Алматыда ірі орман тәлімбағы салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімдігі мегаполисте алғашқы ірі орман тәлімбағын ашуды көздеп отырғанын хабарлады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір Алматыда жергілікті климатқа бейімделген ағаш пен бұта көшеттерін өсіретін арнайы алаң жоқ. Бұл көгалдандыру жүйесінің дамуын тежеп, апатты және қураған ағаштарды алмастыруды, сондай-ақ кесілген ағаштың орнына тал егу жұмыстарын қиындатады. Сондықтан тәлімбақ көгалдандыру жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік береді.
– Өз тәлімбағы болмаған қала әрдайым сырттан тасымалданатын көшеттерге тәуелді. Бұл отырғызылатын материалдың сапасы көңілден шықпауына немесе шығынның көп болуына әкеледі, – дейді қаланың Экология және қоршаған орта басқармасының мамандары.
Жүргізілген зерттеу нәтижесінде қалада питомникке лайық орын анықталды. Аумағы 150 гектар болатын жер бедері тегіс, топырағы құнарлы, климаты қолайлы жер телімі таңдалды.
– Экологтер мен урбанистер қаланың қарқынды өсуі мен климаттың өзгеруі жағдайында мұндай қадамдардың аса маңызды екенін айтады. Шаһар жай ғана ағаш отырғызумен шектелмей, енді оларды өзі өсіре бастайды, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыға биіктігі 6 метрден асатын ірі көшеттер отырғызылатынын жазғанбыз.