Үндістан мен Пәкістан шекарасында тағы да атыс болды
АСТАНА. KAZINFORM – Атыс Үндістан мен Пәкістан арасындағы бақылау сызығында, Джамму мен Кашмир аймағында болды. Бұл туралы PTI агенттігі хабарлады, деп жазады Report.

– Сәуірдің 28-інен 29-ына қараған түнде Пәкістан әскері Үндістанның Купвара мен Барамула аудандары шекарасына қарама-қарсы аумақта бақылау сызығы арқылы себепсіз оқ атты, – делінген Үндістан армиясының мәлімдемесінде.
Оған «үндістандық әскери қызметкерлер жедел әрі тиімді жауап қатқан». Жарақат алғандар туралы ақпарат жоқ.
Джамму мен Кашмирдегі терактте 26 адам қаза тапқан оқиғадан кейін Нью-Дели мен Исламабад арасындағы шиеленістің күшеюі аясында Үндістан мен Пәкістан шекарасындағы атысты тоқтату режимі бесінші түн қатарынан бұзылды.
Бұған дейін Пәкістан әскерилері сенбіден жексенбіге қараған түні Үндістанның Джамму және Кашмир одақтық аумағындағы бақылау сызығында оқ жаудырғанын жаздық.
Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф алдағы 2-4 күн ішінде Үндістанмен соғыс басталу қаупі бар екенін мәлімдеді.