Үндістандағы су дағдарысы сусын өндіретін компанияларға қауіп төндіріп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның солтүстік-батысындағы Раджастхан штатында әлемдегі ең ірі сусын өндіруші компаниялардың бірқатары сарқылып бара жатқан су қорын қамтамасыз ету және оны басқару мәселесіне тап болды. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ хабарлады.

Үндістандағы су дағдарысы сусын өндіретін компанияларға қауіп төндіріп отыр
Фото: Азертадж

Олар қатаң үкіметтік талаптарды сақтай отырып, жергілікті тұрғындардың наразылығын да ескеруге мәжбүр. Себебі кей елді мекендерде халық құбыр арқылы суды аптасына бір-ақ рет алады.

Агенттіктің хабарлауынша, Раджастхан аумағының шамамен үштен екі бөлігін Тар шөлі алып жатыр.

Сонымен қатар бұл штатта жерасты суын өндіру көлемі Үндістандағы ең жоғары деңгейлердің бірі саналады. Бұл жағдай 85 миллион халықтың, қарқынды дамып жатқан туризм саласының, өнеркәсіптің және ірі ауыл шаруашылығы секторының қажеттіліктері арасында тепе-теңдік сақтауға тырысқан штат экономикасына қосымша салмақ түсіреді.

Әлемдегі ең халқы көп ел – Үндістанның заңдары штаттар арасында алкоголь өнімдерін арнайы рұқсатсыз тасымалдауға тыйым салады. Соның салдарынан компаниялар су тапшылығына қарамастан, өнімін сатқысы келген әрбір штатта жеке өндіріс ашуға мәжбүр.

Heineken компаниясының жаһандық тұрақты даму жөніндегі аға директоры Сони Тиммианың айтуынша, Үндістанда су тапшылығы барған сайын күрделі мәселеге айналып келеді. Оның сөзінше, бірнеше жыл бұрын елдің кейбір қалаларында суға деген сұраныс ұсыныстан асып түсуге шақ қалған.

Сусын өндіруші компаниялардың қиындықтары Үндістандағы ауқымды су дағдарысының бір көрінісі ғана. Әлем халқының 17 пайызы тұратын бұл елде тұщы су қорының небәрі 4 пайызы ғана шоғырланған. Сондықтан Үндістан шектеулі су ресурстарына түсетін салмақты азайту жолдарын күшейте түсуі қажет.

Бұдан бұрын Үндістанның Амбикапур қаласында Garbage Cafe атты дәмханалар желісі келушілерге түскі асты 1 келі пластик қоқысқа айырбастап беретінін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар