Үндістанда беті бүркенген адамдарға зергерлік дүкендерге кіруге тыйым салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Бихар штатында бетінің көп бөлігі жабылған адамдарға зергерлік дүкендерге кіруге тыйым салынғаны белгілі болды, деп хабарлайды Анадолы.

 ювелирные изделия
Фото: mg.youm7.com

India Today мәліметінше, Үндістанның жалпы зергерлер федерациясы (AIJGF) Бихардағы зергерлік дүкендерге бурка, маска немесе дулыға киіп кіретін, яғни бетінің көп бөлігін жауып тұрған адамдардың кіруін шектеді.

Бұл шара ұрлық пен тонау деректері көбейіп жатқан жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп, бүгіннен бастап бүкіл штатта қолданысқа енді.

Жаңа ереже аясында Бихардағы зергерлік дүкендердің кіреберісіне бурка, маска немесе дулығаға тыйым салатын ескерту белгілері орнатылды.

Зергерлер қауымдастығы бұл ереже жынысына қарамастан барлық адамға қолданылады және уақыт өте қайта қарастырылатынын атап өтті. Қазіргі кезде Бихардағы зергерлік дүкендерге кіру үшін бет ашық болуы міндетті.

Самастипур аймағынан шыққан депутат Шамбхави Чаудхари жаңа ережеге қатысты пікір білдіріп, бұл шараның дінге қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

— Бұл — қауіпсіздік мәселесі. Тыйым тек бурка мен хиджабқа қатысты емес, сонымен қатар дулыға мен бет жабатын басқа элементтерге де қолданылады, — деді Чаудхари.

Бұдан бұрын Үндістандағы су дағдарысы сусын өндіретін компанияларға қауіп төндіріп отырғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар