Үндістанда армия офицері әуежай қызметкерлерімен төбелесті
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістандық офицер артық жүк үшін ақы төлеуден бас тартып, әуежай қызметкерлерімен төбелесті, деп хабарлайды Times of India.
Армия офицері Сринагар әуежайында SpiceJet әуе компаниясының қызметкерлеріне айуандықпен шабуыл жасағаннан кейін үлкен шу шықты. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиғаға жүктің салмағына қатысты дау себеп болған. Офицер Ритеш Кумар Сингх рұқсат етілген салмақтан әлдеқайда ауыр жүк сөмкесін алып жүрмек болған. Әуежай қызметкерлері артық жүктің ақысын талап еткенде, ол бас тартып, тіркеу рәсімін аяқтамай, ұшаққа отырмақ болған. Қызметкерлер оны тоқтатуға тырысқанда, Сингх төрт адамға шабуыл жасады.
Салдарынан қызметкерлердің бірінің омыртқасы сынып, жақ сүйегі ауыр жарақат алған. Тағы бір жәбірленушінің бетінен тепкен, сондықтан мұрнынан және аузынан қан кеткен. Күзетшілер мен полицейлердің дөрекі жолаушыны тоқтату әрекеті сәтсіз аяқталды - полиция араласқаннан кейін де ол шабуылды жалғастырды.
Ритештің өзі SpiceJet қызметкерлерінің арандатушылық әрекетінің құрбаны болғанын айтып, полицияға арызданған. Ал әуе компаниясы оқиғаның видеосын жариялап, жолаушыны қара тізімге енгізу процесін бастады.
Үндістанның Қорғаныс министрлігінің өкілдері жағдайды мұқият зерттеп, тергеу нәтижесі бойынша шара қолданатынын айтты. Әскери қолбасшылық мәлімдемеде барлық айыптауларға байыппен қарайтынын және жоғары тәртіп стандарттарын қатаң ұстанатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, Үндістанда 14 адам мінген көлік каналға құлап кетті.