Үндістанда қоқыс тапсырсаң тамақ береді: 1 кг пластикке – толық түскі ас ішесің
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Амбикапур қаласында Garbage Cafe атты дәмханалар желісі келушілерге түскі асты 1 келі пластик қоқысқа айырбастап береді, деп жазды Kazinform тілшісі Good-ке сілтеме жасап.

Орталық Үндістанда орналасқан Чхаттисгарх штатындағы Амбикапур қаласы бүгінде өзін «қоқыс алаңы жоқ қала» ретінде танытқан. Бұл жетістікке, бір жағынан, 50 мыңнан астам әйелдің жергілікті кәсіпорындарда еңбек етуі ықпал еткен. Осылайша, қала аумағында полигон немесе қоқыс төгетін арнайы орын салудың қажеттілігі жойылған.
Garbage Cafe желісінің басшысы Винод Пательдің айтуынша, олардың дәмханаларында күн сайын 20 адам тамақтанады, бұл — шамамен 20 келі пластик қалдық жиналады деген сөз.
— Егер пластиктің орнына тамақ берілетін болса, біз тек аш қарындарды ғана тойдырмай, қоршаған ортаны тазартуға да үлес қосамыз, — деді Патель.
Осындай бастамалар Үндістанның басқа қалаларында да жүзеге асып жатыр. Ал бұл идеяны Камбоджа да қабылдап, қолдана бастаған.
Бұған дейін біз Италияда көліктен қоқыс тастағаны үшін айыппұлдар күшейтілетінін жазған едік.