Үндістанда ғибадатхана маңындағы кептелістен 9 адам көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM – Үндістанның Андхра-Прадеш штатында бүгін, 1 қараша күні таңертеңгі сағат тоғыз кезінде Шрикакуламдағы ғибадатхана маңында болған кептелістен кемінде 9 адам мерт болды.
Арменпресс бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Діндарлар Экадаши күні (үнді күнтізбесі бойынша жарты айдан және жаңа айдан кейінгі 11-ші күн) Шрикакуламдағы Шри Венкатешвар ғибадатханасының маңына жиналды.
Хабарда ғибадатханаға 25 мыңға жуық адам жиналғаны айтылады, ал ғимарат 2 мың адамға ғана лайықталған. Соның салдарынан адамдар арасында кептеліс болған. Өңірлік билік өкілдеріне зардап шеккендерге көмек көрсету тапсырылған. 18 адамның зардап шеккені туралы хабар бар. Оқиғаның мән-жайын тексеріліп, тергелетін болады.
Осыған дейін Үндістанда көшкін салдарынан 24 адам қаза тапқаны туралы жаздық.