Үндістан Пәкістаннан тауар әкелуге және транзитке тыйым салды

АСТАНА. KAZINFORM – Үндістан Пәкістанда өндірілген немесе ол арқылы транзитпен жеткізілетін тауарларды импорттауға тыйым салды, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі. 

Үндістан Пәкістаннан тауар әкелуге және транзитке тыйым салды
Фото: freepik

Үндістан үкіметінің Сыртқы сауда департаменті таратқан хабарламаға сәйкес, «Пәкістаннан шыққан немесе одан экспортталатын барлық тауардың тікелей немесе жанама импортына немесе транзитіне келесі хабарлама келгенге дейін тыйым салынады». Атап өтілгендей, «шектеу ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік саясат мүддесі үшін енгізілді».

Хабарлама 22 сәуірде Джамму мен Кашмирдегі танымал туристік қала – Пахалгамда қарулы адамдар оқ жаудырған лаңкестік әрекеттен кейін Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс күшейген тұста жасалды. Әскери киім киген адамдар автоматтармен оқ жаудырған, 25 үнді азаматы мен 1 непалдық қаза тапты. Қылмыскерлер оқиға орнынан қашып үлгерген. 

Лаңкестік әрекеттен кейін Үндістан Исламабадтағы елшілігіндегі адамдар санын екі есеге дерлік қысқартты, Пәкістан дипломатиялық миссиясының әскери кеңесшілерін персона нон грата деп жариялады және шекарадағы маңызды «Аттари» бақылау бекетін жапты. Үндістан билігі де Исламабадпен суды бөлісу туралы келісімді және Пәкістан азаматтарына виза беруді тоқтатты.

Полицияның мәліметінше, шабуыл жасады деген төрт адамның үшеуі анықталды: екеуі Пәкістан азаматы және біреуі Үндістан басқаратын Кашмир азаматы. Төртінші туралы әзірге ақпарат жоқ. Тірі қалғандардың көбі содырлардың үнділік азаматтарды арнайы нысанаға алғанын айтады.

Шабуылға жауапкершілік Пәкістандағы «Лашкар-е-Тайба» ұйымымен байланысы бар Resistance Front деп аталатын шағын топқа жүктелді. Алайда кейінірек ол өзінің шабуылға қатысы барын жоққа шығаратын мәлімдеме жасады.

Қазақстандағы Пәкістан Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Науман Башир Бхатти елордада брифинг өткізіп, Джамму мен Кашмирдегі қазіргі ахуалға пікір білдірді және өз елінің ресми ұстанымын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар