Үндістан Пәкістан тарапынан атысты тоқтату режимінің бұзылғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM —  Соңғы бірнеше сағат ішінде Үндістан Пәкістанмен арадағы атысты тоқтату туралы келісімнің бұзылған бірнеше жағдайын тіркеді, деп хабарлайды ТАСС.

Үндістан Пәкістан тарапынан атысты тоқтату режимінің бұзылғанын мәлімдеді
Фото: ТАСС

Бұл туралы Үндістан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Викрам Мисри брифингте мәлімдеді. Ол Исламабадты келісімді сақтауға шақырды. 

— Соңғы бірнеше сағат ішінде Үндістан мен Пәкістанның әскери операцияларына жауапты қолбасшылар осы кеште қол жеткізген келісімді бірнеше рет бұзу жағдайы тіркелді.

Біз Пәкістанды бұл бұзушылықтарды жою үшін тиісті шаралар қабылдауға және жағдайға байыпты әрі жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, — деп атап өтті дипломат.

Бұған дейін Нью-Дели мен Исламабад атысты тоқтату режимі жөнінде келісімге келген болатын.

 Мисридің айтуынша, жергілікті уақыт бойынша сағат 15:35–те Пәкістан қарулы күштерінің қолбасшысы Үндістан қарулы күштерінің қолбасшысына телефон шалған. Әскери келіссөздер нәтижесінде «екі тарап та құрлықта, әуеде және теңізде барлық атыс пен әскери әрекеттерді үндістандық стандартты уақыт бойынша сағат 17:00–ден бастап тоқтатуға келісті» деді Мисри.

Алайда осы келісімнен бірнеше сағат өткен соң Джамму мен Кашмирдің бірнеше қаласында, сондай-ақ Пенджаб штатында дрондар байқалып, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері іске қосылды, электр жарығы ажыратылды.

Айта кетелік Трамп Үндістан мен Пәкістан бітімге келгені туралы хабарлаған еді.

Соңғы жаңалықтар