Үндістан АҚШ-тан 500 миллиард доллардың тауарын сатып алуға дайын
АСТАНА.KAZINFORM - Нью-Делиде премьер-министр Нарендра Модимен кездесу барысында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио «АҚШ-Үндістан серіктестігінің стратегиялық маңыздылығын атап өтті, - деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы тілшісі.
Мемлекеттік департамент Рубионың Үндістанға төрт күндік сапары кезіндегі келіссөздері сауда, энергетика және қорғаныс саласындағы ынтымақтастыққа бағытталатынын хабарлады.
-Біз келесі аптада немесе одан кейінгі аптада келісімге келеміз деп үміттенеміз. Бірақ біз келісімнің соңғы кезеңіне жеттік. Мен табысқа жететініме сенімдімін. Бізде оптимистік көзқараста болуға негіз бар, себебі біз сауда келісімін жасасудың алдында тұрмыз, - деді Марко Рубио Үндістанда.
Бейсенбі күні Рубио АҚШ Үндістанның энергетикалық жеткізіліміндегі өз үлесін кеңейту туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.
-Біз оларға қанша энергия сұраса, сонша энергия сатқымыз келеді. Бізде Үндістанмен бірлесіп істейтін жұмыс көп. Екі ел одақтас әрі серіктес. Біз олармен кеңінен ынтымақтасамыз, - деді Марко Рубио.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы премьер-министр Нарендра Модимен кездескеннен кейін Үндістанмен ірі келісімге қол қойғанын жариялады.
-Үндістан алдағы бес жылда энергетика, технология және ауыл шаруашылығына баса назар аудара отырып, 500 миллиард долларлық АҚШ тауарын сатып алуға міндеттенді, - деп жазды Марко Рубио өзінің Facebook парақшасында.
Huge thanks to @USAmbIndia Sergio Gor and our American diplomats for their efforts. Because of their great work, India has committed to purchasing $500 billion in U.S. goods over the next five years focusing on energy, technology, and agriculture. They're doing terrific work on… pic.twitter.com/iuZFOV1IWv
— Secretary Marco Rubio (@SecRubio) May 23, 2026
Рубио Үндістанда болған кезде АҚШ-тың Иран қақтығысына қатысты саясатымен бөлісті.
-Иран үш мәселе бойынша байыпты келіссөз жүргізуі керек: ядролық қаруды ешқашан жасамау міндеттемесі, уранды байыту мүмкіндіктеріне ұзақ мерзімді шектеу және жоғары байытылған уранмен не істеу керек деген мәселе жөнінде, - деді Марко Рубио.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы бүкіл әлем үшін ең шұғыл және маңызды қадам - бұғаздар арқылы кеме қатынасын қайта бастау екенін атап өтті.
Рубио «АҚШ Иранға әлемдік энергетика нарығын кепілге алуға жол бермейді және америкалық энергетикалық ресурстар Үндістанның энергетикалық ресурстарын әртараптандыра алатынын растайды» деп мәлімдеді.
Осыған дейін АҚШ пен Иран мәміленің негізгі шарттары бойынша келісімге келгені туралы жаздық.