Үндістанда үзілген ғұмыр: Оралхан Бөкейдің денесі елге қалай жеткізілді
Жазушы-драматург, журналист, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Н. Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты Оралхан Бөкей тірі болса, бүгін сексеннің сеңгіріне шығар еді. «Алтайдың кербұғысы» атанған қаламгердің мерейтойына орай, Өскеменге арнайы келген белгілі жазушылар Әлібек Асқар, Нұртөре Жүсіп және Асқар Алтай жылы естеліктерімен бөлісті. ҚазАқпарат тілшісі сол әсерлі әңгімелерді жазып алды.

Журналистика мен көркем әдебиетті байланыстырып жазған алғашқы қаламгер - Әлібек Асқар
- Қазіргі уақытта елімізде ең көп оқылатын жазушы – Оралхан. Ол журналистика мен көркем әдебиетті байланыстырып жазған алғашқы қаламгер. Әуелі бұған кейбіреулер қарсы да болды. Бірақ өзіңіз зер салсаңыз, әлемге әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэйдың қай шығармасын алсаңыз да ішінде журналистиканың ізі байқалады. Оралхан жазуды бастағанда бәрі Оралханша жазғысы келді. Бірақ оған еліктеу, оған ұқсау мүмкін емес. Себебі, Оралханның стилі тым ерек.
Осы орайда, параллелизм ретінде Шыңғыс Айтматов жайлы сөз қозғайын деп отырмын. Ол 34 жасында бес повесі үшін Ленин атындағы сыйлықты алған. Бұған дейін ештеңе алмай, бірден осындай жоғары марапатқа ие болды. Сол кезде ақын Николай Тихонов «Мына жас жігіт қалған ғұмырында осындай ауыр салмақты иығында көтеріп жүре ала ма?» деген сұрақ қойғаны есімде. Сол бір уақытта Ленин сыйлығының дәрежесі қазіргі Нобель сыйлығымен бірдей. Шыңғыс шынында да бұл салмақты көтеріп өтті. Одан да мықты туындылар жазды. Сөйтіп үш рет мемлекеттік сыйлықты алды.
Ал Оралханның «Қайдасың, қасқа құлыным» повесі тұнған романтика еді ғой. Қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелді. Одан кейін «Ауыл хикаялары» деп Бейімбетше жазды. Нағыз ауылдың колориті. Содан нақты кім екені есімде жоқ, әдеби ортадағы біреу «Ой, Оралхан сияқты Катонқарағайдай әдемі жерде, табиғаттың ортасында туып-өссек, біз де солай жазар едік» дегені бар-тын. Оралхан болса мен көрсетейін сендерге дегендей, құм туралы «Құм мінезі» повесін жазып шықты. Туындыларының бәрі өсу. Дәл Шыңғыс секілді. Басқасын айтпай-ақ қояйық, өмірден өтерінде жазып кеткен соңғы шығармасы – «Атау кереде» ол мүлде басқа биікке көтерілді.

Оралхан о дүниеге аттанған 1993 жылы мен Президент әкімшілігінде қызметте едім. Ол маған: «Биыл жазда менің 50 жылдығымды атап өтеміз. Соның жоспарын өзің жаса. Мен Түркияға барып келейін», - деді. Сөйтсем, Түркияға дайындалып жүрген Орекең Үндістанға кетіп қалыпты. Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлынан сұрасам: «Үндістанға бізден делегация аттанатыны жайлы Оралханға айтып қалып едім, елең ете түсті. Одан да мен сол жаққа барайын, Түркияны көріп жүрміз ғой» деп құлшыныс білдірді. Қарсы болмадым», - деді. Оның ғұмыры Үндістанда үзіледі деп кім ойлаған?!
Кей арада «Өлген адамдар өзінің шығармашылық әлеуетін толықтай тауысып барып кетеді» деген пікір айтылып жатады. Бұл – сандырақ! Оралхан тірі болса, әлі талай тың дүние тудырар еді. Ажал аяқ астынан келеді. Мұны біз Пушкиннен, Лермонтовтан жақсы білеміз. Енді кей қаламгерлер алғашқы жазғанымен жарқ ете қалады да, қалған туындылары төмен кетеді. Басқа біреулері бір деңгейде қалып отырады. Ал Шыңғыс пен Оралханда тек өсу болды!
«Енді сен Алпысбаев емес, Асқар Алтай боласың» деді – Асқар Алтай
- Менің тегім – Алпысбаев. Әуелде мақала мен әңгімелерімнің соңына Асқар Алпысбаев деп жазып жүрдім. «Ағажай, Алтайдай жер қайда» деген мақаламды Ораға «Қазақ әдебиеті» газетінің қос бетіне тұтас жариялады.
Ол кісі жұмысқа таңертең ылғи ертерек келетін. Бір қабатта отыратынбыз. Біздің кабинеттің есігі ашық тұрады. Дәлізде келе жатқан Ораға есік алдынан өтіп бара жатып тоқтап қалды. Орнымнан атып тұрып амандастым. «Асқаржан, бері жүрші», - деді. Сосын: «Сенің мына мақалаңды бір емес, екі қайтара оқып шықтым. Ғажап мақала! Бергідегі қазақтың тарихын білеміз ғой, ал сен арғы жақтағы қазақтың (Қытайдағы – авт.) тағдырын осыншама қайдан білесің?» - деп сұрады. «Әкем сол жақта қызмет еткен. Өзім осында тусам да ондағы жағдай туралы естіп өстім, көп іздендім. Білгеніммен шамам келгенше жазып шығуға тырыстым», - деп жауап бердім. Ораға маған: «Енді сен Алпысбаев емес, Асқар Алтай боласың», - деді. Міне, содан бері Асқар Алтаймын.
Менің ойымша, Оралхан Бөкей тірі болса «Атау кереден» кейін керемет тарихи дүние тудырар еді. Соңғы шығармасы соның кіріспесі секілді.

