United Cup: Қазақстан - Польша матчында Тимофей Скатов таразы басын теңестірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Аустралияның Брисбен қаласында United Cup командалық турнирі аясында Қазақстан - Польша матчы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Кортқа бірінші болып әлемнің 1-ракеткасы Ига Швентек пен дүниежүзілік рейтингіде 51-орында тұрған Юлия Путинцева шықты.

Бұл ойында И. Швентек 6:1, 6:3 есебімен басым түсті. Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған кездесу барысында ол 1 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.

Содан кейін әлемнің 142-ракеткасы Тимофей Скатов пен рейтингіде 260-сатыдағы Даниэль Михальски шеберлік байқасты. 2 сағат 10 минутқа созылған тартысты бәсекеде Т. Скатов 7:6 (9:7), 6:2 есебімен жеңіске жетті. Тимофей 3 эйспен бірге 10 брейктің екеуін өз есебіне жазды.

Осылайша, Қазақстан - Польша матчында есеп теңесті – 1:1.


Екі ел теннисшілерінің арасындағы бәсеке ертең жалғасады. Александр Бублик Хуберт Гуркачпен (10 АТР), Жібек Құламбаева Магда Линетпен (48 WTA) сынға түседі. Топтық бәсекенің соңғы ойынында А. Бублик пен Ж. Құламбаева И. Швентек - Х.Гуркачпен кездеседі.

Биыл алғаш рет ұйымдастырылған United Cup командалық жарысында Қазақстан Швейцариямен бірінші матчта еш қайран қыла алмай, 0:5 есебімен жеңіліп қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан теннис құрамасының United Cup командалық турниріне қатысып жатқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, қазақстандық теннисші ATP Challenger маусымы бойынша ерекше марапатқа ие болды.

Фото : Қазақстан теннис федерациясы






Соңғы жаңалықтар