Үндістан импортына салынатын баж салығын АҚШ 25 пайызға дейін көтеруі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп одақтас елдер көптен күткен сауда келісіміне қол жеткізе алмаса, Үндістан импортына салынатын баж салығын 25 пайызға дейін көтереміз деп қорқытты, деп хабарлайды Kazinform CNN арнасына сілтеме жасап. 

Үндістан импортына салынатын баж салығын АҚШ 25 пайызға дейін көтеруі мүмкін
Фото: Anadolu Ajansı

Журналистің үнділік тауарларға 20-25% тарифтер салына ма деген сұрағына Трамп: «Иә» деп жауап берді. 

– Олар 25% төлейді, - деді АҚШ президенті. 

АҚШ Сауда өкілі Джеймисон Грир дүйсенбіде CNBC-ге Үндістанмен қиын сауда келісіміне қол жеткізу үшін екі ел арасында көбірек келіссөздер жүргізу қажет екенін айтты. 

– Олар өз нарығының бір бөлігін ашуға үлкен қызығушылық танытты және біз, әрине, олармен диалогты жалғастыруға дайынбыз, - деді Грир. 

Үндістанның сауда министрі өткен аптада АҚШ-пен келісім Трамптың 1 тамызға белгіленген мерзіміне дейін жетуі мүмкін екенін жеткізді. 

Еске салайық, сейсенбіде АҚШ пен Қытай өкілдері Стокгольмдегі екі күндік келіссөздерден кейін 90 күндік сауда бітімінің мерзімін ұзарту туралы келісімге келді. Оны екі жақ та сындарлы деп атады. АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент соңғы шешімді Трамп қабылдайтынын айтты. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, АҚШ пен Қытай тарифтік келісімді тағы үш айға ұзартты. 

Соңғы жаңалықтар