамыту үшін Ақтөбе облысының әлеуетімен танысу.
Сапар аясында Үндістан елшісі сондай-ақ, «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Андар Шоқпытовпен кездеседі, Ақтөбе қаласының көрнекті жерлерімен танысады деп жоспарлануда.
Ал ертең А.Саджанхара «Восход Ориел» ЖШС, Дөң кен-байыту комбинаты сияқты өнеркәсіптік кәсіпорындардың әлеуетімен танысу үшін Хромтау ауданына аттанады. Сәрсенбі күні Елші облыс әкімімен кездеседі, Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға Үндістанның бизнес-топтарының атсалысуы, тоқыма және галантерея бұйымдарын шығаратын бірлескен өндірістер ұйымдастыру мәселелерін талқылау жоспарлануда.
Елші сапар қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізеді.