СІМ: Үндістанда бірнеше айдан бері ұсталған қазақстандық теңізші елге оралады
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістан жағалауында ұсталған Unity танкерінің экипажындағы Қазақстан азаматы кемеден түседі. Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
— Үндістанның Парадип портында ұсталған MT UNITY кемесінің экипажындағы қазақстандық теңізші жақын уақытта кемеден түсіп, қонақүйге орналастырылады деп күтілуде. Осыдан кейін ол Үндістан аумағынан кетеді, — деп хабарлады СІМ.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қазақстандық дипломаттар отандасымызға консулдық қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр.
— Жағдай Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бақылауында, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Үндістанда ұсталған Unity танкерінің алғашқы экипаж мүшелері елдеріне қайтарыла бастағаны хабарланған болатын.
Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, Unity танкері 11 мамырдан бері Үндістанның Парадип порты маңындағы зәкір тұрағында қамауда тұр. Кеме Камерун туымен жүзеді.
Теңізшілердің туыстарының айтуынша, танкердің иесі — Bluetide Charters FZE компаниясы. Олардың мәліметінше, кеме ұзақ уақыт бойы тұрақта тұрған кезде экипаж азық-түлік пен ауызсу тапшылығына тап болған. Сонымен қатар байланыс үзіліп, техникалық ақаулар туындаған.
6 қазанда Орисса штатының Жоғарғы соты Үндістан билігін Unity кемесінің экипажын отанына қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдауға міндеттеді.
Кемеде Ресейдің 20 азаматы, сондай-ақ Мысыр мен Қазақстан азаматтары болған. Сот Үндістанның сауда кеме қатынасы туралы заңына сүйене отырып, кеме иесі экипажды қажетті көмексіз қалдырғанын мойындады. Үндістан тарапына теңізшілерді кемеден түсіруді, елдеріне қайтаруды және экипажды ауыстыруды қысқа мерзімде ұйымдастыру тапсырылды.
17 қыркүйекте ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматы болған танкердің ұсталғанын растады. Сондай-ақ жағдайды реттеуге жәрдемдесу туралы өтінішпен Үндістан тарапына дипломатиялық нота жолданғанын хабарлады.
Бір айдан кейін, 17 қазанда, бортында қазақстандық теңізші бар қамаудағы танкерді сату жоспарланып отырғаны туралы ақпарат тарады.