Ұзақ келіссөздерден кейін денесін Алматыға алып келдік - Нұртөре Жүсіп
- Оралхан 49 жасында Үндістан жерінде аяқ астынан инфаркт алып қалып, қайтыс болды. Сол сапарға өзім де барған едім. Ораға екі ел арасындағы достық көпірін орнату үшін жолға шыққан бұл делегацияның басшысы еді. Біздер бірге жүргендердің ішінде журналист, «Ғажайып Үндістан» журналын шығарған Алпысбай Шымырбай, «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Еркін Қыдыр, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Татьяна Костина және КазТАГ тілшісі Татьяна Жоргенко болды.
Әуелі Алматыдан Шымкентке ұштық. Онда бір күн аялдап, көлікпен Ташкентке бардық. Ол жерде де бір күн қондық. Бір келеңсіз жайт болды. Рубль құнсызданып тұрған кез. Бізге «қонақ үй ақысын доллармен төлеңдер» деді. Бұл уақытта доллармен есеп айырысу деген жоқ қой. Ақшамызды дәлме-дәл есептеп шыққан біздер мұндайды күтпедік. Ораға болса «Доллар түгіл дым да бермейміз» деп біраз қызбаланып қалды. Сосын әйтеуір келісімге келдік.
Үндістанда бізді жоғары деңгейде күтіп алды. Қайда барсақ та полицейлер қасымызда қорғап-қоршап жүрді. Бір елдің делагациясын бастап келгеннен кейін Оралхан Бөкей өзін нағыз патриот ретінде ұстап, кездесулерде келелі ойлар айтты. Үндістан кедейі көп ел ғой. Миллиардтаған адамның тұрмысы төмен, жағдайы нашар. Үйі жоқ халық бала-шағасымен саябақтағы сиырдың қасында ұйықтап жатады. Бұл Қазақстан үшін де қиын күндер еді. Тәуелсіздікті енді ғана алып, нарықтық экономика қалыптаса бастаған кез. Көшелерді аралап жүргенде Ораға «Қазақтың жағдайы үндістермен салыстырғанда патша баласының жағдайындай екен» деп қалды.
Жолсапарда кейбір мәселелерді өзіне түртіп: «Ауылдар құлдыраған сайын, жергілікті халықтың, ең алдымен қазақтың жағдайы нашарлайды. Қазақтың есебінен басқаның жақсы тұруына жол беруге болмайды. Мен мұны елге келгенде премьер-министр Сергей Терещенкоға жеке айтамын», - деді. Ал бірде: «Мен туралы естеліктерді сендер жазасыңдар», - деп бізге қарата айтып қалғаны бар. Ол кезде өмірден осылай өтіп кетеді деп еш ойламаған едік.

Орағаның денесін Қазақстанға алып кетпек болғанымызда ол жақтағылар келіспей, «Үндістанда жерлейміз» деді. Біз болсақ: «Олай болмайды. Бұл – Қазақстаннан келген делегация басшысы, классик жазушымыз. Денесін осында қалдырып, қалай кете береміз? Онда біз де қайтпаймыз!» - деп отырып алдық. Қазіргідей елшілік деген жоқ. Содан елдегі атқамінерлерге хабарласып, жағдайды түсіндіріп айттық. Ұзақ келіссөздерден кейін әйтеуір түбінде Оралханның денесін Алматыға алып келдік...