Үндістанда Google Maps көлікті аяқталмаған көпірге бағыттап, үш адам қаза тапты
АСТАНА.KAZINFORM - Үндістанда Уттар-Падеш штатындағы Барели ауданында Google Maps қолданбасы көлікті қателесіп салынып жатқан көпірге бағыттап, көлік өзенге құлап, салдарынан үш адам қаза тапты, деп жазады India Today.

Оқиға сенбі күні болған. Зардап шеккендер үйлену тойына қатысу үшін Гургаоннан Барелиге бара жатқан және навигация үшін Google Maps қолданбасына жүгінген. Ақырында GPS оларды аяқталмаған көпірге апарған.
Көлік көпірден өтіп кетіп, Рамганга өзеніне шамамен 15 метр биіктіктен құлаған.
Жергілікті тұрғындар қираған көлікті қаза тапқан жолаушыларымен қоса келесі күні таңертең тапты. Олар полицияға хабарлаған.
- Бүгін таңғы сағат 9:30-да Рамганга өзенінен бүлінген көлік табылды. Полицияға хабарланды. Полиция қызметкерлері келген кезде Wagon R көлігін көрді. Көлік құрылысы аяқталмаған көпірге шығып, өзенге құлаған, - деп хабарлады полиция.
Қаза болғандардың туыстары құрылысы бітпеген көпірге неге қоршаулар орнатылмағанын сұрап, оқиғаға жауапты шенеуніктерді кінәлады.
Айта кетейік, қарашаның ортасында Үндістанның солтүстігінде ауруханадан өрт шығып, 10 сәбидің өмірін қиған болатын.